Біле жүріңіз

Қалдықтарды кәріз желісіне ағызуға болмайды!

  • Білгеніңіз жөн

Орталықтандырылған кәріз жүйесіне мал сою бекеттерінен шыққан қалдықтарды ағызу тоқтар емес. «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің су құбыры шаруашылығы қызметін есепке алу жөніндегі инспекторлары ұсақ және ірі қара мал соятын орындардың иелеріне арнайы хабарламалар таратуда. Мал соятын орындарда малдың қаны мен ішек-қарынын кәріз жүйесіне ағызып жіберу арқылы су бұру желілері мен тазарту құрылғылары кешенінің жұмысына зиян келтіруде. Ескерту қағазы кәсіпорындарға да беріледі. Олар кәріз жүйесіне улы қалдықтарды ағызуда.

«Елді мекендердің су бұру жүйелеріне сарқынды суды қабылдау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 шілдедегі № 546 Бұйрығының (бұдан әрі — қағидалар) 10-шы тармағына сәйкес, елді мекеннің шаруашылық-тұрмыстық сарқынды суымен қоса, тазартуға жататын өндірістік сарқынды суды желілер мен су бұру жүйелеріне жіберуге рұқсат етіледі. Алайда, желілер мен құрылғылар материалына, су бұру жүйелеріне деструктивті әсер ететін сарқынды қалдықтарды төгуге қатаң тыйым салынады. Оның ішінде: мал сою алаңдары мен ет өңдеуден шыққан кез келген қатты қалдықтар, ішек-қарын, ұйыған қан, тері мен теріні өңдеу қалдықтары, мал шаруашылығы, аң шаруашылығы және құс шаруашылығының қалдықтары, соның ішінде нәжісін желіге төгуге болмайды!

Мұндай заң бұзушылыққа баратындар халықтың санитариялы -эпидемиологиялық саламаттығына немқұрайлы қарайтындар, бұл заң талаптарын бұзуға әкеп соғады. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 425-ші бабына сәйкес, «Қазақстан Республикасының халықтың санитариялы-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасының, сондай-ақ адам денсаулығына зиян келтірмейтін гигиеналық нормативтердің, техникалық регламенттердің талаптарын бұзу жеке тұлғаларға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Коммерциялық емес ұйымдар – орта кәсіпкерлік субъектілеріне — үш жүз он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – мың алты жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде» айыппұл салынады.

Тиісінше, «Табиғи монополиялар туралы «Қазақстан Республикасының 27.12.2018 жылғы №204-VI Заңының 26 – бабы 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес», «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС тұтынушылардан Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес табиғи монополия субъектісі белгілеген техникалық талаптардың сақталуын талап етуге құқылы. Заңның 27-бабы 2-тармағының 6-тармақшасына сәйкес, тұтынушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес табиғи монополия субъектісі белгілеген техникалық талаптарды орындауға міндетті.

Заң талаптарына сәйкес, көрсетілетін қызметті берушінің анықталған ақаулар мен заң бұзушылықтарды жою жөніндегі жазбаша талаптары орындалмаған жағдайларда, қызмет көрсетуші тұтынушыны хабардар ете отырып, сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі қызметтерді ұсынуды үш күннен аз уақыт ішінде ішінара немесе толық тоқтатады.

«Су ресурстары-Маркетингі» ЖШС

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *