Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – персонал мен халықтың сәулелену деңгейлерін төмендетуге бағытталған ұйымдастыру, технологиялық, техникалық, санитариялық-эпидемиологиялық және медициналық-профилактикалық іс-шаралар кешенін жүзеге асыру.
Персоналдың, халықтың және қоршаған ортаның радиациялық қауіпсіздігі «Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 23 сәуірдегі Заңымен, Гигиеналық нормативтермен және Қазақстан Респуликасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №ҚР ДСМ -275/2020 бұйрығымен бекітілген «Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларымен белгіленген талаптары сақталған болса, қамтамасыз етілді деп саналады. Радиоизотоптарды немесе басқа да иондаушы сәулелену көздерiн пайдалану арқылы медициналық процедуралар жүргiзу кезiнде азаматтардың радиациялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшін келесі талаптар орындалуы қажет:
- медициналық процедуралар жүргiзiлген кезде азаматтарды (пациенттердi) қорғаудың тиiстi құралдары пайдаланылады, пациенттiң сәуле алу дозасы белгiленген деңгейден аспауға тиiс;
- медициналық процедуралар жүргiзiлген кезде пациентке алынатын және (немесе) алған сәуле дозалары туралы және оның әсерiнiң ықтимал зардаптары туралы толық ақпарат берiледi;
- азаматтың (пациенттiң), эпидемиологиялық тұрғыдан қауiптi ауруларды анықтау мақсатында жүргiзiлетiн профилактикалық зерттеулердi қоспағанда, осындай медициналық процедуралардан бас тартуға құқығы бар;
- процедуралар жүргiзген медициналық ұйым, егер осындай себептiк байланыс сот тәртiбiмен дәлелденсе, пациент денсаулығына немесе өмiрiне келтiрiлетiн ықтимал терiс әсер үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады;
- осындай медициналық процедуралар жүргізетін медициналық ұйым радиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында медициналық қызметтер сапасын қамтамасыз ету бағдарламасын әзiрлеп, оны атом энергиясын пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органда бекiтедi;
- иондаушы сәулелену көздерi пайдаланылатын медициналық қызметке қойылатын бiлiктiлiк талаптарында жұмысқа жiберiлген мамандардың бiлiктiлiгiне, оларды аттестаттау және қайта аттестаттау тәртiбiне талаптар қойылады, даярлау және қайта даярлау бағдарламасы белгiленедi;
- ауруларға диагноз қою, олардың алдын алу және емдеу үшiн радиоактивтiк заттарды және басқа иондаушы сәулелену көздерiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен, пациенттердiң радиациялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi талаптарды қамтитын әдiстерге (әдiстемелерге) сәйкес қана пайдалануға рұқсат етiледi;
- радиофармацевттік құралдарды диагностика және терапия мақсатында жүкті әйелдерге енгізуге жол берілмейді.
Ә. Төлебаев, Шымкент қ. СЭБД басшысы