Қоғам

Ордабасыдағы оңды істер 

          

Өткен аптада Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов Бөржар мен Шұбарсу ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, жыл басынан атқарылған жұмыстарға, алдағы жоспарларға кеңінен тоқталды.

Аудан басшысының тұрғындарға берген мәліметіне сүйенсек, Бөржарда жыл басынан бері ауылшаруашылық саласына 301 млн теңге инвестиция тартылған. 40-қа жуық шағын және орта бизнес субьектісі жұмыс істеуде.

Бұйыртса, осы жылдың тамыз айында Қайнар елдімекеніндегі Төлтай, Дүйсенбин көшелерінің, Ұялыжар ауылындағы Сәтбай, Кемелбеков көшелерінің ауыз су жүйесі толық аяқталмақ. Жамбыл мен Бірлік ауылдарын газдандыру жұмыстары да биыл аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар, биыл Ұялжардағы Т.Бокин, Ынтымақтағы Б.Шолақ, Қайнардағы Қажымұқан-2, Жамбылдағы Қалбырұлы, Бірліктегі Валиев және Теспе ауылының ішкі көшелері орташа жөндеуден өткізіледі деп жоспарланған. Ал, Ынтымақ ауылындағы Жаңақұрылыс аумағына тас төсеу жұмыстары жүргізілмек.

Биыл Қайнар ауылындағы Антеев көшесіне жарықтандыру құралдарын орнату, Ынтымақ ауылындағы Самал көшесіндегі электр желілері ағымдағы жөндеуден өткізу, Ұялыжардағы Төлеби көшесіне балалар алаңшасын орнату жоспарланып отыр екен. Ықылас-темір ауылында ФАП іске қосылады. Сондай-ақ, алдағы уақытта Бөржар ауылдық округінде «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына енгізіп, құс шаруашылығын дамытуға ниет білдірген бөржарлықтарға 2,5 пайыздық несие беру жоспарлануда. Аудан әкімі Бөржар округінде жүзеге асырылатын осы және тағы басқа жобалар, нысандар туралы толық мағлұмат беріп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Қазіргі таңда Шұбарсуда кезең-кезеңімен газдандыру, ауыз су құбырын, электр желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, газдандыруды тамыз айында толық аяқтау көзделсе, таза ауыз су қарашада қарашаға жетпек. Одан бөлек, электрлендіру жұмыстары да тамыз айында бітіп, жыл соңына дейін Шұбарсудың тұрғындары толығымен сапалы электр энергиясын пайдаланбақ.

Осы жылы бірнеше көше орташа жөндеуден өтіп, бірқатарына тас төселеді екен. Шұбарсу ауылында халық өсімі тез байқалуда. Сондықтан білім ошақтарына деген сұраныс та артып отыр. Осы тапшылықты жою үшін келесі жылы Шұбарсуда «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасымен екі мектептің құрылысы басталатыны жайлы жақсы жаңалық тұрғындарға үлкен қуаныш сыйлады.

Мегаполиспен іргелес жатқан бұл ауылда ауылшаруашылығының дамуына да жағдай жасалған. Нақты айтар болсақ, 12,8 гектарға жылыжай кешенін салу жоспарлануда. Жылыжай шаруашылығымен айналысуға ниетті 60 адамға 0,15 гектардан жер берілетін болады. Осы және басқа да жұмыстар бойынша шұбарсулықтарды құлағдар еткен аудан әкімі жиын соңында тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Ұ. ТӘМЕНОВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *