Бүгін редакциямызға хабарласқан тұрғындар «Самал» базар жақтан қара түтін шығып жатыр. Базар өртенді ма?» дегенді алға тартты. Біз мәселенің мән-жайын білу үшін Шымкент қаласы ТЖ департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқан едік. Өрт болғаны рас екен.
«101» диспетчерлік пультіне 1 тамызда сағат 10.37-де Абай ауданы, Т.Рысқұлов көшесі №359/6 мекенжайы бойынша өрт орын алғандығы туралы хабарлама келіп түсті» дейді төтеншеліктер.
«Самал» базарының артында орналасқан көлемі 60 ш.м. ғимараттың шатыры толығымен жанған. Сонымен бірге сол аумақтағы «KIA OPTIMA» маркалы жеңіл автокөлігінің алдыңғы бөлігі еріген. Өрт 1 тамыз күні сағат 10:55-те оқшауланып, сағат 11:05-те толығымен сөндіріліпті.
«Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда. Өртті сөндіруге Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің 12 қызметкері мен 3 техникасы, Апаттар медицинасы орталығы филиалының 1 бригадасы жұмылдырылды.
Құрметті қала тұрғындары! Жазғы өрт қауіпті кезеңінде өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаңыздар» дейді төтеншеліктер.