Шымкент

КӘСІБІН КЕҢЕЙТКІСІ КЕЛЕТІНДЕРГЕ ҚОЛДАУ БАР 


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке кәсіпкерлерді жүйелі түрде қолдау керектігін тапсырғаны белгілі. «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Өнім өндіру үшін ең алдымен жер керек. Жері жоқ адам бизнеспен айналыса алмайды. Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық» деген болатын.

Президент тапсырмасын жүзеге асыруда Шымкент қаласында нәтижелі жобалар баршылық. Мысалы, мегаполистегі «Жұлдыз» және «Тассай» индустриалдық аймағының жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасына сай қайта таразыланған. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында да кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай тудыру ісіне басымдық берілген. Мұнда электр желісі, газ, су және өзге де инженерлі-коммуналды жүйе тартылып қойғандықтан, дайын инфрақұрылым мен қолайлы логистика арқылы нарықта тауар өндірісін қалыптастырып үлгерген кәсіпорындар жұмыс істейді. Дегенмен, өз кәсібін кеңейтемін немесе жаңа жобаны бастаймын деген кәсіпкерлер үшін экономикалық аймақ қолдау көрсетуге әзір.

Қала басшысы Мұрат Әйтенов өткен аптада «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында бірқатар кәсіпорын басшыларымен жүздесіп, олардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Мәселен, «Шабитекс» ЖШС-і әскери және арнайы жұмысшы киімдерін тігумен айналысады. Нарықта өз орнын тауып, тігін фабрикасына қажет түрлі техникалық жабдықтармен қамтылған кәсіпорын болашақта жұмыстарын ұлғайту мақсатында жаңа жоба бастап кеткен. Мұрат Дүйсенбекұлы кәсіпорын басшысының бастамасын қолдап, мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерге тоқталды. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында көлемі 58,4 млрд. теңге болатын 35 инвестициялық жоба іске асырылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Жалпы аймақ жұмыс істеп тұрған кезеңнен бері бюджетке 8,2 млрд. теңге салықтық және әлеуметтік аударымдар жасалған.

Қарқынды жұмыс істеп тұрған индустриялық аймақта жаңа жобаларды қолға алу жылдам жүріп жатқандықтан аумағы 867 гектарлық қосымша 5 жаңа өнеркәсіптік алаң құрылуда. Нәтижесінде инвестиция көлемі 398 млрд. теңгені құрайтын 271 жоба іске асырылатын болады дейді мамандар. Әлеуетінен мол үміт күттіріп отырған «Тассай» индустриялық аймағында да 24 жоба іске қосылып, 1,8 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Жалпы, аймақ іске қосылғалы мұндағы кәсіпорындардан бюджетке 8,2 млрд. теңге салық төленіпті. Бизнес өкілдерімен кездескен қала әкімі олардың өзекті мәселелерін тыңдады. М.Дүйсенбекұлы туындаған проблемалардың оңтайлы шешу жолдарын қарастыратынын айтып, тиісті сала басшыларына нақты ұсыныстарын ортаға салуын тапсырды.

– Аймақты инженерлік-инфрақұрылыммен қамту жұмыстарының екінші кезеңін жыл соңына дейін аяқтау қажет. Оған дейін кәсіпорындардың уақытша электр қуатымен қамтылуын ұйымдастырыңыздар. Инвесторларға берілген жер телімдерінің тиімді пайдаланылуын қадағалауға алыңыздар» — дейді қала әкімі Мұрат Әйтенов.

Жыл соңына дейін мұнда 7 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Жобалар 200 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы. Қала әкімі жауаптыларға кәсіпорындардың қуаттылығына сай жұмыс істеуіне барынша қолайлы жағдай жасап, абаттандыру, көріктендіру жұмыстарын бақылауға алу міндетін жүктеді.

Қала әкімі М.Дүйсенбекұлы «Жұлдыз» арнайы индустриалдық аймағында да болып, нысанның инфрақұрылымдық жұмыстарымен танысты.

Жалпы алаңы 306 гектарды құрайтын жаңа аймақ 2021 жылы ашылып, қазір экономикалық алаңның 121 гектарына жоспарға сай инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жүргізілуде. Қала басшысы биылғы жылдың 6 шілдесіне дейін инвесторлар үшін жоспарға сай электр желісі, су, табиғи газ, кәріз жүйесі тартылып үлгеруі қажет екенін айтып өтті.

– Инвесторлар бізге сеніп, құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Сондықтан оларға барынша қолайлы жағдай жасауға тиіспіз, — деген қала басшысы инфрақұрылым жүргізіп жатқан мердігер мекемелермен ғана емес, инвесторларды да сөзге тартып, олардың тың жобаларын тыңдады.

Сонымен бірге қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы тиісті басқарма басшыларына инвестициялық жобаларға қатысты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе құрылысын бастаймын деген жобаларды сүйемелдеп, қажетті рұқсатнама құжаттарын алуға жәрдемдесу, жоспарланған жобалардың уақытылы іске асырылуына көмектесу, жосықсыз жобаларды арнайы экономикалық аймағынан шығарып, орнына приоритетті жобаларды кіргізу керектігін айтты.

Екі жыл көлемінде «Жұлдыз» индустриалдық аймағында машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы саласы бойынша 147,2 млрд. теңгені құрайтын 42 жоба әзірленген. 2023-2026 жылдар аралығында жүзеге асатын осы жобалардың аясында 4 мыңға жуық тұрғын жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Оның ішінде 2023 жылы инвестициялық құны 7,1 млрд. теңгені құрайтын, 411 жаңа жұмыс орындарымен 5 жобаны іске қосу жоспарлануда.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *