Шымкент

Үш ауысымды ұмытатын күн жақын


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» атты бағдарында 2025 жылға дейін елімізде 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасау керектігін нақтылап өткен-ді. Тарқата айтар болсақ Жолдауда «Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», — деді Мемлекет басшысы.

Бұл тапсырманы жүзеге асыруда Шымкентте бірқатар нақты жобалар қолға алынғанын газетімізде бұған дейін де тілге тиек еткен едік. Кешегі аптада қала әкімі Мұрат Әйтенов қосымша құрылысы жүріп жатқан 7 білім нысанында болып, құрылыстың барысымен танысты. Аумағы кеңейтіліп жатқан бірқатар білім ошақтарының құрылыс жұмыстары кестеге сай жүруін қадалаған қала басшысы алдымен Сайрам шағынауданындағы №65 мектеп-гимназиясының қосымша құрылыс алаңында болды. Мұндағы қосымша жай 600 орындық оқу корпусы ретінде бой көтеруде. Соңғы үлгіде салынған ғимаратта сынып бөлмелері, кітапхана, логопед кабинеті, спортзал, 220 орынға арналған асхана қарастырылған. Ендігі кезекте құрылысшылар сапаға көп мән беруі керектігін мықтап тапсырған қала әкімі нысанның жаспарланған мерзімде пайдалануға беріп, кешіктірмеуін де тапсырды.

Сол күні Мұрат Дүйсенбекұлы Ш.Қалдаяқов көшесіндегі №45 мектеп-гимназиясында да болды. 300 орынға арналған 3 қабатты қосымша ғимараттың құрылыс-монтаж жұмыстарын тексеріп шықты. Заманауи талапқа сай салынған оқу корпусында сынып бөлмелерінен бөлек спортзал, зертхана бөлмелері, 78 орынға арналған асхана қарастырылған.

– Ғимараттардың интерьері классикалық үлгіде болуы керек. Бұл ретте дизайнерлермен тиісті жұмыстарды жүргізіңіздер. Құрылысқа қатысты өзекті мәселелер дер кезінде шешілуі тиіс, — деді қала әкімі.

«Ал, М.Х.Дулати атындағы №8 мамандандырылған гимназиясының қосымша корпустарының құрылысын тексеру барысында салаға жауапты мамандарға құрылыстың тым созылып кетпей, белгіленген мерзімде бітуін қадағалауды тапсырды. 1 100 орынға арналған ғимаратта сынып бөлмелері, 250 орындық акты залы, спортзал, 320 орындық асхана құрылысы жобаланған. Әсіресе, құрылыс барысында сапасыздыққа жол бермей, нысандарды өндірістік кестеге сай тапсыру маңызды екенін шегелеп айтты. Бұл нысандар пайдалануға берілген кезде Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі түбегейлі шешілетін болады», — деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *