Жақында Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновке берілген
басты тапсырмалардың бірі — мегаполистегі жұмыссыздар санын азайту, жұмыс
орындарын ашу арқылы олардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасау, осылайша
тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына негіз қалау болғаны рас.
Осыған байланысты бірқатар нақты жобалар қолға алынып, оларды жүзеге асыру ісі қарқын ала бастады. Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту» орталығының мамандары биыл 57 181 адам жұмыспен қамтылады дейді. Оның 30 500-ін «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жұмыспен қамту көзделген. Сондай-ақ, 57 181 азаматтың 42 714-і тұрақты, 6 617-сі уақытша жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Ал, «Жұмыс берушілердің сұратуы бойынша оқу ұйымдарында жұмыссыздарды кәсіптік оқытуды ұйымдастыру» бағдарламасымен биыл 1671 азаматты оқыту көзделуде.
– Еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік мамандықтарды оқыту бойынша қаламызда өткен жылы 2400 адам қысқа мерзімді курстарда білім алды. Бұл бастама елімізде жұмыссыздар қатарын азайтып, кәсіпорындардағы кадр тапшылығы мәселесін шешуге үлес қосып отыр, – дейді Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жолдасбеков.
Биыл «Отбасының цифрлық картасы» ұлттық жобасы іске қосылып, тұрғындарға әлеуметтік статусына қарай мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін SMS хабарламалар жіберілуде. Мәселен, бұл жүйе бойынша АӘК алушылардың орталыққа құжат тапсыруы талап етілмейді. Ұялы байланысқа түскен SMS хабарламаға жолданған жауап арқылы әлеуметтік көмек алушының өтінімі қабылданған соң, арнайы комиссия тексеріп, тағайындайды.