Оқшау ой
Жуырда мектебімізде ата-аналар жиналысы болды. Әдетте директор мен оның орынбасарының баяндамасымен басталып, бір-екі ата-ананың сұрағымен аяқталатын мұндай жиын бұл жолы өзгеше өтті.
«Мен ұстаздардың ізденуін қалаймын, ата-ана ретінде соны талап етемін, — деп бастады өзінің асығыс екенін айтып, алдын ала сөз алған бір ата-ана. – Жоғары оқу орнын 1980-90 жылдары бітірдім деп ескі сарынмен жүре беруге болмайды. Қазір география, тарих, тіпті жануарлар әлемінің өзі өзгеріп кетті. Ал сіздер біліктілікті арттыру үшін қандай курстарға барып жүрсіздер? Түсінемін, барлығыңызда несие бар, бірақ қазір қай қазақта несие жоқ? Сұрайтыным газет, кітап оқыңыздар. Содан соң мен бұл жердегі ұстаздардың отбасын білмеймін. Бәлкім араларыңызда күйеуінен ажырасып, әйелін тастап, баласын жетім қалдырып жүргендер бар шығар. Әрине, тағдыр дейсіздер, ондайлар болса алдын ала кешірім сұраймын. Бірақ мен және мен секілді азаматтар ұл-қыздарына бірнеше күйеуден қайтып келіп, бірнеше әйел жіберген адамның тәлім бергенін қаламаймыз. Бұған әзірге тыйым жоқ. Бірақ қарапайым жұрт мұғалімдерді идеал санайды. Ұстаз дегенде маржандай таза адамды көргісі келеді. Балаларға сондай таза адамның сабақ бергенін қалайды. Сондықтан сіздер өздеріңіздің қадір-қасиеттеріңізді кетірмей, абыройларыңызды сақтай біліңіздер. Сауаттарыңызды арттырыңыздар. Ұстаздар қауымы бірінші жұмысты өзін сыйлаудан, өзгелерге сыйлата білуден бастасын. Білімді, көркем мінезді мұғалімді барлығы да сыйлайтыны айдан анық». Осыны айтқан ата-ана асығыс шығып кетті. Бәріміздің көкейіміздегімізді дөп айтқан ата-анаға қошемет көрсеттік.
Иә, ұстаздар қауымы үнемі ізденіс үстінде болуы тиіс. Курстарға барып біліктілігін арттырсын, газет-журнал, кітапті көп оқысын. Сонда ғана өз білімін арттырып, балаларға сапалы білім беретін болады. Әйтпесе, қазір мұғалімдердің сауатына көңілі толмаған ата-аналар балаларын жаппай ақылы курстарға беріп, артық шығындалып жүрген жайы бар.
Н.БЕКМҰРАТОВА.