Әлеумет

Халыққа ең қажеттісі — су, газ, жол, жарық


Тұрғындардың жайлы ортада өмір сүруі үшін жергілікті биліктің қолайлы жағдай туғызуы керектігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түрлі деңгейдегі жиындарда ұдайы айтып жүр. Халыққа арнаған өз Жолдауында да инфрақұрылымға инвестиция салуды қамтамасыз етуге көңіл бөлуді нақтылағаны белгілі.

Бұл орайда «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауға тиіс» дей келе, бюджеттен бөлінетін қаржыға тұрғындар тарапынан түскен талап-өтініштерге сай коммуналдық мәселелерді шешуге жұмсауды ұсынды.

Сондай өтініштердің бірі Шымкент қаласындағы Асар-2 шағын ауданы тұрғындары тарапынан жиі айтылып жүрген жол құрылысы болатын. Мегаполистің 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес ішкі орам көшелерді жөндеуден өткізуге бүгінде айрықша басымдық берілуде. Шағынаудандар мен тұрғын алаптар инфрақұрылыммен қамтылып, өз кезегінде жұмыстар жүйелі атқарылуы керектігі қала әкімі М.Әйтеновтың бақылауына алынған мәселе.

Қазір Асар-2 шағын ауданы аумағындағы Күншоғыр көшесі орташа жөндеуден өтуде. Жалпы бұл шағын ауданның 4 көшесіне 2 қабат асфальт төселеді. Көшелердің жалпы ұзындығы — 1,2 шақырымды, ені 5 метрді қамтыса, жаяу жүргіншілерге арналған жолдың ені – 1,5 метрге жеткізу көзделуде екен. Мамандар ілкімді істің нәтижесі тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастырады деп отыр. Бұған дейін де газетімізде атап өткеніміздей, биыл Шымкент қаласы бойынша орташа жөндеу жұмыстары 236,3 шақырымды құрайтын 297 көшеге жүргізіледі. Сонымен бірге, салаға жауапты мамандар жолдың жақсы және қанағаттанарлық деңгейі 2022 жылы 67,4 пайызды құраса, биыл жоспар бойынша бұл көрсеткішті 71,2 пайызға жеткізуді межелеп отыр екен.

Тұрғындар тарапынан айтылып жүрген өтініштердің тағы бірі — Тұран ауданының аумағында орналасқан 6 нысанға газ құбырларын тарту болып отыр. Қазір бұл құрлыстың да межеге сай жүріп жатқанын мәлімдеген мамандар Тассай, Тұран 3-ші кезек, Асар-2, Сауле шағын ауданы, Солтүстік саяжай, Бозарық аталатын нысандарға газ құбырын тарту қарқын алғанын айтуда. Тұран шағын ауданын газбен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының 3-кезегі биыл толық аяқталатын болады. Мердігер мекеме 2022 жылдың мамыр айында ішкі орамдық жүйелердегі нысан құрылыстарын бастап, қазіргі күнге дейін жұмыстың 95 пайызын орындап қойған. Жоба бойынша Тұран шағынауданында 2 554 тұрғын үй 2023 жылдың маусым айында табиғи газға қосылуы керек. Жоспардағы бұл міндетті мамандар жүзеге асады деп сендіруде. Нәтижесінде биыл Тұран ауданының табиғи газбен қамтылу көрсеткішін 94 пайздан 96 пайызға жеткізу мүмкін болмақ.

Тұран ауданы аумағындағы Құрсай елді мекенін сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары да қарқын алған. Құрылыс жұмыстарының 2-кезеңі  2021 жылы басталған еді. Бүгінге дейін ұзындығы 151 шақырым су құбырының 92 пайызы тартылған. Биыл маусым айында қолданысқа берілетін нысан шағынаудандағы 22 мыңнан астам абонентті сапалы тіршілік нәрімен қамтуға мүмкіндік береді деген жоспар бар. Қазір Құрсай елдімекенін табиғи газбен және жарықпен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Жыл соңына дейін басталатын құрылыс жұмыстарын алдағы жылы аяқтау жоспарлануда.

Ж.Ержанова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *