Басты жаңалықтар Мәселе

Шымкентте қызылшамен ауырған 2 адам тіркелді

Қызылша дерті өршіп тұр. Шымкентте қызылшамен ауырған екі жағдай тіркеліп отыр. Соңғы үш жылда коронавирустан ағзасы әлсіреген халық арасында қызылша мен қызамыққа қарсы егу процессі төмендеді. Қазір Ресей, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және т.б. елдерде қызылша ауруы өршуде. Шымкент қаласында 2021-2022 жылдары қызылша ауруы тіркелген жоқ. Ал, биыл қылышамен ауырған адамдар бар. Тез таралатын жұқпалы аурудың алдын алып, қырағылық таныту қажет.

Қызылша – ауа арқылы өте жылдам таралатын вирусты жұқпалы ауру. Бұрын қызылшамен ауырмаған немесе ауруға қарсы вакцина алмаған адам қызылшамен ауырған адаммен байланыста болса, жұқтырып алуы мүмкін. 1963 жылы қызылшаға қарсы вакцина егуге және вакцина егу кеңінен тарағанға дейін, қызылша ауруының ірі эпидемиясы 2-3 жылда қайталанып, жылына 2,6 миллионға дейін адам өлген. Вирус сыртқы ортаға ауырған адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде түкірікпен бөлінеді. Вирустың тез тарайтыны соншалықты, сыртқы ортада тұрақсыздығына қарамастан, ауа толқынымен ғимараттың вентиляциялық жүйесі арқылы таралған жағдайлар да белгілі.

Инкубациялық кезеңнің  2-күні мен  бөртпелер шыққаннан кейінгі 4 күн аралығында ауырған адаминфекция көзі ретінде айналадағыларға қауіпті таратушы болады. Ал, 5-күннен бастап, бөртпелері бар адам ауруды жұқтырмайды. Бұл аурумен ауырып жазылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды. Қызылшамен ауырған аналардан туған бала 3 айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені осы аралықта олардың қанында анасынан берілген антиденелері сақталады. Жұқтырғаннан кейін бірінші белгілері 7 күннен 14 күнге дейінгі аралықта білінеді. Жұқтырған адам суық тигізіп алған сияқты ауырып бастайды. Дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі. Кейінірек конъюнктивит (көздің шырышты қабығының қабынуы), беттің шырышты қабығында (азу тістерінің тұсында) ұсақ ақ дақтар пайда болады. Аурудың 3-5 күні ашық түсті бір-біріне өзара ұқсас дақтар пайда болады. Ең алдымен олар құлақтың артында және маңдайда, содан кейін тез арада бет, мойын, дене және аяқ-қолға таралады. Ұсақ қызғылт дақтар тез арада үлкейіп, формасын өзгертіп, бір-біріне қосылады. Бөртпелердің қалың шыққан кезеңінен 2-3 күн өткеннен кейін дене қызуы 40,5 градусқа  қайта көтерілуі мүмкін. Бөртпелер 4-7 күн сақталады. Дақтардың орнында қоңыр пигменттер қалады, олар 2 аптадан кейін кетіп, тері қайта таза болады.

Қызылшаның асқынуы кезінде ең көп тараған түрі ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), соқырлық, бронхтық пневмония, мойын лимфотүйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит.    

Әрбір суық тиіп мазасызданған сәттен бастап, дер кезінде дәрігерді үйге шақыртып, тексеріліп-қаралу керек. Уақтылы диагноз қойып, ем тағайындап және ұйымдасқан ұжымда тіркелген жағдайда, ауру ошағын бұғаттап, әрі қарай таралуына жол бермеу мақсатында алдын алу іс-шараларын жүргізу маңызды.

Қызылшаның алдын алудың ең тиімді, сенімді және баламасыз жолы — вакцинация. Қызылшаға қарсы егу – вирусты жасанды жолмен тоқтату, нәтижесінде ағза өзін қорғайтын иммунитет қалыптастырады. Ең алғашқы вакцинация балаларға 12-15 айлығында, екіншісі 6 жаста жасалады. Егу тұрақты иммундық қорғанышты қалыптастырады. Қызылшаға қарсы қосымша егулер науқаспен қатынаста болған қызылшаға қарсы егілмеген адамдарға эпидемиологиялық көрсетіліммен 30 жасқа дейінгі адамдарға салынады.

Әбдіманап Төлебаев, Шымкент қ. СЭБД басшысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *