Мемлекет басшысы өңір әкімдеріне пайдаланылмай жатқан жер телімдерін анықтауды, мақсатсыз пайдаланылған жерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде тапсырма берген болатын. Себебі, елімізде күн өткен сайын жайылымның жетіспеуі, егін саламын деген шаруаға жердің табылмауы үлкен мәселе туындатуда. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қолбайлау.
«Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссия жұмысының нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Әлі де 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер биылғы жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын», — деген болатын ел Президенті.
Шымкент қаласы аумағындағы ауыл шаруашылығы және басқа да мақсаттарға арналған жерлерге кешенді мониторинг жүргізу бойынша құрылған жұмыс тобы тиісті тексеру шараларын жалғастыруда. Мониторинг барысында анықталғанындай, қаладағы Ынтымақ шағынауданы аумағынан 15,73 га. және 24,15 га. бос жер телімі мемлекетке қайтарылды. Жер телімдері қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына тұрақты жер пайдалану құқығымен рәсімделген. Сондай-ақ, Әл-Фараби аудандық сотының шешіміне сәйкес 6 жер учаскесін мемлекеттік меншікке алу шешімі шығып отыр. «Бұдан бөлек, арнайы комиссия 9 жер учаскесінің пайдалану мерзімінің өтіп кеткенін анықтаған. Бүгінде жалпы алаңы 14,34 гектар жерді басқармаға рәсімдеу жұмыстары әзірленуде», — дейді қала әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, арнайы құрылған жұмыс тобының мониторинг жұмыстары жалғаса бермек. Бос жер телімдері анықталған жағдайда мемлекет мешігіне қайтарыла береді.