Елімізде Президент тарапынан Үкімет
пен барлық деңгейдегі әкімдерге жүктелген мінтеттің бірі — ауыл шаруашылығы жерін
тиімді пайдалануға баса назар аудару болып отыр. Сонымен бірге агросекторда өнім
көлемін арттыруға және оны әртараптандыруға баса мән беру керектігі де күн
тәртібінен түспейді.
«Ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға қажетті жағдай жасау – мемлекеттің міндеті. Бәсекеге қабілетті экономика дегеніміз – әртараптандырылған экономика. Пандемия және қазіргі геосаяси дағдарыс шикізат нарығының тұрақсыз екенін айқын көрсетті. Қазба байлыққа ғана арқа сүйеп, қамсыз отыратын заман келмеске кетті. Жер қойнауынан шыққан қазынаның қосымша құнын барынша арттыру керек. Оны сапалы және сұранысқа ие тауарға айналдыру өте маңызды. Бұған дейінгі индустрияландыру жұмысының барысында шикізаттық емес сала ойдағыдай дамыған жоқ. Азық-түлік пен күнделікті тұтынатын тауардың өзін әлі күнге дейін сырттан сатып алып отырмыз. Инфляцияның өсуіне басты себептің бірі – осы» деді Мемлекет басшысы.
Бұл орайда мамандар әсіресе, ауылшаруашылығы саласында кластерлік жүйені дамытудың маңызы жоғары екенін алға тартып отыр. Сол себепті де Шымкентте агросекторда мүмкіндігінше кластерлік жобаларды қолдау басты назарға алынған. Қала әкімі Мұрат Әйтенов аграрлардың жағдайымен танысу барысында өткен аптада ауыл шаруашылығындағы кластерлі жобаларды қадағалады. Мысалы, Бадам тұрғын алабының шаруалары 6,5 гектар алқапқа құлпынай өсіруде. Өнім көлемін арттыру үшін бүгінде шаруалар бірігіп, ауыл шаруашылығы кооперативін құруда. Алдағы уақытта егістік көлемін 30 гектарға ұлғайтуды көздеген дихандар жиналған өнімді қайта өңдеуді де қолға алған. Яғни, жеміс-жидектен түрлі тосаптар дайындаса көкөністен қысқа азық болар концерві өнімдерін шығаруға жең түре кіріскен.
Маусымдық қызу жұмыстың бел ортасында жүрген шаруалардың жағдайымен танысқан қала әкімі жауаптыларға тауарларды тікелей тұтынушыларға жеткізуді қамтамасыз ету үшін алқап маңындағы жол жиегінен көшпелі сауда орындарын ұйымдастыруды тапсырды. Бұл тұтынушыға да, диханға да тиімді болмақ. Егістіктен жаңа жиналған өнімге деген сұраныс жоғары. Сапалы, экологиялық жағынан таза өнімді іздеп келіп алатындар көп-ақ. Осы мүмкіндікті жібермеу қажет.
Қала басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы Сайрам тұрғын алабында орналасқан жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдейтін «Дары Сайрама» ЖШС-де де болды. Бұл әсіпорынның 5 гектарлық алқабында бүгінде жүзім өсірілуде. Әзірге 40-қа жуық адам жұмыс істейді. Маусымдық жұмыстар қызған шақта уақытша жұмысқа алынатындар тағы бар. Кәсіпорын жылына 7 мың тоннаға дейін жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеп, тосап, шырынның түр-түрін шығарады.
Қала әкімі салаға жауапты басқарма мамандарына кластерлік жобаларға басымдық беріп, мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.