Шымкент
қаласы әкімдігінің
кәсіпкерлік және
индустриалды-инновациялық даму басқармасы таратқан
мәліметке сүйенсек, мегаполистің сыртқы сауда айналымы 2 жылдың
(2021-2022 жылдар) қорытындысы
бойынша 2 млрд. 603,8 миллион АҚШ долларын құрады. Бұған
дейін бұл көрсеткіш (2019-2021 жылдары) 1
миллиард 924,8 миллион АҚШ доллары шамасында болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктер қарастыруды атап өткен-ді. Президент «Неғұрлым көп ақша салсаң, соғұрлым көп жеңілдік аласың деген ұстаным басты қағида болуы қажет. Жұмыс істейтін саласы негізгі бағыт болмаса да, маңызды индустриялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар бар. Оларға салық және кеден жеңілдіктерін ұсынбай-ақ, жер телімдерін беруге болады. Барлық инвестициялық міндеттемесін адал орындайтын кәсіпорындар да бар. Оларға арнайы экономикалық аймақтан жер телімін жеке меншікке беру мәселесін шешу қажет» деген болатын. Шымкент қаласының бүгінгі қол жеткізіп отырған табысына осы индустриалды экономикалық аймақтардың әлеуетін көтеру негіз болып отырғаны жасырын емес.
Шымкентте қазір қарқынды жұмыс істеп тұрған 5 индустриялды аймақ бар. Оның ішінде «Оңтүстік» және «Тассай» индустриялық аймақтарында сауда-логистикалық орталығы жұмыс істейді. Жаңадан жұмысын жаңдандыра түскен «Жұлдыз» индустриялық аймағының да даму көкжиегі көңіл қуантарлықтай. Бұл аймақ 2021 жылы құрылған. Ауданы 306 гектарды құрайды. Аталған аймақта 3152 жаңа жұмыс орындарымен қамтитын 35 жоба жүзеге асырылмақ. Жоспарға сай биыл 6 жоба іске қосылып, 450-ден астам азамат тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл бағыттағы жұмыстар өз деңгейінде атқарылуда. Сондай-ақ 2022-2026 жылдар аралығында «Жұлдыз» индустриялық аймағынан 50 компанияның инвестициялық жобалар пулы әзірленді. Осыған орай тағы 3600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Мемлекет басшысының еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі және бағаны тұрақтандыру мәселесіне байланысты қойған нақты тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласында ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарын дамыту қолға алынған. Ал «Бозарық» тамақ өнеркәсібінің агро-индустриялық аймағында құрылыс жұмыстары жалғасуда. Жалпы аумағы 132 га құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағының инженерлік-инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жалғасуда. Аталған аймақта 15 шақырымға суаққы қойылып, электр жүйесін тарту жұмыстары қарқын алған. Инженерлік-инфрақұрылыммен қамту толығымен 2023 жылдың соңына дейін аяқталады. Орналастырылатын жобалар пулы дайын. Жалпы жыл соңына дейін шаһардағы бұдан өзге 2 индустриялық аймақ пен сауда-логистикалық орталықта 16 жоба іске қосылып, 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мамандары өткен екі жылда экспорт көлемі 864 миллион АҚШ долларын құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 14,8 пайызға өскендігін алға тартады. Ал, импорт 1 миллиард 739,7 миллион АҚШ долларына жетіп, 12,9 пайызға өсіпті. Жалпы, бүгінгі таңда қаланың өңдеу өнеркәсібі секторында 54 кәсіпорын өз өнімдерін тұрақты түрде экспортқа шығарып келеді. Экспортталған өнімдердің басым бөлігі Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Түркия, Қытай елдеріне жөнелтілген. Экспортқа бағдарланған жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсету, өнімдерін экспортқа жылжыту мақсатында басқарма тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, 2022 жылдың сәуірінде «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» акционерлік қоғамы және «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып экспорт жөніндегі өңірлік кеңес өткен. Кеңес барысында қала экспортын дамытуға тосқауыл болатын кедергілер мен шектеулерді жою мәселесі қаралған. Экспорттаушы кәсіпорындар үшін мемлекеттік қолдау шаралары туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліпті. Нәтижесінде «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ы шымкенттік 19 компанияның 32 өтінімін мақұлдаған. Отандық өңделген тауарларды сыртқы нарықтарға жеткізу шығындарының бір бөлігін өтеуге 559,6 миллион теңге субсидия берілген. Мемлекеттік қолдауға ие болғандардың арасында «Бал Текстиль», «Шымкентмай», «Asia Trafo», «Стандарт Цемент» секілді танымал компаниялар бар. Ал, «Kazakh Export» экспорттық сақтандыру компаниясы» шымкенттік 3 компанияның 5,4 млрд. теңгелік 4 өтінімін мақұлдаған. Олар: «Шымкентмай» акционерлік қоғамы мен «AIIG KAZAKHSTAN», «Sweet ldeas-KZ» серіктестіктері.