Қоғам

Музейге түнде барғанда…


18 мамыр халықаралық музейлер күні. Түркістандағы «Ұлы Дала Елі» орталығында айтулы кәсіби мерекеге орай «Ашық есік күні» және «Музей түні» акциясы өтті. «Ұлы істердің ұйытқысы – Ұлы Дала Елі орталығы» атты мерекелік кеште музей ісінің жетістіктері паш етілді. Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысып, музей қызметкерлерін мерекемен құттықтады.

– Әр мемлекеттің өркендеуіне, жалпы өркениеттің дамуына музейдің ықпалы зор. Музей – мәдениет пен тарихтың айнасы, өткен мен келешектің тоғысуы. Елдің рухани және материалдық байлығы. Қазіргі таңда Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасына қарасты облыстағы 24 музейде 190 мыңдай экспонат бар. Өңірімізде осы салада игі істер атқарылып, ауқымды шаралар жоспарланған. Осынау айтулы күнде еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді Бейсен Дәулетұлы.

Музей қызметкерлерін мерекемен құттықтаған шараны Түркістан қаласы мен Сауран ауданының өнерпаздары шырқаған ән мен күй әсерлендіре түсті. Мәдени іс шара таңнан бастау алғанымен түннің бір уағына дейін жалғасты. Бұл орайда «Музей түні» акциясы жастардың төл тарихымызды танып білуіне, құнды жәдігерлермен танысып, өткен шаққа көз жүгіртуіне септігін тигізді. Жалпы Музейлер күнінің мазмұнды өтуіне  Түркістандағы барлық мәдени мекемелер атсалысты деуге болады. Мысалы, облыстық «Farab» кітапханасы еліміздегі музейлер, ескерткіштер, тарихи нысандар жайлы кітаптардан «Музей – тарих пен тағылымның ордасы» атты жылжымалы көрме ұйымдастырса, Түркістан қаласының балалар қолөнер мектебінің ұйымдастыруымен қолөнер шеберлерінің туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар музей қонақтарына тылсым талантының қуатымен тарихты тірілтіп жүрген таңдаулы қолөнершілерінің бірі Абай Рысбаев арнайы шеберлік сағатын өткізді. «Жастар ресурстық орталығының» өнерпаздары «Музей түнін» қорытындылады.

Атаулы мерекеге орай «Ұлы Дала Елі» орталығының қызметкерлері кешке келген барлық көрерменге бауырсақ таратып, дәм ұсынды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *