Тағамнан улану –санитариялық-эпидемиологиялық қызметті алаңдатып отырған өзекті мәселелердің бірі. Жыл мезгіліне сай нитрат қалдықтары бақша өнімдерінде мөлшерден тыс тіркелінуі орын алуы әбден мүмкін. Ауылшаруашылық өнімдерінің пісуін жеделдету үшін құрамында нитраттары бар тыңайтқыштар қолданылады. Өсірілетін алуан түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол, әрі сапалы өнім алуда тыңайтуды дұрыс ұйымдастырудың маңызы орасан зор. Жаздық ауыл шаруашылық өнімдерін егу кезінде және олардың өсуінің алғашқы кезеңінде де топырақта өсімдікке сіңімді азот мөлшері жеткіліксіз болады, сондықтан осы кезде тынайтқыш, әсіресе, азот тыңайтқыштары кеңінен пайдаланады.
Дегенмен топырақта нитраттар артық мөлшерде болғанда, олар толығымен өңделмейді, өсімдік өнімдерінде жиналып адам ағзасына түседі. Асқазан ішек жолында нитраттар азотты қышқылының тұздарына нитриттерге айналады да, организмді улайды. Нитриттер гемоглобинмен әрекеттесіп, метагемоглобин түзеді. Бұл зат тыныс алу орталығына зардабын тигізеді, Өйткені ол оттекті тасымалдауға қабілетсіз. Нитраттардың ең үлкен концентрациясы көкөністерде, әсіресе олардың жапырақтарында, тамыр жемістерінде, бақша өнімдерінде байқалады.
Адам ағзасына нитраттар тамақ арқылы түседі. Нитраттармен улану белгілері: жүрек қағысының жиілеуі, ентігу, естен тану мүмкіндігі, жұмысқа қабілеттің азаюы, ұйқышылдық, тез шаршау, бас ауруы іш ауру, жүрек айну, құсу, көз белогінің сарғаюы, бауырдың үлкеюі, ерін, бет және тырнақтың көгеруі.
Сондықтан, базарларда, сауда үйлері мен сауда қатарларында сатылатын ауылшаруашылық өнімдердің қауіпсіздігі мен тамақтан улану жағдайларының алдын алу мақсатында сатылатын, сатылымға жіберілетін өнімдердің токсикологиялық зертхана сараптамаларынан өткендігі жөнінде қорытындысы болуы қажет. Мысалға нитрат мөлшерінің тиісті шегі қарбызда 60 мг/кг, қауында 90 мг/кг, қызанақта 300 мг/кг, қияр мен сәбізде 400 мг/кг, тәтті бұрышта 200 мг/кг аспауы қажет. Тұтынушы ретінде, сатып алған өнімдердің нитрат қалдығына жасалған зертханалық қорытындысын талап ете аласыз!
Білгенге абзал! Үй жағдайында өзімізді нитратпен уланудан сақтауымыз үшін төмендегі кеңестерді назарға алған артықтық етпейді: көкөніс пен кез-келген жеміс жидекті тоңазытқышта сақтаңыз, мұқият жуыңыз және қабығын аршыңыз-бұл нитраттарды 15%-ға, сәбіз қызылша, картоп және капустаны 1 сағат суға салсаңыз 25-30%-ға кемітеді.
Жеміс –жидектер адамның тамақтануында ерекше орын алады. Жеміс –жидектер биологиялық белсенді заттардың көзі болып табылады. Олар адамның тәбетін ашады, асқорту жүйесінің сөл бөлу функциясына, өттің пайда боуына, ішектің перистальтикасына, яғни жиырылу функциясына жақсы әсер етеді, ағзада негізгі қышқылдық тепе-теңдіктің сақталуына әсер етіп, ағзаға пайдасы бар микрофлоралардың өмір сүруіне жақсы орта тудырады.
Л.Туртаева,
Шымкент қаласы
Әл-Фараби ауданы
СЭББ сан. гиг. бөлімінің
басшысы.