Сібір жарасы – қызба, интоксикация белгілерімен және жиі тері жабындыларында сібіржаралық карбункулдың түзілуімен сипатталатын жіті жұқпалы ауру
Сібір жарасының қоздырғышы – таяқшатәріздес, қозғалмайтын микроағза. Микроб ағзадан тыс спора түзеді. Споралар сыртқы ортада көптеген жылдар бойы сақталуы мүмкін.
Жұқпа көзі негізінен ауру шөпқоректі жануарлар болып табылады. Ұсақ және ірі мүйізді мал, жылқы, есек, қой, ешкі, марал, түйе, шошқа және басқа жабайы шөпқоректі жануарлар сібір жарасы қоздырғышына сезімтал болып келеді.
Қоздырғыш жиі қарым – қатынас жолымен жұғады. Берілу факторлары: ауру жануардың терісі, ішкі мүшелері, жартылай фабрикаттар, ет өнімдері мен басқа да азық – түлік өнімдері, сонымен бірге сібір жарасының спораларымен залалданған топырақ, су, ауа, қоршаған орта заттары.
Инкубациялық кезеңнің орташа ұзақтығы 2-3 күн, алайда бірнеше сағаттан 8-14 тәулікке дейін өзгеруі мүмкін.
Қоздырғыш теріге енгеннен соң 2-3 күннен кейін өте қатты қышитын қызыл дақ пайда болады. Ол тығыз түйін – папулаға айналады. Бірнеше сағаттан кейін папула ұшында пустула – көпіршік пайда болып, оның іші іріңге толады. Кейін пустула жарылып оның орнында көмірге ұқсайтын (латын тілінен аударғанда — anthrax, яғни көмір) қара струп тәріздес өлі тін қалады.
Жалпы интоксикация белгілері (40°С дейін қызба, жалпы әлсіздік, бас ауру, тахикардия) аурудың бастапқы күнінің соңы немесе 2 – ші күні пайда болады. Қызба ұзақтығы 5-7 күн, дене қызуы критикалық, яғни күрт төмендейді. Жара аймағындағы жергілікті өзгерістер біртіндеп қайтады (қажетті ем қабылдаған жағдайда) және 2-3 аптаның соңында струп түсіп, жара пайда болады. Жара кейін дәнекер тінмен алмасады.
Қазіргі заманғы халықтың көшіп – қонуын; әртүрлі аумақтардан алып келінетін, ветеринарлық сертификаттары жоқ жануартекті шикізат пен азық – түлік өнімдерінің сатылуын; зертханалық тексерусіз құрылыс нысандарына жер телімінің берілуін ескерсек сібір жарасының кез келген мезгілде тіркелу қаупі бар.
Жұқпаның алдын алу шаралары:
1. Ауылшаруашылық малдарын күту кезінде жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау;
2. Ауруды жұқтыру қаупі бар адамдар (күйдіргі қоздырғышымен зерттеу жүргізетін зертхана қызметкерлері, ет комбинаттарының, мал сою пункттерінің және мал шаруашылығының ішкі сауда өнімі объектілерінің жұмыскерлері, малдан алынатын шикізатты жинау, сақтау, тасымалдау және бастапқы өңдеумен айналысатын адамдар) сібір жарасына қарсы екпе қабылдау қажет;
3. Белгісіз тұлғалардан ауылшаруашылық өнімдерін сатып алудан аулақ болған жөн.
О. Абдукаримов, Әл-Фараби ауданы СЭББ
бас маманы