Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бүгінгі билік «Естуші Үкімет» жобасын қарқынды жүзеге асыруда. Бұл орайда Президент «Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыру аса маңызды. Осы қадамның бәрі біздің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты басты формуламызды біртіндеп нақты мән-мазмұнмен байыта түседі» деген болатын.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Мемлекет басшысының осы тапсырмасына сәйкес ұдайы қала тұрғындарының талап-тілегін тыңдап, тиісті сала мамандарына мәселенің заң аясында шешілуін тапсырып отырады. Жақында қала әкімінің дәстүрлі түрде өтіп тұратын бірыңғай қабылдауына 350 азамат келіп, өз өтінішін айтты. Олардың талап-тілегінің басым көпшілігі пәтер, жер кезегі, инфрақұрылым мәселелеріне байланысты болып отыр. Қала прокуратурасынан, полиция департаментінен өкілдер қатысқан қабылдауға шаһардағы аудан әкімдері, түрлі сала мамандары да қатысып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Мысалы, баспанамен, жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытуға қатысты өтініштерге заң жүзіндегі талап-тілектер мен мемлекеттік бағдарламалардың жаңа талаптары түсіндірілді.
Жоғарыда атап өткеніміздей мұндай қабылдау ұдайы өтіп тұрады. Сондай жиындардың бірінде Қайнарбұлақ саяжайының тұрғындары сапалы интернет желісін тартуды айтқан болатын. Қалалық цифрландыру басқармасы тарапынан талшықты оптикалық желімен қамту мәселесін шешу жұмыстары жүргізіліп, жақында саяжайға сапалы интернет тартылды. Енді мұндағы 11 орталық көшеде талшықты оптика желісі жұмыс істеп тұр.
Қала әкімінің қабылдауында Еңбекші ауданы Қарабастау шағынауданы тұрғындары тарапынан ауыз су мәселесі де айтылған-ды. Қазір бұл елді мекенге ауыз су құбырлары жүргізілуде. Тұрғындарды сапалы сумен қамту жұмыстары 48 пайызға аяқталып отыр. Ұзындығы 74 шақырым құбыр 1 жарым мыңнан астам абонентті тіршілік нәрімен тәулік бойы үздіксіз қамтиды. Бұл жұмыстар биыл қараша айында толығымен аяқталады. Сонымен бірге, алдағы уақытта ауыз су құбырын тарту жұмыстары Қаратөбе, Қарабастау, Абдулабад, Тоғыс, Жұлдыз, «Бадам-1», Жыланбұзған, Айнатас, Базарқақпа тұрғын үй алаптарында да жүргізіледі. Осылайша Еңбекші ауданының барлық елді мекендері сапалы ауыз сумен толық қамтылатын болады.
Шымкент қаласының тұрғындары тарапынан жиі көтерілетін мәселенің бірі — ретсіз сауда қатарларына, қоқыстың дер кезінде тасымалдануына қатысты дау-дамай екені жасырын емес. Өткен аптада қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының төрағалығымен өткен мәжілісте аудандарда ретсіз сауда мен санитарлық тазалық бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды. Қазір қала аумағындағы тазалық шараларына 300-ден астам адам, 50-ден аса техника жұмылдырылған. Арнайы бригадалар 40-қа жуық секторда жұмыс жүргізуде. Тұрмыстық қалдықтар көпқабатты тұрғын үйлерден күн сайын, жеке секторлардан аптасына 1-2 реттен жиналуда.
– Туындаған мәселелерді дер кезінде шешу үшін халықпен тұрақты кездесулер ұйымдастырып, қандай да бір шешім қабылдауда тұрғындардың пікірін ескеріңіздер. Әр ауданда өзекті мәселелер бойынша арнайы мониторинг жүргізіліп отыруы тиіс, — деді қала әкімі.
Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы қала тазалығын сақтауда қоғамдық мәдениетті қалыптастыру қажеттігін жеткізді. Жауаптыларға аудандарда ретсіз саудамен күресті жою үшін рейдтік шараларды жүйелі түрде ұйымдастыруды тапсырды.
Абай ауданына қарасты ауылдардан «свет неге жиі өшеді?» деген өтініштер де қала әкіміне жиі қойылады. Бұл мәселені шешуде жүйелі жоспар құрылған-ды. Жақында Батыс елдімекені тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамту жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі таңда тұрғын үйлерді мемлекеттік желіге қосу үшін абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс кезінде 68,5 шақырым электр желісі тартылып, 34 трансформатор мен 2 мыңнан аса бағана орнатылды. Бұл өз кезегінде тариф құнын да төмендетіп отыр. Осыған дейін жергілікті тұрғындар бір кВт үшін 25-30 теңге аралығында төлем жасаса, бұдан былай тариф құны 17,9 теңгеге дейін арзандайды. Бұл тұтынушыларды қуантып қойды.