Шымкент

Агроөнеркәсіптік сектарда даму қарқынды

Шымкентте мал басы көбейіп келеді. Мал шаруашылығы саласында қарқынды даму бар. Атап айтсақ, сала мамандары ірі қара мал саны – 67,3 мыңнан, қой, ешкі —  80,7 мыңнан, жылқы — 10,8 мыңнан, құс — 807,6 мыңнан асты деп отыр. Бұл мал шаруашылығында өнімділіктің 6 пайызға өсіп, 4,5 мың тонна ет, 31,3 мың тонна сүт, 118,1 млн. дана жұмыртқа өндірілуіне негіз болған.

Шымкент қалалық ауыл шаруашылық және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыровтың айуынша, салаға қатысты тауар өндірушілеріне мал шаруашылығын қолдау мақсатында түрлі игі-шаралар қолға алынған. Мысалы, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиалы 17 жобаға 428 280 мың теңге жеңілдетілген несие қаражатын беріп отыр.

Мегаполистің агроөнеркәсіптік секторына инвестор тарту ісінде де ілгерілеушілік бар. Жақында ғана басқарма басшысы шымкенттік делегация құрамында Қытай елінде бірқатар іскерлік кездесулерге қатысып, келіссөздер жасасып қайтты. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында қытайлық инвестор – «Furui Deliang» Үрімші Сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-нің Қытай-Қазақстан тамақ өнеркәсібі кәсіпкерлері қауымдастығының атқарушы директоры Чжан Синьчжэ мырзамен өткен іскерлік кездесудің шымкенттіктер үшін нәтиже беретін күні алыс емес. Кездесу барысында басқарма басшысы инвесторды құс шаруашылығындағы қалдықтарды қайта өңдеу арқылы экологиялық таза құнарлы егістікке қолданылатын жоғары тиімді органикалық тыңайтқыштарды дайындау жобасы екі тарапты да қызықтырғанын айтады. Бұл Шымкент қаласы үшін ғана емес, еліміз үшін де тиімді жоба болмақ.  Қала аумағында арнайы қайта өңдейтін цех құрудың тиімділігі жоғары. Іскерлік кездесуге «Шымкент құс» ЖШС-нің директоры Айдар Досболов та қатысқан. Алдағы уақытта біріге жұмыс істеу үшін экономикалық тиімділік көрсеткіштері туралы бірқатар мәселелерді талқылаған.

Қытай Халық Республикасында болған сапары аясында басқарма басшысы Нанкин қаласындағы жылыжай, суару жүйесі, тыңайтқыштар, ет өндірісі саласындағы кәсіпкерлермен де кездесіп, тәжірибе алмасты. «Мысалы, «Jiangsu AgrioCom Iot Co.» компаниясы орнатқан суару жүйесімен танысу үшін «Zhang blueberry farm» фермасына барып, иновациялық суару жүйесін көріп, таныстым»,-дейді Ә.Жанбатыров. Мұндай тың жобаларды Шымкент қаласында да жүзеге асыруға мүмкіндік бар, ол алдағы күндердің жоспарына енгізіліп отыр. Бұдан бөлек, «Anhyi Baicao Agriculture Co.» «ShagyrAgroGroup» ЖШС компаниялары басшыларымен өткізген кездесудің нәтижесінде «ShagyrAgroGroup» ЖШС мен «Anhyi Baicao Agriculture Co.» компаниясы арасында ірі қара мал мен құс еттерін сату бойынша өзара келісім туралы екіжақты меморандумға қол қойылған. Шетелдік инвесторлар мал өнімдерінің сапасы мен тазалығына аса мән беріп отыр. Бұл орайда Шымкенттің малы барлық талап-тілекке сай.

Қала аумағындағы мал шаруашылығын дамыту ісінде ветеринариялық санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің рөлі жоғары. Бұл тұрғындардың денсаулығын қорғау үшін де маңызды. Осы мақсатта эпизоотиялық іс-шаралар жоспарына сәйкес, қала аумағындағы 715 400 малға профилактикалық екпе егу жұмыстары жүргізілді. Ал, 126 400 малдан диагностикалық қан сынамасы алынды. 16 404  уақ малдан, 12 386 ірі қарадан, 2 118 жылқыдан алынған төлдер сырғаланып, құжаттандырылды.

Естеріңізде болса, биыл сәуір айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен  «Әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі» кеңейтілген отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы және инфляция деңгейі басты назарда екендігі айтылған-ды. Осыған орай Шымкентте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қадағалау және делдалдық қызметті шектеу мақсатында құзырлы мекемелермен арнайы комиссия құрылған болатын. Комиссия отырысына базар өкілдері шақырылып, жанар-жағармай бағасының өсуіне қатысты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз қымбаттатуға жол бермеу және бағаны тұрақты ұстап тұру мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Базар басшыларына сауда қызметін реттеу саласындағы заңнамамен бекітілген тауардың шекті сауда үстеме мөлшерін асырған сауда субъектілеріне әкімшілік шаралар қолданылатындығы ескертілді.

Азық-түлік қорын жасақтауға негіз болатын ауылшаруашылығы тауарларын өндіру ісінде салғырттыққа жол берілмейді. Содан да болар биыл Шымкентте 27 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.

Оның ішінде 10,9  мың гектар дәнді дақылға, 3,4 мың гектар майлы дақылдарға арналып отыр. 3 мың гектар көкөністі бақша дақылдарына бөлінді. 0,5 мың гектарға картоп, 9 мың гектарға мал азықтық дақылдар егілді.

Шымкент қаласында жыл басынан баға индексі 103,9 пайызды құрады. Яғни өңірлер арасында азық-түлік тауарларының қымбаттау жағынан 14 орында. Жыл соңына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексін 10 – 12 орын аралығында ұстап тұру жоспарлануда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға өсімін алдын-алу шаралары бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне айналымға қарыз қаражат есебінен әлеуметтік сауда орындарының санын ұлғайту қолға алынған. Жылжымалы әлеуметтік көкөніс нүктелерімен қамтамасыз ету, маусымаралық кезеңде форвардтық келісім-шарт негізінде көкөніс өнімдерін белгіленген бағада сату, делдалдық қызметті шектеу шаралары жүзеге асуда.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *