Мәселе

Қоқыс айналаны ластамасын десек…

Қоршаған ортаның ластану көздері қаупіне тұрмыстық қатты қалдықтар себепші болуда. Бұл мәселе өзектілігін жоймай отыр.

     Қоршаған ортаның ластануы – адамға  және табиғи экожүйеге зиянды әсер ететін физикалық-химиялық және биологиялық заттардың қоршаған ортаға нұқсан келтіруі. Қоршаған ортаның ластануы табиғи және антропогендік болып бөлінеді. Табиғи ластану күшті табиғи процестер салдарынан (жанартау атқылауы, сел жүру, топан су басу өрт т.б).  Антропогендік ластану адамның шаруашылық іс-әрекетінің салдарынан қалыптасады. Антропогендік ластануға өндірістік, тұрмыстық қалдықтар мен әр түрлі улы заттардың қоршаған ортаға белгілі мөлшерден тыс шығарылуы.   

     Тұрмыстық қатты қалдықтар – бұл орталықтарда және олардың әсер ету аймақтарында шығарылатын қалдықтар. Қалдықтар үйлер мен пәтерлер, дүкендер мен кеңселерден, ауруханалардан, қоғамдық тамақтану орындарынан шығарылады. Жалпы айтқанда,  тұрмыстық қатты қалдықтар ел-елде, өндіріс ошақтары мен қарапайым адамдардан шыққан түрлі қоқыстар.  Олар: қағаз, пластик немесе шыны бөтелкелер, картоннан жасалған контейнерлер, металл сынықтары, резеңке ағаш, мата, қалбырлық консервілер,   синтетикалық қалдық түрінде болады. 

     Қатты тұрмыстық қалдықтардың басым бөлігі компоненттерге бөлінбестен, яғни сұрыпталмастан ашық қоқыстарға, қалалық көму полигондарына шығарылады. Шашылған қалдықтар желмен, сумен ауаға топыраққа тарап, қоршаған ортаға келтірер зияны дүние жүзілік дертке айналып түрлі жұқпалы ауруларды атап айтқанда, жіті ішек инфекциялары, тырысқақ, ішекқұрт, дизентерия, гепатит, туберкулез сияқты түрлі инфекциялық ауруларды тудыратын бактериялар ұзақ уақыт бойы сақталады.  

     Қатты тұрмыстық қалдықтардың құрамында патогенді микроорганизмдер болады және санитарлық-эпидемиологиялық тұрғыдан қауіпті. Олар кеміргіштер мен шыбын-шіркейлерге құнарлы орта болып табылады, ал шіріген кезде жағымсыз иістер пайда болады. Сонымен қатар жәндіктер, құстар, кеміргіштер арқылы бактериялар мен вирустар алыс қашықтықтарға тарайды. Зиянды қалдықтардың шектен тыс мөлшері бүкіл адамзатқа, қоршаған ортаға зиянын тигізеді. Жер бетіндегі  зиянды заттардың  жинақталған массасы  топырақ жамылғысына, өсімдіктерге, жер үсті және жер асты суларына жағысыз әсерін тигізеді. Жазғы мерзімде ҚТҚ өрт шығу жағынан өте кауіпті. Сондықтан санитарлық талаптар бойынша ҚТҚ-ды пайда болу орнынан тез шығарып тастау қажет.

    Елді мекендер аумағында қалдықтарды жинау, пайдалану, қолдану, залалсыздандыру, тасымалдау, сақтау және көмуді мамандандырылған ұйымдар жүзеге асырады. Шағын елді мекендерде ҚТҚ жинау, шығару және көму орындарын күтіп-ұстау бойынша мамандандырылған ұйымдар болмаған жағдайда жергілікті атқарушы орган қызметінің бақылауымен және қызмет көрсетуімен қалдықтарды өз бетімен шығаратын орындар ұйымдастырылады. Көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында көлік кіретін жерлері бар, қалдықтарды жинауға арналған контейнерлерді орналастыру үшін арнайы алаңдар бөлінеді. Алаң қатты жабынмен  абаттандырылады және үш жағынан қалдықтардың желмен таралу мүмкіндігін болдырмауға  қажетті биіктікте қоршалады. Тұрмыстық қалдықтардың тиісті орындарға жеткізіліп, ашықтан-ашық шашылып жатпауына өз үлесімізді қосайық. Адамзатқа  қажетті табиғи тарихи қалыптасқан тіршілік ортамызды таза сақтайық.

С.Сарсенбаев,
Абай ауданы СЭББ басшының міндетін атқарушы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *