Шымкент

Шаруаларды қолдау қажет


Істің көзін тапқан жандар Шымкентте аз емес. Солардың бірі — Шербек Қоюпов. Ол «Асар» шағынауданында тұрады. Осыдан он үш жыл бұрын Өзбекстаннан көшіп келген қандасымыз мемлекеттік бағдарлама арқылы үйлі болған. «Асарда» салынған баспаналардың ерекшелігі сол, әр үйдің ауласында жылыжай бар. Әр отбасы сол жылыжайда көкөніс өсіріп, кәсібінің нәсібін көруге тиісті. Шербек мырза да солай етті. Десе де былтырдан бері ол биогумус өндіруге көңіл бөліп жүр. Минералды тыңайтқыштың көзі саналатын бұл кәсіп жылыжайындағы қияр мен қызанақ, басқа да бау-бақшасына сеп болып тұр. Тыңайтқыш себілген бау-бақша мол өнім береді. Мол өнім табыстың көзін молайтады. Шербек аға өсірген алманы сатып алушылар көп. Қолынан іс келетін кәсіп иесі қарап отырмай көлік те жөндейді. Темір тұлпарының «ыңқыл-сыңқылын» көрсетуге оны іздеп келетіндер көбейген. Осылайша еңбектенуден қашпайтын азаматтың үш сотық жердегі жылыжайынан жыл сайын 4-5 тоннадан аса өнім алатыны көпке үлгі.

– Алған өнімім жылыжай шығындарын да, ипотекалық баспананың да қарызын өтейді, ұл-қыздарымды осы табысыма оқытып, бәрін де аяқтандырып, үйлі еттім, — дейді Шербек Қоюпов.

Шербек ағадай қай істің болсын көзін табатындар көп-ақ. Десе де көбіне мемлекет тарапынан қолдау жетпей жатады. Егер, оларды мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдап отырса, шағын кәсіпкерлікті дамытып қана қоймай, ішкі нарықта отандық экологиялық жағынан таза өнім көлемі арта түсері даусыз. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жуырда халыққа арнаған Жолдауында да ерекше тоқталып, атап өтті. «Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді» деген Президент ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды екенін «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қосалқы шаруашылық иелеріне қолдау көрсету тоқтамауын да атап өтті.

Осыны негізге алған Шымкент қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария қызметі басқармасы Шербек мырза сынды шаруаларды қолдауда мемлекеттік түрлі бағдарламалардың тиімділігін айтып түсіндіріп, жөн сілтеп, жол көрсетуде.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *