Шымкенттен Бәйдібек ауданының орталығы Шаянға дейін қатынатйын таксилердің бағасы өскелі екі ортада базар-ошар жасаушы тұрғындар тарапынан наразылық жиі айтылып жүрген-ді. Ал, Шаянның өз ішіндегі ауыларасындағы таксилер де бағаны қымбаттатқанда ел тіптен ашулана бастады. Осынау дау-дамайды келісіммен шешу мақсатында Шаян ауылдық округінің әкімі А.Әуелбекова екі тарапты мәмілеге келуге шақырды. Ауыл әкімінің ұйымдастыруымен, ауыл тұрғындарының өтініштеріне байланысты
Шаян ауылындағы ауыл іші такси жүргізушілері мен Шымкент бағытындағы такси жүргізушілеріне жол ақысын төмендету туралы түсіндіру жұмыстары жүрді. Мәмілеге келу ісіне аудандық ішкі істер бөлімінің, аудандық кірістер басқармасының, аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің мамандарынан құрылған жұмысшы топ атсалысты. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде екі тарап келісімге келді.
Осылайша Шаян ауылының ішінде жүретін таксилер 200 теңгеден 150 теңгеге, Шаян-Шымкент қаласы бағытындағы таксилер 2000 теңгеден 1500 теңгеге бағаны төмендетуге уәделесті.
Алдағы уақытта ауыл тұрғындары Шаян ішіндегі таксилерге 200 теңге, Шымкент бағытындағы таксилерге 2000 теңге төлеген жағдайда автокөліктің номерін, төленгені жөніндегі чегін жұмысшы топ мүшелеріне тапсыру керектігі ескертілді.