Uncategorized

Тұрмыстық түйткілдер азайып келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында елімізде жүзеге асуға тиісті алдағы реформалардың бағыт-бағдары айқындалып, қоғамның барлық саласын жаңғырта түсуге тиісті екенімізді атап өткен-ді.

Президент айтқан саяси реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асуда. Бұл орайда Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды» деп атап көрсетті.

«Естуші Үкімет» қағидасын жүзеге асыруда Шымкент қаласының әкімдігі жұмысты жандандыра түскені анық. Себебі, соңғы кездері тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық мұң-мұқтаждары мен талап-тілектеріне құлақ асу, зерделеу жұмыстарында ілгерілеу бар.

Тұрғындарды жиі толғандыратын мәселелердің бірі – жол құрылысы, ауыз су, сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету, газ, кәріз жүйесі. Әсіресе, қала маңындағы елдімекендерге қатысты бұл проблемаларға айрықша назар бөлетін қала әкімі мәселені шешуге бағытталған жұмыстарды да өз бақылауына алып отыр. Содан да болар, кешегі аптада қала басшысы бақылаудағы бірқатар құрылыс насындарына барып, тұрғындармен кездесті.

ЖОЛ САЛУ

Осы күндері Самал-3 шағын ауданындағы Ізгілік көшесінен Юсупов көшесіне дейінгі аралықтағы Тыңдала көшесін жөндеу жұмыстары жүруде. Асфальт жабындысы төселетін көшенің ұзындығы 2,2 шақырымды құрайды.

Сонымен қатар, Қазақ ордасы, Алмалы бақ және Мәңгілік ел көшелері де жөнделіп жатыр. Құрылыстың қарқынымен танысқан қала әкімі М.Әйтенов құрылысшыларға сапаға мән беруді тапсырды. Айта кету керек, биыл Самал-3 шағын ауданында 25,2 шақырымды құрайтын 14 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. «Жол құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес іске асырылуда» дейді мамандар. Дәл осы шағынауданда 2025 жылға дейін Төлепбергенов, Алтынбастау, Ештай ата, Арайтаң, Әлменов, Ақтасты, Тәуекел хан көшелерін орташа жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Бұл жол салу ісіндегі ауқымды жобалардың бірі ғана.

Жалпы алғанда, Шымкентте жол жөндеу жұмыстары тоқтаған емес. Әр жылға бөліп жоспарланған құрылыс нысандары біртіндеп тұрғындардың игілігі үшін пайдалануға беріліп келеді. Шымкент қаласының аумағына кіретін жолдардың жалпы ұзындығы 3247,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде асфальтбетон жабынды – 2189,5 шақырымнан тұрады. 935,6 шақырым шағал тас болса, топырақ жол 122,5 шақырым. Асфальт жолдың жақсы және қанағаттанарлық деген бағаға лайықтысы 68,1 пайызға тең. Шымкентте жол инфрақұрылымын дамыту өзекті.

Сондықтан да жыл сайын белгілі бір бөлігінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Мысалы, 2020 жылы жол құрылысы саласында 225 нысан немесе 283,8 шақырым жол жөндеуден өтсе, 2021 жылы 137 нысан немесе 189,7 шақырым жолға құрылыс жұмыстары жүргізілген. Былтыр автомобиль жолдары саласында 158 нысанда немесе 287,8 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.

2023 жылдың 6 айында 31,2 шақырым жол жөнделіп, пайдалануға берілген. «Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін жоспарға сәйкес 280 нысан немесе 304 шақырымға дейін жетеді» дейді сала мамандары. Яғни, жыл соңына дейін қала жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 71,2 пайызға жеткізу көзделген. Статистика көрсетіп отырғандай, Шымкент қаласы автокөлік санының артуы жағынан елімізде көш бастап тұр. Бұл көлік сыйымдылығы мен жол сапасын арттыруды қажет етеді деген сөз. Әрі жолдың халықаралық талаптарға сай болуы да басты назарда. Мысалы, «Ташкент – Алматы» бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстарына үлкен мән берілуде. Бұл 31 шақырымды жол 8 кезең бойынша құрылысы жүретін нысан. Мамандар «Бүгінде 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары және Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды» дейді. Жақын күндері Ынтымақ шағын ауданына баратын жол қиылысынан Темірлан тас жолына дейінгі аралықты қамтитын 2-ші кезеңі толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілмек. Жыл соңына дейін 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр екен.

Одан бөлек, 16 шақырымды құрайтын «Оңтүстік айналма жолының» құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан Шымкент қаласы аумағымен қатынайтын транзиттік және басқа да автокөліктердің айналма жолмен қатынап, қала аумағындағы көлік кептелісін сейілтуге және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне септігін тигізбек. Сонымен бірге бұл жоба жүзеге асқан тұста жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде.

Қаланың оңтүстік бағыттағы жалғыз кірме — шығыс жолына жүктемені азайту мақсатында 15,5 шақырымдық Қонаев даңғылының жалғасы салынуда. Нысан 6 кезеңнен тұрады. Оған қоса Шығыс айналма, Өтегенов, Адырбеков көшелері, Темірлан тас жолының бойында жолаушылар өткелін салу жұмыстары атқарылап жатыр. Бұған «Бәйдібек би-Арғынбеков» көшелерінің қиылысында 3 деңгейлі жолайрықтың құрылысын қосыңыз. Халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында жуырда Арғынбеков көшесі және Бәйдібек би даңғылына бұрылыстағы оң жақ өткел ашылды. Жолайрық құрылысын толық аяқтап, пайдалануға беру биылғы жылдың соңына жоспарланып отыр. Жоғарыда аталған жобалар іске асырылған жағдайда Ташкент, Түркістан және Алматы бағыттарына шығатын жол желісі құрылыс жұмыстарымен қамтылып, заманауи талаптарға сәйкес көлік ағынын өткізу қабілеті артатын болады.

Жасыратыны жоқ, миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент сияқты ірі қалада ирригация мәселесі өзектілігін жойған емес. Әсіресе, көктем мен күз айларында жауын-шашын көбейіп, арық-атыздар арнасынан тасып, кейбір көшелерді су алу қаупі кездеседі. Сондықтан төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында мысалы, бір ғана Тұран ауданында биыл 41 көшеге 24,01 шақырым ирригация жүйесін салу жоспарланған. Қазір 19 көшеге құрылыс жұмыстары басталған. «Қалған 22 көше бойынша мердігер мекеме анықталған соң, жұмыстар жүргізілетін болады» дейді мамандар. Сонымен бірге, Қазығұрт елді мекені және 112 орам шағын ауданында ирригация жүйесін салу қарқын алып отыр.

 ЖАРЫҚ

Қала әкімі Мұрат Әйтенов өткен аптада «Ақжар» қосалқы станциясына барып, ондағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Бұл осы аумақтағы тұрғындар үшін өзекті болып келген нысан құрылысы. Тұрғындар сапалы жарықтың жырын айтып, бірнеше жылдан бері әкімшіліктің табалдырығын тоздырған-ды. Енді міне, бұл жобаның да шарапатын көретін күн алыс емес. Жалпы аумағы 732 шаршы метрді құрайтын «Ақжар» қосалқы станциясының құрылыс жұмыстары 2019 жылдан бастап жүргізілуде. «Забадам» қосалқы станциясынан «Ақжар» қосалқы станциясына дейінгі қазылған электр желісінің ұзындығы 12,3 шақырымды құрайды. «Станцияда орнатылатын негізгі жабдық 110 кВт трансформаторы. Нысанның құрылысы биыл қыркүйек айының соңына дейін аяқталатын болады» дейді мамандар.

Нәтижесінде «Ақжар» станциясы арқылы 50 мыңға жуық абонент, сондай-ақ сол аумақтағы бизнес нысандары сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілмек.

Жарық демекші, Шымкентте соңғы 3 жылда 472 көшеге жарық шамдары орнатылған. Бұл қаладағы орталық маңызы бар 747 көшенің бір парасы. Былтыр қалада 115 көше жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 48 пайздан 63 пайызға өскен. Ал биыл 104 көше жарықтандырылады деп жоспарланып отыр. Жыл басынан бері тағы 49 көшенің жобалық-сметалық құжаты дайындалып, қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

 КӘРІЗ

Мегаполисте орталықтандырылған кәріз жүйесі талапқа сай болуы қажет. Осы талапқа сәйкес болу үшін қазір «Самал-3» шағынауданында 4 мыңнан астам абонентке лайықталған кәріз жүйесі тартылған. Нысан құрылысы қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тапсырысы бойынша 2021 жылы құрылыс жұмыстары жүргізіліп, былтырғы жылдың соңында қолданысқа берілген. Дегенмен, кәріз жүйесіне тұрғындардың қосылуы баяу. Қала әкімі өткен аптада аталмыш шағынауданда болған кезде тұрғындармен кездесіп, түйіткілді мәселелерін тыңдады. Мәселенің мән-жайын түсіндірді. Осыдан кейін мамандар тұрғындар арасында орталық кәріз жүйесіне қосу бойынша тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігіне кірісті. Жоба бойынша канализациялық желілердің ұзындығы 37,3 шақырымды құрайды. Нысанның 4 мыңнан астам абонентті орталықтандырылған желіге қосуға мүмкіндігі бар.

– Тұрғындардың көпшілігі жол салынып болған соң кәріз тартуға өтініш береді. Сондықтан, мен жол құрылысын инженерлік желілер толық тартылған соң бастауды ескерттім. Бұл ретте абоненттерді қолайлы бағада канализациялық желіге қосуды ұсыну қажет. Жауын-шашында су басу қаупі туындамас үшін ирригациялық жүйелердің де талапқа сай жүргізілуін бақылаңыздар, — деді қала әкімі М. Әйтенов. Сондай-ақ жол және инженерлік-коммуникациялық желілер құрылысын жүргізуде тиісті басқармалардың жұмысын үйлестіруді ескертті.

Қазіргі таңда қаладағы 81 шағын ауданның 24-і кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. Биыл 10 нысанның құрылыс жұмыстарына тиісті қаражат қаралған. Жыл қорытындысында 6 нысанның, атап айтқанда, Мирас-Шапағат-2, Тассай, Тұранның ішкі жүйесі, Қайтпас, 112 орам, Бозарық шағынаудандарында құрылыс жұмыстары аяқталып, 60 мыңға жуық абонент канализация жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады деген жоспар бар.

 АУЫЗ СУ

Құрсайлықтар ауыз суға зәру.Бұл мәселені шешу үшін арнайы су құбыры тартылып, елдімекен ішінде магистралды жүйе  құрылысы жүруде. Соның сапасын тексеріп барған қала әкімі Мұрат Әйтенов кешегі аптада тұрғындармен де кездесті. Айта кетейік, Абай ауданына қарасты Құрсай елдімекенінің тұрғындары суды кестемен тұтынып отырған шағын ауданның бірі. Шағын аудандағы 4900 абонентті құрайтын 25 мыңға жуық тұрғынды сапалы ауыз сумен қамту мақсатында 2020-2021 жылдар аралығында 2 кезеңдік жоба түзілген. Олар Құрсайға тартылатын магистралды суаққы және ішкі орамдық ауыз су жүйелерінің құрылысы. Екі нысанның да жобалау-сметалық құжаты әзірленіп, бастапқы сатысы мердігер мекеме «Риголит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан 2021 жылы басталған. Бірінші кезең бойынша су жүйелерінің ұзындығы 185 шақырым. Қазіргі уақытта бірінші кезеңнің жұмысы 98 пайызға орындалған. Ал екінші кезең бойынша су жүйелерінің ұзындығы 151 шақырым, орындалған жұмыс көлемі 97 пайызды құрайды.

Қазіргі уақытта Құрсай шағын ауданында жеткізуші магистралды суаққының және ішкі орамдық ауыз су жүйелерінің құрылысы қарқынды түрде жүруде. Жалпы құрылыс жұмыстары биылғы жылдың қыркүйек айына дейін  аяқталып, Құрсай шағын ауданы толыққанды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.

 ГАЗ

Биыл Шымкентте 6 елді мекенде табиғи газбен қамтамасыз ету құрылысы қарқынды жүруде. Тассай, Тұран 3 кезек, Асар-2, Сәуле, Солтүстік саяжай, Бозарық шағынаударында атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы қала әкімінің бақылауында. Жақында Солтүстік Саяжай елдімекеніне көгілдір газ берілді. Шағынауданда құрылыс жұмыстары былтыр сәуір айында басталған болатын. Тұтынушы саны 6 мыңға жуықтайтын елдімекенде құрылыс толық аяқталып, енді абоненттеу жұмыстары басталды.

Мегаполис тұрғындарының қолайлы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында биыл Нұртас шағынауданын толық газдандырып, Ынтымақ-2 елдімекенінде газ жүйесінің құрылыс жұмыстарын 2024 жылы аяқтау жоспарлануда. Мамандар «Жыл соңына дейін елдімекендердің табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 94 пайыздан 96 пайызға жететін болады» деп отыр.     

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *