Балалардың жазғы демалысы жақындап қалуына байланысты, мектеп оқушылары қарқынды оқу жылынан кейін жазғы демалыс орындарында сауықтыру орталықтарында демала алады. Жазғы демалыс лагерінің жағдайлары «Балалардың сауықтыру және санаторий объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 3 сәуірдегі № 146 (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) бұйрығымен бекітілген санитарлық-гигиеналық талаптарына сәйкес болған жағдайда балалар мен жасөспірімдердің демалысы мен сауықтыруы тиімді болады. Маусымдық жазғы балаларды сауықтыру объектiлерiнде балаларды сауықтыру бойынша қызметті жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалар пайдалану нысанның санитариялық ережелерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуға міндетті.
Бұл санитарлық ережелер лагерь аумағында зақымданбаған қоршау болуы керек екенін көрсетеді. Объектілерде тұрмыстық-ауыз су, ыстық сумен жабдықтау, канализация, жарықтандыру, желдету, жылытудың қамтамасыз етілуі жақсы жағдайда болуы керек. Барлық үй-жайлар таза болуы керек, күнделікті тазалау жуғыш және дезинфекциялық құралдарын қолдану арқылы жүргізілу керек. Дератизация және дезинсекция шаралары жүргізіледі және жәндіктердің, кенелердің, кеміргіштердің болуына жол берілмейді. Объектілердің жиһаздары мен жабдықтары балалардың өсу және жас ерекшеліктеріне сәйкес болуы керек.
Объектілерде объекті басшысы бекіткен перспективтік мәзір жасалады. Тамақ өнімдерін және азық-түлік шикізатын қабылдау олардың сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттары болған жағдайда жүзеге асырылады. Өндіруге және сатуға рұқсат етілмейтін өнімдер: сүзбе, айран, кілегей қосылған кондитерлік өнімдер, қуырылған өнімдер, қаймақ пен майонез қосылған салаттар, тәтті алкогольсіз сусындар, фастфудтар. Сондай-ақ пайдалануға рұқсат етілмейтін өнімдер: пастерленбеген сүт, термиялық өңдеусіз сүзбе және қаймақ, йодталмаған тұз және құрамында темір бар витаминдермен, минералдармен байытылмаған (фортификацияланбаған) жоғарғы және бірінші сұрыпты ұнды пайдалануға жол берілмейді.
Нысанның жауапты тұлғалары қоғамдық тамақтандыру пунктіне қабылданған өнімнің сапасын, өнімді сақтау жағдайларын және орындау мерзімдерінің сақталуын, тәуліктік үлгіні таңдау мен сақтаудың дұрыстығын, тағам дайындау технологиясының сақталуын, жеке қызметкерлер мен асхана кезекшілерінің гигиеналық ережелерінің сақталуын тексереді. Дайын тағамды беру медициналық қызметкердің дайын тағамдардың сапасына органолептикалық бағалау жүргізгеннен кейін жүзеге асырылады. Күн сайын ас блогында дайын өнімнің тәуліктік сынамасы алынады.
Медицина қызметкерлері балалардың аурушаңдығын азайтуға және денсаулығын жақсартуға бағытталған сауықтыру шараларының кешенді жоспарын жасайды, үй-жайлардың, аумақтардың, суға түсу және спортпен айналысу орындарының дайындығын тексереді, балалардың денсаулығын динамикалық бақылауды жүзеге асырады, шынықтыру, сауықтыру жұмыстарын жүргізеді, қызметкерлердің профилактикалық медициналық тексеру объектілерінен уақытылы өтуінің есебін жүргізеді. Барлық қызметкерлердің жұмысқа қабылданғаны туралы белгісі бар жеке медициналық кітапшалары болуы міндетті.
Сондай-ақ, санитарлық ережелер гигиеналық нормаларды сақтау үшін азық-түлік, су, сыртқы ортадан жуу, дезинфекциялау құралдары, топырақ, құмға зертханалық зерттеулер жүргізілетінін көрсетеді.
Санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық саласындағы барлық қажетті талаптарды сақтау аурулардың алдын алуға, балалардың физикалық және психикалық дамуына ықпал етеді, дені сау ұрпақтың қалыптасуына жағдай жасайды. Балалардың денсаулығы дұрыс теңдестірілген тамақтанудан, дұрыс ұйқыдан, дене шынықтырудан және дұрыс ұйымдастырылған күнделікті тәртіптен тұрады.
Құрметті ата-аналар! Балалардың жазғы демалысын дұрыс ұйымдастыруды ұсынамыз!
Ш. Ибрагимова,
Шымкент қаласы Тұран ауданының
санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының
бас маманы