Әлеумет

Тез бұзылатын тағамдардан абай болыңыздар


Күн ыстықта тамақтың  тез  бұзылатыны  барлығымызға белгілі. Тамақтарда микробтардың  пайда  болуы, олардың  тез  көбеюінің  негізгі  мезеті  жылу  факторы  болып  табылады. Тамақтың  сақталу  температурасы  қаншама  жоғары  болса, соншама  оларда  микробтар  ұлғаяды.  Тамақтың  бұзылуы  кез  келген  жағдайда  болуы  мүмкін.  Өйткені  тамақ  тұтынушыларға  жеткенше  өңдеу, тасымалдау, сақтау  және  өткізу  секілді  сатылардан  өтеді. Осы  сатылардың  кез  келген  кезеңінде  санитарлық талаптар сақталмаса,  өнімнің  оңай  бұзылуы  әбден  мүмкін.

       Негізінен  тез бұзылатын тағам  өнімдеріне кремнен жасалған тәтті өнімдер, көкөніс және еттен жасалған  салаттар, сүт және сүт өнімдері мен дайындалған тағамдар, балық  консервілері, дайын  аспаздық  өнімдер де болады. Сапалы  шикі  тамақ,  сапасыз  тамақпен  бірге  өңделсе  немесе  бірге  сақталса, өте  оңай  бұзылып, тамақтан  улануға  соқтыруы  мүмкін. Әсіресе  піскен  тамақ  бұзылса, микробтар  өте  тез  көбейеді. Сондықтан да температуралық  өңдеуге  жатпайтын, піскен  тамақтар  немесе  салаттардың  сақталуына  ерекше  назар  аудару  керек.

       Азық – түлік  дүкендерінде  және  ретсіз  сауда  орындарында  санитарлық – эпидемиологиялық  талаптарға  сәйкес  тиісті  температуралық  режимді қамтамасыз  ететін  тоңазытқыш  қондырғылармен  жабдықталмаған  орындарда  дайындалған тағамдар мен  салаттардың  және  үй  жағдайында  консервіленген  тағамдарды  пайдалануға болмайды.

      Тамақты  салқын  жайда  сақтаңыз, дайын  тағамдарды  бөлме температурасында  2  сағаттан  артық  сақтамаңыз, тіпті тоңазытқыш ішінде  дайын  тағамдарды  көп  сақтамау керек.

      Дүкендерден  алынатын  тағамдардың  жарамдылық  мерзімі  мен сыртқы  түріне мән беру қажет. Орамасы  бүлінген  жағдайда, тіпті  жарамдылық  мерзімі  анық көрсетілсе  де, өнімді алмаған дұрыс. Өйткені, мұндай  орамада  кез-келген  өнім  тез  бұзылады. Кондитер  өнімдерін  тек  дүкендерден  ғана  алу, қауіпсіздігін растайтын құжатының  болуына  көңіл  бөлу  қажет. Сондықтан да  кез-келген  жерлерде  немесе  көшелерден  дайын  тағамдар  мен  сүт өнімдерін  сатып  алмағаныңыз  жөн. Тез  бұзылатын  тағамдардың  сақталу  мерзімін  қатаң  орындау  керек.

     Тамақтан  улану  және  жұқпалы  аурулардың  алдын  алу  шаралары:

  • тамақтанар  алдында  жеке  гигиена  талаптарын  сақтау;
  • термиялық  өңдеуге  жатпайтын  жеміс  жидектерді  ағынды  сумен  жуу;
  • тез бұзылатын  тағамдарды тоңазытқыштарда  сақтау;
  • кондитер  өнімдерін  тек тоңазытқышы бар дүкендерден  ғана  алу, қауіпсіздігін  растайтын  құжатының  болуына  көңіл  бөлу  қажет;
  • үй  жағдайында  дайындалған  консерві (ет, балық, саңырауқұлақ) өнімдерін  белгісіз  адамдардан  сатып  алмау немесе пайдаланар алдында 15-20 минут термиялық өңдеуден өткізу;
  • егер  тағамның  түрі, түсі  иісі  және  тағы  басқа  күмән  тудыратын  болса – бұндай  тағамды  мүлдем  пайдаланбаған  жөн;
  • келесі күнге қалған тағамды  әсіресе  көктем – жаз  мезгілінде пайдаланғанда абай болып,  тоңазытқышта  сақтаған  дұрыс.

      Салауатты, дұрыс  тамақтану – халық  денсаулығын,  балалардың  дұрыс  өсуі мен  дамуын  қамтамасыз  ететін, жұмысқа  қабілеттік пен ақыл-ой дамуын, өміршеңдікті,  аурулардың  алдын  алуды,  елдің  әлеуметі  мен  ұлттың  қауіпсіздігін  нығайтатын  негізгі  фактор  болып  табылады.

Алдарқұл Ахметов,

Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *