Сібір жарасы – зооноз тобындағы жедел аса қауіпті жұқпалы ауру. Ол дене қызуының көтерілуімен, лимфа жүйесінің зақымдалуымен және ағзаның ауыр түрде улануымен сипатталады. Сібір жарасы терілік, өте сирек ішектік, өкпелік және сепсистік формада өтуі мүмкін. Аурудың қоздырушысы – таяқша пішінді, қозғалмайтын аэробты бактерия. Бұл бактериялар адам мен жануарлардың ағзасынан тыс жерлерде споралар түзуге қабілетті, топырақта ұзақ жылдар бойы спора түрінде кездеседі. Инфекция көзі науқас жануарлар болып табылады: ірі қара мал, жылқылар, есектер, қойлар, ешкілер, бұғылар, түйелер. Ауру адамнан адамға жұқпайды.
Сібір жарасы көбіне тері жамылғысын зақымдайды, сирек түрде ішкі мүшелерді де зақымдауы мүмкін. Инкубация кезеңінің ұзақтығы терілік формада бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсистік формада 6-8 күн. Терілік формада дененің ашық жерлері зақымдалады. Қоздырғыш енген жерде алдыменен диаметрі 1-2 см, қызыл-көкшіл түсті, ауырмайтын дақ пайда болады. Сол жер қышиды, ашиды. Дақтың орнында мыстың түсіндей папула пайда болады. 12-24 сағаттан кейін іші серозды, соңынан қанды сұйықтыққа толы везикулаға айналады. Осы везикула жарылғаннан кейін, жиектері көтеріңкі, түбі қоңыр түсті жараға айналады. Осы кезден бастап оны карбункул деп атайды. Жараның айналасы қызарып, ісіп тұрады. 1-2 аптадан кейін карбункулдың ортасы қарайған тығыз, ауырмайтын некрозды қабыршаққа айналады. Осы қабыршақ айналасындағы қызарған терінің ортасындағы қара дақ, қызыл шоқтың ортасындағы көміртәрізді көрінеді. Оның айналасында сезімдалдық мүлде болмайды. Лимфа түйіндерінің ұлғаюы болады. 2-3 аптаның соңына қарай қабыршақ түсіп, оның орны тыртықанады. Карбункулдың ең көп ораналсатын жерлері – аяқ-қол, мойын және желке. Жергілікті қабыну процесі кезінде ағзаның жалпы улану белгілері болады. Әлсіздік, шаршағыштық, басының ауыруы, дене қызуы субфебрильдіден, 39-40ºС дейін көтеріледі. Адамда ауру 90-95% дейін терілік формада болады. Терілік форма 80% жағдайда жеңіл түрде, 20% ауыр түрде өтеді. Дер кезінде емделмеген немесе кеш емделген терілік түрде өлім 5% дейін жетеді. Ішектік формада ауру ауыр уланумен, геморрагиялық энтероколитпен көрініс береді, үрдіс аз уақытта сепсиске ұласады. Өкпелік түрінде ауыр геморрагиялық плевропневмония дамиды. Өкпелік-ішектік формаларында өлім 80-100% дейін жетеді. Аурудың бастапқы кезеңіндегі алғашқы белгілер байқалған жағдайда науқас міндетті түрде ауруханаға жеткізіліп медициналық көмекке жүгінуі қажет. Дәрігерге дер кезінде қаралып, ем алған жағдайда дерттен толығымен жазылып кетуге болады.
Алдын — алу шаралары. Адамдар мен жануарлар арасында Сібір жарасының алдын алу шарасы — жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу. Сібір жарасына қарсы жоспарлы профилактикалық егуді денсаулық сақтау ұйымдарында жануарларды, жануардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (сою), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын ет өңдеу кәсіпорындарының, мал соятын пункттердің, мал соятын алаңдардың және ішкі сауда объектілерінің жұмыскерлеріне үй жануарлар мен ет комбинаттарында, мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтіндерге, тері-жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға жүргізіледі. Адам ағзасында Сібір жарасына төтеп бере алу қасиеті егуден кейінгі 12-14 күнде пайда болады да, 12 айға жуық сақталады. Егілген тұлғалар жұмысқа 2 аптадан соң ғана жіберіледі және жыл сайын екпе алып отырулары қажет. Сонымен қатар, үй жануарларына Сібір жарасына қарсы екпе жүргізу қажет. Екпе жүргізу ең тиімді әдіс болғандықтан, жануарлардың барлығын қамтуға тырысқан жөн. Бүгінгі күнде егу жұмыстары жануарларды жоспарлы тексеруден өткізу кезінде ветеринарлық мекемелердің тарапынан тегін жүргізіледі.
Ауру қоздырғыштары ағзадан тыс жерде тек ауаның әсерінен пайда болатынын ескере отырып, өлген жануардың терісін кесуге болмайды және өлексені аң-құстардың тасуына жол берілмеу керек. Себебі, мұның салдарынан жаңа ошақтар пайда болуы мүмкін. Өлген малды терісімен бірге өртеу немесе қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып арнайы орындар – мал көметін жерлерге өртеу үшін ветеринарлық мекемеге хабарлау қажет. Ауру мал жатқан немесе сойылған орынға басқа жануарларды жіберуге және адамдардың сол жерде жұмыс істеуіне тыйым салынады.
Малды сою ветеринарлық мамандардың рұқсатымен арнайы орында жүргізілуі тиіс.
Ет және басқа да жануарлардан алынатын өнімдерді арнайы мал дәрігерінің бақылауынан өтпеген, сатуға рұқсат құжаттары жоқ жеке тұлғалардан алуға болмайтындығын есте сақтаңыз! Мал еті ветеринарлық тексеруден өткізіліп, анықтама бергеннен кейін ғана сатылуы керек.
Б.Идияева, Шымкент қаласы Қаратау ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы .