Бруцеллез – малдан адамға жұғатын жұқпалы ауру, көп жағдайда созылмалы түрде кездесіп, бірнеше уақыттан соң ауруы қайта қозу немесе қайталану жағдайлары жиі кездеседі. Көктемде үй жануарлары төлдейтін кезеңде, әсіресе сақтық шараларын сақтап қорғанған жөн!
Бруцеллез ауруының негізгі клиникалық көрінісі: дене қызуының ұзақ уақыт бойы көтерілуі, буын-сүйек сырқырауы, нерв-жүйке, жүрек-тамыр, зәр шығару, жыныс ағзалары және т.б. жүйелердің қызметтері аллергиялық әрекеттің әсерінен бұзылады. Аурудың клиникалық белгілерінің басталуы жұқтырғаннан соң 10 күннен 6 айға дейін созылады.
Бруцеллез ауруының қоздырғышы бруцелла микробы болып табылады, ауру қоздырғышы жарақатталмаған тері арқылы да адам ағзасына енуге бейім, аса жоғары жұқтырғыш қасиетімен ерекшеленеді.
Бруцеллез ауруының негізгі жұқтырушы көзі: қой, ешкі, ірі қара мал және шошқалар болып табылады. Бруцеллез ауруы уақ малдар (қой, ешкі) арасында жиі кездеседі. Жануарлар ауруды жем, су, көң, тезек арқылы жұқтырады, ал адамдар ауру малды күтіп-қарауда, әсіресе төлдеу кезінде, мал сою және бөлшектеу кезінде, мал өнімдері және шикізатымен айналысқанда, тағамға ауру малдың сүтін, сүт өнімдерін және етін қолданғанда және ауру мал жүндерін өңдегенде, тезек жасағанда, мал тұрған, төлдеген орындарды көңнен тазалау кезінде ұшқан шаң-тозаң арқылы жұғуы мүмкін.
Бруцеллездің қоздырғышы адамның ағзасына ауру малдың нәжісімен, төлдегенде кірленген жарақаты бар қолдар арқылы, тамақтану немесе темекі шегу кезінде жұғады.
Аурудың алдын алудың ең бір маңызды жолы – жеке бас гигиенасын сақтау. Малмен және оның өнімдерімен жұмыс істегенде арнайы киіммен, қолғаппен жұмыс істеген абзал. Қол жарақаттары болса, жақсылап таңып қою керек. Жұмыс істеп болғаннан кейін қолды жуу, киімді ауыстыру сияқты іс-әрекеттер аурудың алдын алады. Етті, сүтті шикідей жеу өте қауіпті, оларды тек қайнатып, пісірген соң тұтыну қажет екенін есте ұстаңыздар.
Үйдегі малдарды ветеринар мамандарға тексертіп, ауру мал анықталса, сау малдардан оқшаулау, жою қажет. Мал орындары залалсыздандырылып, тазартылады.
Ет, сүт өнімдерін тексеруден өткен, анықтамасы бар арнайы дүкендерден сатып алуларыңыз қажет.
Жоғарыда аталған белгілер пайда болса, тез арада дәрігерге көрініп, ем алғаныңыз жөн.
Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік!
Ә. Төлебаев, Шымкент қаласының СЭБД басшысы.