Біле жүріңіз Шымкент

«Бозарықтың» болашағы зор

    

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарын халыққа арнаған Жолдауында айқындап бергені белгілі. Қазір аймақтарда жеке кәсіпкерлердің бастамаларын ынталандыру, мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту арқылы бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне бірдей мүмкіндік беруге баса назар аударылған. Әсіресе, кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық, әрі жедел  бөлудің тиімділігі жоғары екендігін Президент үнемі тілге тиек етеді.

Өнім өндірушіге қолайлы жағдай жасау арқылы жалпы экономиканың бәсекеге қабілеттілігі арта түсетіні анық. Шымкентте кәсіп ашып, өнім өндіремін деген іскер азаматтарға кедергі жоқ. Керісінше индустриалды аймақтар жасақталып, өз мүмкіндігін пайдалануы үшін бизнес өкілдеріне жағдай жасалған. Әрі мұндай инудстриалды аймақтар қаланың әр тарапынан бой көтеруде. Жұмыс күші жетерлік мегаполисте өндіріс орындарының көбейгені, жұмыс орындарының ашылғаны тиімді. Болашағынан мол үміт күттіріп отырған сондай аймақтардың бірі Қайнарбұлақ тұрғын алабы маңынан бой көтеріп жатқан «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы. Аймақтың инженерлік инфрақұрылымымен жарақталуы қала әкімінің бақылауында тұрған мәселе. Жалпы аумағы 132,9 гектарды құрайтын индустриалды аймақта қазір су, кәріз жүйелерінің құрылысы жүруде.

Кешегі аптада аймақтағы құрылыс жұмыстарымен тағы бір рет танысып қайтқан қала әкімі Мұрат Әйтенов құрылысқа жауапты мамандарға қосалқы станцияны іске қосып, кәсіпорындарды сапалы электр энергиясымен қамтуды тездету қажеттігін ескертті. Сонымен бірге аймақтағы инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы биыл жыл соңына дейін 90 пайызға аяқталуы қажет.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Кемелұлы бізге берген тапсырмасында импортқа тәуелділікті азайтуды айрықша атап өтті. Осы тапсырманы орындауға бүгінгі таңда бар күш-жігерімізді салудамыз. «Бозарық» индустиалды аймағында жергілікті өнімдерді терең өңдеуден өткізетін кәсіпорындар шоғырланады. Бұл қаламыздағы алғашқы агроиндустриалды аймақ болып отыр, –дейді қала әкімі М.Әйтенов.

Биыл іске қосу жоспарланып отырған аталмыш аймақта тамақ өнеркәсібімен айналысатын жалпы құны 29,5 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Сәтін салса, мұнда 1,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады дейді сарапшы мамандар. Жұмыссыздықты жоюға, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жасартуға бұл жобаның тигізер пайдасы мол. Бастысы өзімізде өндірілген, экологиялық жағынан таза азық-түлік өнімдерін тұтыну мүмкіндігі артпақ. Бұл өз кезегінде жоғарыда атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша импорт өнімнен бас тарту, отандық өнімді қолдау, отандық өнеркәсіпті дамытуға негіз болатын жоба.

Айта кету керек, «Бозарық» индустриалды аймағының құрылысы арқылы осы маңдағы елді мекендердің де даму көкжиегі кеңейе бермек. Мысалы, Қайнарбұлақ шағын ауданының инфрақұрылымы жақсарады. Қазір аталған елдімекендегі үйлерге табиғи газ құбырын тартып беру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Газдандыру құрылысы алдағы жылы толық аяқталады. Нысан пайдалануға берілгенде осындағы 28 мыңнан астам абонент табиғи газға қосылады. Елдің ырысы артады дейді мамандар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *