Басты жаңалықтар Шымкент

Еңбектің берекесін көріп отыр


Еңбек адамына деген құрмет қоғамда қалыптасып-ақ келеді. Масылдықты малданбай, маңдай терімен нәпақа тауып жүрген отбасылар Шымкентте көбейе түскен. Ал олардың еңбегін бағалау, қоғамда өз еңбегімен жетістікке жетіп жүрген азаматтарды қолдау тұрғысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасы бар.

Қалалық әкімдіктің бастамасымен қарапайым еңбек адамдарын елге таныту, кәсіптеріне қажетті мемлекеттік қолдау қажет болған жағдайда арнайы бағдарламалардың барын түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізіліп тұрады. Еңбегімен еленген жандардың бірі – Шымкент қаласының тұрғыны Құдайберген Иманалиев. Бұрын спорт жаттықтырушысы болып қызмет етті. Алайда, жылқы малына деген қызығушылығы басым түсіп, 7 баланың әкесі атбегілікке бет бұрды. Былтыр мемлекеттен қайтарымсыз грантқа ие болып, оған екі бие сатып алған. Қазір бие сауып, қымыз баптап, тапсырыспен оны саудалап бала-шағасын асырап отыр. Күн өткен сайын қорасында мал басын көбейтіп келеді.

 –Жылқы – төрт түліктің төресі ғой. Ұл-қыздарымның несібесі болса керек, кәсібім тұрақты табыс әкелуде. Бие сүті көрші-қолаңнан да артылмай жатыр. Қымызын қаладағы ұлттық тағам әзірлейтін мейрамханалар сатып алады. Ұлым мал дәрігерлігіне оқуға түсті. Бұйырса алдағы уақытта мал басын көбейтіп, кәсіпті кеңейтпек ойымыз бар, — дейді Құдайберген Иманалиев.

Былтыр мегаполисте 1195 азамат 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде мемлекеттік грантқа ие болған. Биыл әлеуметтік осал топты азаматтарға арналған грантты 447 адамға беру жоспарланған. Жыл басынан бері өткізілген бірінші және екінші лектің нәтижесінде қазірге дейін 228 азамат оң қорытынды алды.

Қазір III-лек бойынша өтінім қабылдау жүріп жатыр. Оған бүгінгі күнге дейін 300-ден астам азамат қатысуға өтініш берген. Үміткерлердің бизнес-жоспарларын әлеуметтік әлеуетіне қарай тәуелсіз комиссия құрамы іріктейді. Комиссия құрамында қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері, кәсіпкерлер мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мүше. Өтінішті азаматтар «Business.enbek.kz» порталында электрондық цифрлық қолтаңба арқылы онлайн режимінде жолдай алады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *