Қоғам

ИНТЕРНАТТЫҢ БАЛАСЫ – ИНТЕРНАТТЫҢ ҚЫЗЫ

 «Жаназасына соншалықты көп жиналған халықты атақты Жұмабек Тәшенов дүниеден өткенде көріп едім,  –  деді азық-түлік дүкенінде кездесіп қалған танысым, зейнеткер, байырғы кітапхана қызметкері Қызбала. – Өткен ғасырдың 80-жылдары 7-квартал деп аталатын шағын аудандағы хрущевкада, көп қабатты үйлерде тұратынмын. Қала кітапханаларының бірінде жұмыс істеуші едім, дәл сол кезде бала күтімімен үйде отырғанмын. Пәтердің балконынан Республика даңғылының бойымен Бадам өзенінің сол жағалауындағы жарқабаққа орналасқан мазаратқа қарай ағылған көп халықты көріп таң қалғанмын. Мұндай халық нөпірін Совет Үкіметі кезіндегі 2 үлкен мереке – 7 ноябрь мен 1 май кезіндегі парадтарда көруші едік. Бұл – халықтың сүйікті перзенті Жұмабек Тәшеновті соңғы сапарға шығарып салған сәті болатын. Арада 36 жыл өткеннен кейін сондай көп халықты
2022 жылы 27 қарашада қаламгер Мархабат Байғұтты соңғы сапарға шығарып салуға арналған митингіде көрдім. Өмірінде кітапханалардың үлкен досы болған айтулы қаламгердің қазасы жайлы таныстарымның чаттарда жіберген хабарларынан көріп, білдім. Күнделікті тұрмыста қоян-қолтық аралас болмасам да, өмірде соншалық қадір тұтып сыйлаған адамыммен қоштасуға бармауды өзіме ұят көрдім.

  – Иә, дұрыс айтасыз, Шанин театрының іші-сыртында ине шаншар жер жоқ. Не деген ықылас, не деген қимастық десейші, жиналған көп халық ішіндегі әрбір адамның жүрегінде! – деп Қызбаланың сөзін жалғадым.

– Тоқтаңыздар, жазушы Мархабат Байғұт туралы айтып жатырсыздар ма?

Әңгімеге дүкенші келіншек араласты.

– Ол кісі қайтыс болды ма? Қандай өкінішті?! 1986 жылы осы қаладағы №12 мектеп-интернатта жазушымен кездесу болған. Тәрбие завучы жас апайымыз ол кісімен қызық кездесу өткізген еді. Мен 8-сыныпта оқитынмын. Жазушыны осы интернаттың түлегі деп ойлаппын. Есімде қалғаны ағамызда: «Білдей жазушымын, 5-6 кітап жаздым, біраз нәрсе тындырдым» деп көкірек керу жоқ. Қайта 15-17 жастағы біздерді өзімен қатар қойып, көтермелеп отырды, аракідік сұрақ қойып әңгімесіне тартты. Алдымызда қаншама мақсат, сансыз таңдау тұрған керемет жаста екенімізді айтып, біздерге қызыға қарады.

– Сол 1986 жылы жазушымен кездесу өткізген, «интернаттың қызы» атанған жас апайың алдыңда тұр, –  дедім дүкенші қызға.

– Кешіріңізші, апай, солай ма? – деп біраз аңтарылып қалды. 36 жыл деген аз уақыт емес қой. Бойыңыздан сол апаймен бір ұқсастық көретінмін. Туысы ма екен әлде өзі ме екен деп те ойлап қоямын, – деді дүкенші қыз толқып тұрып, сөзін жалғап.

– Таңның атысы мен күннің батысына дейін интернаттың 500 баласын жатқызып, тұрғызатын, бір тыным таппайтын, еш шаршамайтын және айтқанын орындатпай қоймайтын, 30-дан жаңа асқан жалындаған жас едіңіз. Менің де жасым қазір 50-ден асты. Сол кездегі Сізден қазір мен әлдеқайда үлкенмін. Әңгімелеріңізді естіп балалық шағым есіме түсті. Ол кезде біз үшін кітаптан артық нәрсе жоқ еді. Кітапқа үйір болуым сол жазушымен кездесуден кейін басталды. 9-10 класта әдебиеттен өзіңіз сабақ бердіңіз. Әдебиеттен «5»-ке оқыдым, өкінішке орай жолыңызды қуа алмадым. Заманыма қарай кәсіпкер боп кеттім, – деді шәкіртім, «Арай» дүкенінің иесі Нұржамал.

– Екі-үш жыл көз алдыңда жүрген, сабақ берген апайыңды ұмыта жаздағаныңмен, өміріңде бір-ақ рет кездескен жазушы М.Байғұтты ұмытпауың тегін емес. Шіркін, тасқа басылған сөздің құдіреті күшті ғой. Ең үлкен ұстаз – кітап, сол кітапты жазған адам, яғни жазушы. Жазушы – өмір мектебінің үлкен ұстазы, мектепте сабақ берген ұстаздан да артық. Ұстазы мен шәкіртін 36 жылдан кейін болса да табыстырған қаламгерге мың да бір рақмет!

* * *

1985 жылы жазушының «Интернаттың баласы» кітабы жарыққа шықты.

1961 жылы шалғай аудандардағы малшы балалары үшін ашылған №12 мектеп-интернатта директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарамын және өз мамандығым бойынша 9-10 сыныптарда әдебиет пәнінен сабақ беремін.

Өзім 1961-1969 жылдары оқыған, 1977-1988 жылдары аға жетекші, мұғалім, директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарған оқу ордасымен 20 жылға жуық өмірім байланысты екен. 8 жыл интернаттың қызы болсам, 11 жыл интернаттың қызметкері болдым. Өзіме сабақ берген ұстаздарыммен бірге қызмет еттім, тіпті оларға басшы да болдым. Бірақ мені апай, ағайларым еркелетіп «интернаттың қызы» дейтін.

Тәуелсіздік жылдары сол мектеп-интернатты ашылған күннен бастап 23 жыл басқарған Социалистік Еңбек Ері Маржан Тасованың аты беріліп, дарынды балаларды үш тілде оқытатын мектеп-интернатқа айналды.

Тәуелсіздікке дейін қазіргі Ордабасы алаңындағы ескі универмаг ғимаратының қасында 2 қабатты үйде «Білім» («Знание») деп аталатын жалғыз кітап дүкені бар болатын. Онда, негізінен, көркем әдеби кітаптар мен ғылыми әдебиеттер сатылатын. Мамандығым филолог, қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы болғандықтан, жол түскен сайын ол дүкенге кірмей өтпейтінмін.

Мамыр айында мектептерде жұмыс қызып кетеді. Мерекелер, тәрбиелік іс-шаралар көбейіп, ешқайда мойын бұра алмай, кітап дүкеніне бір аптадай бас сұға алмадым. Сол күндердің бірінде кітап дүкеніне кірген әріптестерімнің бірінен кітапханашы қыздар: «Пәлен күні, пәлен сағатта Сұлушаш жоғары сыныптардың 40-50 оқушысын алып келсінші, жазушы Мархабат Байғұтпен кездесу болады», –  деп дұғай сәлем айтыпты.

24 сағат мектеп қабырғасында жүретін оқушылар үшін тәрбиелік іс-шаралардың жиі өткізіліп тұруына балалар да, оларға қарайтын біздер, педагогтар да зәруміз. Сондықтан «Іздегенге сұраған» дегендей, айтылған уақытта, айтылған жерге екі сыныптың оқушыларын алып бардым. Мен де, оқушыларым да қаламгермен алғаш рет осылай кездестік. 

Жазушы мен оқырманның сұхбаты түріндегі кездесу өте әсерлі өтті. Тірі жазушыны көру, онымен жүздесу, сұхбаттасу, сырласу балалар үшін аса қызықты болды. Мархабат Байғұттың мәнді, мазмұнды әңгімесі, балалық, жастық шағына шегініс жасап айтқан үзік сырлары өтпелі кезең жасындағы оқушыларымды әдемі ойлар мен қызықты қиялдарға жетелегенін көріп, іштей риза болдым. Алғаш рет өзімді шәкірт үшін қуанатын ұстаздай сезіндім. Жазушымен танысу осылай «Білім» («Знание») кітап дүкенінде басталған еді.

Өзім де, балалар да жақсы ағаның әсерлі әңгімелеріне қанбай қалғандай сезімде болдық.

* * *

  Өмірінің жарты ғасырын шығармашылыққа арнаған М.Байғұттың көркем-әдеби мұрасы өте қомақты. Ол терең ой мен сезімге құрылған көркем әңгіме мен хикаят жазудың қас шебері, сөз зергері атанған нағыз кәсіби қаламгер еді. Еліміздегі 800-ге жуық қаламгердің алдыңғы легіндегі санаулылардың қатарында болды. Жазушының көркем-әдеби мұрасы бірнеше ғылыми зерттеу еңбектерге, кандидаттық, докторлық диссертацияларға арқау болуға әбден лайық. Оның жазушылық шеберлігі – өз алдына бөлек әңгіме. Бір мақала, бір естелік аясына оны сыйғызу мүмкін емес.

Жазушылығы ерекше Махаңның адами келбеті де кісі қызығарлықтай еді. Ол еліне қалам қайратымен ғана қызмет еткен жоқ. Елдігіміз сынға түскен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңде идеология майданының бел ортасында белсенді әрекет еткен қайраткер де еді. Оны қайраткер еткен бұлбұл шешендігі, дүлдүл көсемдігі десек, қателеспейміз. Кез келген аудиторияны өзінің мықты логикаға сүйенген қарапайым ғана тілімен баурап алатындығы соншалық, ол сөз алғанда, бүкіл жиналған қауым ұйып тыңдап қалатын, терең ойға шоматын, ізгі әрекеттерге, жақсы істерге ұмтылатын. Махаңның шешендігімен қатар жүретін көсемдігі жайында да айтпауға болмайды. Сонау 90-жылдардан бастап күні кешеге дейін «облыстағы идеология майданы қайраткерлерінің, әдебиет майданы сарбаздарының көсемі болды» десек, артық айтқандық емес.

Тіл басқармасында бірінші басшы болып жүрген уақытында оңтүстік өңіріндегі мемлекеттік қызметкерлерден бастап мәдениет, білім, денсаулық, қызмет көрсету, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлік саласы қызметкерлеріне дейін ұлттық тарих, дәстүр, әдет-ғұрып, ана тілі сияқты рухани құндылықтардан тыс қалмауы керектігіне баса назар аударды. Көше бойларында, биік үйлердің қабырғаларында қаптап кеткен жарнамалардың сауаттылығына, қызмет көрсету саласы мамандарының тіл мәдениетіне көңіл бөлді. Олардың мемлекеттік тілде таза, сауатты сөйлеуінің қаншалықты маңызды екенін ұғындыру үшін үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп отырды.    

Төлеген ақын кезінде: «Шар айнада алты бұрым ойнаған» деп үш апасын жырға қосқан екен. Махаңның да алдында үш апасы, соңында қарындасы болды. Анасына, әпке-қарындастарына, жан-жары Қыздаркүлге деген сүйіспеншілігі, жанашырлығы әр шығармасында көрініс тауып отырды. Сондай-ақ бір облыстың бүкіл кітапханаларында қызмет істейтін ондаған қыздар, мектептерде, ЖОО-ларда қызмет істейтін жүздеген мұғалім, оқытушы қыздар, музей, архив, тағы басқа мәдениет мекемелерінде, газет-журнал редакцияларында, баспа орындарында қызмет істейтін қыздардың бәрі Махаңды ерекше жақсы көріп, сыйласты. Өйткені оның бойында Абай атамыз айтқан: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», яғни толық адамға тән қасиеттердің барлығы да бар еді. Ыстық қайраты – Махаңның бойындағы ерекше еңбекқорлығы, «инемен құдық қазған» ізденімпаздығы, қайтпас қажыр-қайраты. Нұрлы ақылы – Жаратқанның берген сыйы жазушылық, суреткерлік дарыны, көркем ойлау қабілеті, парасат пайымы, ойға жүйріктігі, зеректігі. Жылы жүрегі – Махаңның бойындағы адамдық ізгі қасиеттері, мейірімділігі, қайырымдылығы, досқа адалдығы, дұшпанына да жамандық тілемейтін кең пейілі, дархан көңілі, адамзаттың бәрін сүйетін бауырмалдығы.

«Жақсы әке балаға 40 жыл азық» дейді, материалдық тұрғыдан қарағанда солай-ақ шығар, Махаңның өмір бойы көз майын тауысып, жүрек сүзгісінен өткізіп, жазған 40-50 кітабы, рухани мұрасы – оның өз ұрпақтарына ғана емес, дүйім қазақ жұртына да мәңгілік рухани азық. Материалдық жағынан аса бай болмаса да, рухани жағынан Махаң өте бай адам болып ғұмыр кешті. Өткен жазда ауырардың алдында ғана қоржын-қоржын қағаздарын арқалап, үлкен шығармашылық жоспарын жүзеге асырмақ болып, Қыздаркүлін қасына алып, туған елі Пістеліге барған екен. Бірақ ол жоспарды жүзеге асыруға Махаңның бүкіл шығармашылығының сүзгісі-фильтрі болған жүрегі мұрсат бермеді. Шіркін, «Махаң тірі болғанда, алдымызда әлі де 10-15 жыл жүре тұрғанда, рухани өмірімізді, дүниемізді бұдан әрі байыта түсер еді» деп арман қыламыз. Махаңды әлі де өлді деуге қимаймыз.

«Сіз өлген жоқсыз, Маха, артыңызда өлмейтұғын мол мұра, тамаша тәрбиелі ұл-қыз, ұрпақ, перзенттер қалдырдыңыз. Қабырғасы қайысып, Сізді жоқтаған дүйім жұрттың бәріне көңіл айтамын. Жаратқан Ием оны алдынан жарылқасын. Махаң еккен адамшылық, ізгілік дәндері әр кеудеде өсіп-өне берсін. Махаңның туған елі аман болып, ол 30 жыл қызмет еткен жалғыз Отанымыз – Қазақстан Республикасының халқы бейбіт күндерде бақытты ғұмыр кешсін деп тілейік!

Сұлушаш Бекмырза,

филология ғылымдарының кандидаты,

доцент, ХҚТУ профессоры.

Қадірлі қаламгер Мархабат Байғұттың жылдық асы 30 қыркүйек күні Шымкент қаласындағы «Шымкент-Холл» мейрамханасында өтеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *