Күзгі жауын-шашынды күндер мен қыстың қарлы борандарында коммуналдық шаруашылыққа қатысты бірқатар проблема бас көтеретіні жасырын емес. Тозығы жеткен коммуникациялық жүйелердің тұрғындардың жүйкесіне тиетін шағы да осы кез. Осындай олқылықтар орын алмас үшін Шымкент билігі коммуналдық шаруашылықтың талай шаруасын осы жазда тындырып тастауға жең түре кіріскен. Оның үстіне былтырғы қыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аймақтағы әкімдерге «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы мәселелерді дер кезінде шешу қажет. Негізі, бұл – ауыл мен қаланың ауқымында шешіле беретін тұрмыстық мәселе. Бірақ біз оны Үкіметтің деңгейінде қарауға мәжбүрміз. Өйткені осы саладағы төтенше оқиғалар тым көп болып кетті» деп ескерту жасап, нақты тапсырмалар бергені де есте.
Кәріз жүйесі тартылуда
Қазір Шымкентте Мирас, Шапағат-2 шағын аудандарында кәріз жүйелерін тарту жұмыстары жүруде. Аталған шағын аудан тұрғындары үшін канализациялық желілерді жүргізу бойынша жобалау-сметалық құжаттаманың мақсаты таныстырылып, жобаға 2020 жылы сараптамалық қорытынды алынған. Мердігер мекеме 2021-2023 жылдарға құрылыс жұмыстарына бөлінген бюджет қаражаты есебінен кәріз желілерін тартуда.
Биыл Тассай, Тұран (ішкі жүйесі), Қайтпас-2, 112- орам, Бозарық шағынаудандарында кәріз құбырын тарту құрылысы аяқталып, 60 мыңға жуық абонент орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Осылайша қалада кәрізбен қамту көрсеткіші 60 пайыздан 65 пайызға артады деген жоспар бар. Мысалы, «Мирас – Шапағат-2» нысанында жоспар бойынша жалпы ұзындығы 50,4 шақырым құбыр жүргізіледі. Мұнда қазір жалпы жұмыстың 69 пайызы аяқталған. 30 адам, 7 арнайы техника жұмылдырылған нысанның құрылыс жұмыстары толығымен 2024 жылы аяқталады. Нәтижесінде біртіндеп Забадам, Елтай, Жыланбұзған, Айнатас, Бадам 1-2, Шаңырақ, Айқап, Тұран, Нұртас шағынаудандары мен Төлеметов көшесінде (коллектор) кәріз жүйелерінің құрылыс жұмыстары келесі жылы жүзеге асатын болады.
Үйлер жөнделеді
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесіне де үлкен мән беру керектігін міндеттеп отыр. «Ғимараттардың сыртқы көрінісі және ішкі инфрақұрылымының қызметі азаматтардың көңілінен шықпайды, елімізді шетелдіктердің алдында ыңғайсыз жағдайға қалдырады» деген Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын орындау жолында да Шымкент қаласында айтарлық игі шаралар атқарылуда. Соның бірі жақында қолға алынған жоба – көпқабатты 15 тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстары қайтарымды қаржы негізінде жүргізілетін болады. Аталған жөндеу жұмыстары қаржылық- экономикалық негіздеменің қорытындысына сәйкес жергілікті бюджеттен қаржы қаралған соң басталмақ.
Көппәтерлі тұрғын үйлердің толықтай шатыры ауыстырылып, жертөлесі, кіреберіс, кәріз құбырлары жаңартылады. Сала мамандарының айтуынша бұл орайда Әл-Фараби алаңында, Республика даңғылы, Асқаров, Дулати, Жангелдина, Ильяев көшелерінде және Отырар, Спорттық және Шығыс шағын аудандарында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлер жөнделеді. Қайтарымды қаржы негізінде жүргізілетін жөндеу жұмыстары аталған тұрғын үй тұрғындарының 70 пайыз келісімі бойынша жүзеге асады. Сонымен қатар меншік иелері жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемені өздері таңдау арқылы ұсынады. Жөндеу жұмыстарын қадағалауды «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-і жүзеге асырады екен.
Бұдан бөлек,10-нан аса тұрғын үйге техникалық зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Егер тиісті мақұлдау шаралары қабылданған жағдайда, тағы да бірқатар көппәтерлі тұрғын үй жөндеуден өтуі мүмкін. Былтыр Шымкент қаласында көпқабатты 60 тұрғын үйге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгендігін айта кету қажет.
Жаңадан лифт орнатылады
Биыл Шымкентте көпқабатты 9 тұрғын үйдегі 13 жеделсаты ауыстырылып, жаңасы қойылатын болды. Бұл жұмыстар да қайтарымды қаржы негізінде жүзеге аспақ. Мамандар қазіргі таңда бұл бойынша қаржылық-экономикалық негіздеме қорытындысын күтіп отыр. Аталған негіздемеге сәйкес, қаржы қаралған соң жеткізуші мердігер мекемемен келісім шарт түзіліп, орнатылу жұмыстары жүргізіледі екен. Жеткізуші мердігер мекемемен орнатылатын жедел сатыларға келісім шарт бойынша 2 жылға кепілдік беріледі.
Аталмыш тұрғын үйлердегі ескіріп, істен шыққан жеделсатылар түкке де жарамайды. Техникалық сараптама жүргізген мамандар жеделсатының бұл (модельін) түрлерін шығаратын өндіріс орны 25 жыл бұрын жабылып қалғанын айтты. Қосалқы бөлшектерін алдыртып, қайта жөндеуге келмейді деген сөз. Сондықтан тозған және істен шыққан жеделсатыларды түбегейлі жаңасына ауыстырмаса жөндеуге келмейді. Ескі лифттер тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіпті. Сараптама жасаған комиссия мүшелері осындай қорытындыға келіп отыр. Көппәтерлі тұрғын үйлердің жедел сатысын ауыстыру үшін жергілікті бюджеттен 163 млн. 500 мың теңге қаржы қаралу жоспарлануда.
Көшелер асфальтталады
Мемлекет басшысының «Естуші Үкімет» жобасын жүзеге асыруда жұмысы нәтижелі болып отырған Шымкент қалалық әкімдігіне тұрғындардан келіп түскен әрбір талап-арыз жіті сараланады. Тексерудің қорытындысы бойынша тұрғындардың талабы орынды болса оны орындауға сала мамандарын жұмылдыру жұмыстары өз нәтижесін беріп жүр. Сондай өтініш, талап-арыздардың бірі Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты Ынтымақ-2 шағын ауданы тұрғындарынан жиілегені рас. 11 мыңнан аса тұрғыны бар елдімекенде газ, көшесінде асфальт жоқ. Интернеттің де жыры жылдар бойы қинап келеді. Мұнда 67 көше және 2800 жеке секторлы үй бар. 1 мектеп, 3 балабақша жұмыс істейді. 5 ойын алаңшасы салынған. Аталған 67 көшенің 7-і асфальтталса, 54-іне шағал тас, ал алтауына топырақ төселген. Сондықтан бекітілген жоспарға сай келесі жылы шағын ауданда 12 көшеге, атап айтқанда, Қайыңды, Дарабоз, Таңнұры, Имантау, Іле, Орда (Батыс), Жаңақоғам (Батыс), Сазсырнай (Батыс), Жоласар (Батыс), Сарқан (Батыс), Сарыжаз, Голд алюминий көшелері жөнелетін болып шешілді. «Ал, талшықты интернет желісі 2024 жылы тартылады» дейді қала әкімдігіндегі жауапты мамандар. Сонымен қатар спорт алаңшаларын салу мақсатында шағын аудан аумағынан бүгінде жер телімі қарастырылып жатыр екен.
Айта кетейік, елдімекен 100 пайыз электр жарығы және ауыз сумен қамтылған. Табиғи газ мәселесіне келетін болсақ, қазір Ынтымақ-2-ге газ құбырын тарту үшін жоба құны 2,8 миллиард теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Мұндағы құрылыс жұмыстары бұйыртса биыл басталып, келесі жылы аяқталуы тиіс.
Баспанасыздар саны азаяды
Орайы келгенде айта кету керек, соңғы бес жылда Шымкентте тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Мегаполиске бұл салада ауқымды инвестиция салған алпауыт құрылыс компаниялары аз емес. Құрылыс нарығында өзіндік орны бар «BI Group», «Otau», «Capital invest construction», «OKS –Shymcity», «Kanfar Bulding» компаниялары мегаполистің сәулеттік келбетін айшықтайтын заманауи, зәулім тұрғын үйлер салуда.
Десе де олардың сапасына қала әкімдігі тарапынан үлкен мән беріледі. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов өткен аптада құрылыс аумақтарында болып, бизнес және эконом класты тұрғын үйлерді аралады. Алдымен «БазисА» компаниясы салып жатқан Әкімшілік-іскерлік орталығындағы «Шахристан» тұрғын үй кешенінің құрылысын тексерді. Мұнда қазір арнайы бригадалар сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізуде екен. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптылармен бірге «Отау Строй» ЖШС-нің Тұран шағынауданындағы 20 585 шаршы метрді құрайтын «City Otau» тұрғын үй кешеніне де барды. 5 блоктан тұратын тұрғын үйлердің құрылысы толық аяқталып, қазір қабылдануда.
Сондай-ақ, қала әкімі ШымСити шағынауданында орналасқан 33 936 шаршы метрді құрайтын «Капитал Сити» тұрғын үй кешені, «BI Group» ЖШС-нің Төлеметов көшесі бойында орналасқан «Гранд парк К1» тұрғын үй кешенінің, 17 шағынауданындағы «Канфар» ЖШС салып жатқан «Бірлік» тұрғын үй кешені аумақтарында болып, атқарылған жұмыстарды қадағалады.
Қазір аталған аумақтарда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Барлық тұрғын үйлер жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады.
Жалпы, биыл Шымкент қаласында 1 млн 73 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарлануда. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 2 млн шаршы метрге дейін жеткізу көзделіп отыр.
Қаладағы тұрғын үй құрылысының барысымен танысқан шаһар басшысы жауаптыларға ең алдымен жұмыстардың сапалы, өндірістік кестеге сай орындалуын назарға алуды тапсырды. Сондай-ақ, қаланың сәулеттік кескін-келбетін айқындайтын ауқымды жобалар ұсынатын инвесторлар тартуда, бизнес өкілдерімен қолайлы жағдайда әріптестік орнатуда нақты тапсырмалар жүктеді.
Тұрғын үй дегеннен шығады, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға мемлекеттен тұрғын үй көмегі қарастырылған. Биыл Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй көмегіне 33 млн. теңге қаржы 450 отбасыға төлеу жоспарланған. Жыл басынан бері сол қаржыдан 208 отбасыға тұрғын үй көмегі тағайындалды. Көмек түрін алудың өзіндік шарттары барын айта кету орынды. Тұрғын үй көмегіне үміткер меншік иесі болуы керек және меншігінде бір үйден (пәтер) артық баспана болмауы қажет. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін өтініш тиісті құжаттармен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы немесе «e-gov» порталы арқылы қабылданады. Оған өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаты, жұмыс орнынан жұмысқа орналасқаны бойынша бұйрық немесе жұмыссыз адам ретінде тіркелуі туралы анықтама, балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтер талап етіледі. Коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған түбіртектері де сұралады.
Ж.Ержан