Бүгінде сушиды жемейтін адам кем де кем. Өйткені аз уақыт ішінде жапон асханасының бұл тағамы қалада ғана емес, ауыл-аймақта да дами бастаған. Күріш, күріш сіркесуы, шикі балық, васаби, теңіз балдыры, имбирь мен соя соусынан жасалатын суши адам ағзасына пайдалы ма, зиян ба?
Сушидың шығу тарихына тоқталатын болсақ, бұл тағамның атауы емес, балықты сақтау әдісі ретінде қолданылған. Қазіргі кезде суши әзірлеу үшін жиі қолданылатын балық түрі ол тунец екен. Жапонияда суши дайындаудан шебер болу үшін кемінде бес жыл дайындықтан өту міндеттелетін болған. Содан соң ғана қоғамдық тамақтану орындарында суши дайындауға рұқсат берілген. Онда екі жыл күріш дайындаудың әдісі үйретілсе, қалған үш жылда балықты әзірлеудің қыр-сыры үйретілген.
Суши құрамына кіретін ингредиенттер термиялық өңдеуден жартылай ғана өтетін болса, сушидың кейбір түрлерін әзірлеуде балық толығымен шикі болады. Шикі балық құрамында паразиттердің личинкалары мен жұмыртқалары болуы мүмкін, ал шикі балық филелерін үнемі жеу адам ағзасында паразиттерді жұқтыру қаупін арттырады.
Сондықтан шикі балықтың дұрыс сақталғанына көз жеткізумен қатар, қауіпсіздігін растайтын құжатының болуына мән берген абзал. Сонымен қатар сушиды жасауда бірнеше сағат, күн бойы сақталған балықты емес, тек балғын балықты пайдалану қажет. Сондықтан тапсырыс берерде белгілі қоғамдық тамақтану орындары мен аспаздардың өнімін пайдалнуға дағдыланыңыз.
Тамақтан уланудың алдын алу мақсатында тағам әзірлеу объектісінің жұмысшылары таза арнайы киіммен қамтамасыз етілуі, жеке бас гигиенасы ережелерін, санитарлық-гигиеналық талаптарды, тамақ өнімдерін дайындау, орау және жеткізу кезіндегі технологиялық процестерді сақтауы қажет. Өнімді жеткізуде ластануды болдырмау мақсатында бір реттік тұтыну қаптамасында (бір рет қолданылатын ыдыс-аяқ) жүзеге асырылып, өнімді дайындаған күні мен уақыты көрсетіледі.
Жалпы сушимен улану жағдайлары кәдімгі тамақтан улану секілді өтеді, немесе адам ағзасына ұзақ өмір сүретін, көбейе беретін паразиттер пайда болады. Паразиттер бірден болмаса да, уақыт өте адам ағзасында бар екендігі жөнінде белгілерін бере бастайды. Оны зертханалық талдаулар нәтижесінде ғана анықтауға болады.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезден бастап (жүрек айнуы, құсу, бас ауруы, диарея) уақытты жоғалтпай, дереу дәрігерге хабарласыңыз! Өйткені, ауырып ем іздегеннен, алдын алған жақсы!
А. Дәулетова, Шымкент қ. СЭБД бөлім басшысы.