Әлеумет

Тырысқақ тұзаққа түсірмесін


Тырысқақ асқазан — ішек жолын зақымдайтын, құсу мен іш өту салдарынан ағзаның сусыздануына әкелетін аса қауіпті жедел ішек инфекциясы.

Тарихта тырысқақ ауруының бірнеше пандемиялары тіркеліп, Египет, Индонезия елдерінде орын алған. Қазақстанмен тығыз қарым — қатынастағы Азия мемлекеттері: Пәкістан, Үндістан, Түркия, Қытай, Иран, Ауғанстан, Индонезия, Бангладеш және т. б. елдер тырысқақ жөнінен қолайсыз аймақ болып саналады.

Бұл аурумен ауырып қалмас үшін әр адамның тырысқақ ауруы жайлы түсініктері болуы қажет.

Тырысқақ ауруының қоздырғышы вибрион, суда көп уақыт сақталады, кептіруге, күн сәулесінің тікелей әсеріне, қайнатуға төзімсіз. Қоздырғыш су, тағам, тұрмыстық — қатынас жолдарымен жұғып, аш ішекте көбейіп, ауру тудырады. Аурудың жасырын кезеңі орташа 5 тәулікті құрайды. Жұқпаның көзі науқас адам немесе қоздырғыш тасымалдаушы болып табылады.

Тырысқақ ауруының белгілері: ішек қызметінің бұзылуы салдарынан жүрек айнып, лоқсып құсу, жиі -жиі іш өту (ауыр түрге айналса күніне 20 -30 ретке дейін), дәреттің түрі күріш қайнатпасына ұқсас болады. Осының нәтижесінде ағзадан су және микроэлементтер көп мөлшерде шығып, ауыр түрімен ауырған адамдар 20-30% дейін салмағын жоғалтады. Ауырған адамның халі өте нашар: денесі сұрланып, суық тер жауып тұрады, денесінің температурасы 34-35 градусқа дейін төмендейді, көзі шүңірейіп ішіне кіріп кетеді, терісі қатпарланып, жиырылады, тырысады, қан қысымы төмендейді, дауысы әзер шығады немесе мүлдем шықпай қалады (афония), егер адамды дер кезінде емделмесе, ол қайғылы жағдайға ұшырайды.

Тырысқақ дертінің алдын-алу үшін келесі ережелерді сақтау қажет:

-Жеке бас гигиена талаптарын қатаң сақтау;

-Ішуге әрдайым қайнаған су қолдану;

-Ас ішер алдында және әжетханадан кейін қолды сабынмен тазалап жуу;

-Көкөніс пен жеміс — жидекті пайдаланарда оларды сумен тазартып жуу;

-Тез бұзылатын тағамдарды белгіленген температурада тоңазытқышта сақтап, оларды жарамдылық мерзімі шегінде пайдалану;

-Ластанған су көздерінде шомылмау;

-Тырысқақ ауруынан қолайсыз елдерге сапарға шыққанда сақтық шаларын сақтау;

-Ауруға ұқсас белгілер пайда болғанда дереу медициналық көмекке жүгіну.

Қадірлі қауым, бұл ережелерді әр дайым есте сақтаңыздар!

А. Асанбаева, Шымкент қаласы Еңбекші ауданының

санитариялық эпидемиологиялық бақылау

басқармасының бас маманы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *