Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың
тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласының ауыл шаруашылығын дамыту ісінде кешенді
жобалар қолға алынып, бірқатары жүзеге асуда.
Орайы келгенде айта кету керек, мегаполисте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қадағалау және делдалдық қызметті шектеу мақсатында арнайы комиссия құрылған. Құзырлы мекеме мамандарымен жасақталған комиссия жыл басынан бері 63 отырыс өткізіп, 40-тан астам құқық бұзушылық фактілерін анықтады. Аталған құқық бұзушылықтар жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, кемшіліктер толығымен жойылуда. Кәсіпкерлік субъектілерге хронометраждық зерттеу жүргізіліп, 11 жеке кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, базар және сауда желілерімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз қымбаттатуға жол бермеу, бағаны тұрақты ұстап тұру мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ауылшаурашылығы өнімдерін алып сататындардың нарықта сөз байласуына, заңсыз табыс табуына жол берілмейді. Комиссия бұл бағытта толымды тірлікер атқаруда. Әл-әзір Шымкентте көкөніс, бақша дақылдарының бағасы тұрақты. Бұл дихан қауымға да тиімді.
– Шымкентте қазіргі таңда «Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту Ұлттық жобасы» аясында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатындағы кешенді шаралар өз нәтижесін беріп отыр. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жыл сайын егістік алқаптардан жиналатын өнім көлемі де артып келеді. Кешенді шаралар қала тұрғындарының тұрмысын жақсартып, сапалы өніммен қамтуға мүмкіндік беруде. Мегаполис агросекторының дамуына жол ашатын тың жобаларды жүзеге асыруда қарқынды жұмыстар жүргізіле береді, — дейді қала әкімі М.Әйтенов.
Бүгінгі таңда Шымкент тамақ, косметикалық және фармацевтикалық өнеркәсіп өндірісінің отанына айналып келеді. Ал, бұл кәсіпорындарға желатин өте қажет. Олар өз өнімдері үшін қажетті желатинді шетелден алдыртып келген. Сондықтан желатин еліміздің нарығында жолғары сұранысқа ие шикізаттың бірі. Енді шымкенттік кәсіпкерлер бұл тығырықтан шығатын жолды да тауып отыр. Мемлекет басшысының «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында қаладағы «Бозарық» индустриялық аймағында желатин өндіретін зауыттың іргесі қалануда. Мамандардың айтуынша, Қытай инвесторларымен бірлесе қолға алынған бұл жобаның құны 4, 5 миллиард теңгені құрайды. Зауыт іске қосылса 120 адам жұмыспен қамтылып, тәулігіне 20 тонна желатин өндірілмек.
Зауыт құрылысын 2024 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарлануда. «Бозарық» индустриалдық аймағында 3-5 гектар жерді алып жатқан бұл жобаның жүзеге асырылуы үшін барлық инфрақұрылым жүйелері жүргізілген. Бұл орайда ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, халықты жұмыспен қамту көрсеткішін жоғарылату мәселесі де орындалғалы тұр. Шағын және орта бизнесті дамыту, сол арқылы экономика салаларын әртараптандырудың орта бизнес-драйверін қалыптастыру мүмкіндігіне ие болу жолында Шымкентте жұмыс жандана түскен.
Қазір мегаполисте ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде мал шаруашалығындағы ет, сүтті қайта өңдеу жұмыстары қарқын алған. Соның айғағы болар, Шымкентте ұн, макарон, ірімшік, сары май, айран, шұжық, консерві өнімдерін өндіретін кәсіпорындар көбейіп келеді. Бары жұмысты жанжандыра түскен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін арттыру тапсырмасы аясында биыл Шымкентте сүтті қайта өңдеуші 3 кәсіпорын іске қосылды. Қазіргі таңда, «Өңдеуші кәсіпорындардың ауылшаруашылық өнімін тереңдете өңдеп, өнім өндіруі үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау» бағдарламасы аясында сүтті қайта өңдеп, қатты ірімшік пен сары май өндірумен айналысатын 8 кәсіпорынға мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Олардың өндіріс қуаттылығы жыл сайын артып келеді.
Жергілікті өндіріс орындарының арасында экспортқа тауар шығарып отырған ірі жобалардың бірі – Базарқақпа ауылында орналасқан. Бұл – «BIO Food kz» ЖШС. Сүтті қайта өңдеумен айналысады. Былтыр ғана ашылған зауыт біртіндеп қанатын кеңге жайып келеді. Қазір 20 адам тұрақты жұмыс істейді. Науқан кезінде уақытша жұмысшылар қабылданады. Күніне 25 тоннадан астам сүтті қайта өңдеп, қатты ірімшік және сары май шығаратын зауыттың тауарына сұраныс артқан. Өз өнімдерін Шымкентте ғана емес, еліміздің өзге де өңірлеріне жөнелтіп отыр. Өзбекстан мен Араб Әмірліктері елінен де сұраныс арта түскен.
Жалпы, Шымкентте Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей кооперативке біріккен шаруаларды қолдау ісі нәтижелі болуда. Ірі шаруашылықтарға мемлекет тарапынан берілетін жәрдем кеңінен түсіндіріледі. Оның тиімділігін көріп отырған кооперативтер де жоқ емес.
Мегаполисте қазір 3400 шаруа қожалық болса, оның 86-сы ауыл шаруашылығы кооперативі. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыровтың айтуынша, ауыл шаруашылығы кәсібімен айналысуға ниеттенген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан «Іскер қала» бағдарламасы негізінде жеңілдетілген, яғни 1-2 пайызбен несиелендіру және инвестиция берілуде. Қайта өңдеу, егіншілік, мал шаруашылығы бағыттарында субсидиялау арқылы мемлекеттік қолдаулар да қаралған. Сала жетекшісі осы бағыттарға мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдаулар мен жеңілдіктерге шаруалар бас қосқан «Дала күні» семинарында нақты ақпарат берді.
– Жеке қосалқы шаруалар кооперативтерге біріккен жағдайда 1-2 пайызбен «Іскер қала» бағдарламасымен несие ала алады. Ал, басқарма тарапынан кооперативтер қандайда бір жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған жағдайда кеткен шығынның 25-30 пайызын субсидиялайды. Қайта өңдеуші кәсіпорындар сүтті қайта өңдеп, сары май өндірсе, жұмсалған шикізаттың литріне 18, қатты ірімшікке жұмсауға кеткен шикізаттың литріне 28 теңге қаржы береді. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін банктен алған несиелердің 10-11 пайыз аралығындағы сыйақысын да субсидиялайды. Егін шаруашылығында пестицидтер құнының 1 литрі (килограмы) – 50 пайызына дейін, биоагенттердің (энтомофагтардың) 1 грамы (данасына) – 40 пайызына дейін мемлекет тарапынан өтеледі, – дейді басқарма басшысы Ә.Жанбатыров.
Шымкенттік шаруалар бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу, үй іргелік жерлерді тиімді пайдалану арқылы көкөніс шаруашылығын дамытудың тиіділігін де меңгеріп алған. Бұл орайда агросекторға қажетті органикалық тыңайтқыштар мен техникалар, көкөніс тұқымдары, суару жүйесінің көрмесі де жиі ұйымдастырылуда. Көрмеге Шымкентте өндіріліп, ішкі нарық пен көрші елдерге экспортталып отырған өнімдер қойылып, шаруалар өздеріне қажеттісіне тапсырыс бере алады.
– Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, бүгінде қаламызда ауыл шаруашылығын дамытуда кешенді жоспарлар жүзеге асырылып жатыр. Қазір қала аумағында 81 елді мекенде 157 мыңға жуық мал және 50-ге жуық түрлі қайта өңдеуші кәсіпорын бар. Мұндай жобалар – үй іргесіндегі бос жатқан жерлерді тиімді пайдаланып, кластерлі жобаларды жүзеге асыру арқылы қала тұрғындарының табыстарын арттыруға және өмір сүру деңгейін жақсартуға көмектесу болып табылады. Сондай-ақ, өңірлік деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін шешу, қала халқын табиғи өнімдермен үздіксіз қамтамасыз ету және қосымша жұмыс орындарын ашу көзделуде. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы құрылып, қазіргі таңда инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде, — дейді қала әкімі.
Шымкентте өтіп жатқан семинарлар мен түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 6 айда құлпынай, ащы бұрыш, көкөніс өсіру, мал бордақылау, бал ара шаруашылығы, балық шаруашылығы бағытында 62 жоба жүзеге асырылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 92 жобаға жеткізу көзделуде.