Маусым айының үшінші жексенбісі елімізде жыл сайын медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып тойланып келеді. Осынау кәсіби мереке қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысының медицина саласына өте үлкен үлес қосқан дәрігер, ұлағатты ұстаз, ғалым, ел ағасы, облыстың құрметті азаматы Дерібсалы Сексенбайұлы Сексенбаев туралы сөз қозғағанды жөн санап отырмын.
Өңірдегі 150 жылдан астам тарихы бар, жалғыз облыстық аурухананың Кеңес дәуіріндегі және тәуелсіздік алған жылдары ілгеріліп дамуына Дерібсалы Сексенбайұлының сіңірген еңбегі орасан зор. Кеңес дәуірі кезіндегі қойылған қатаң талап өңірлік медицинаны дамыту, қалалар мен аудан тұрғындарына медициналық қызметті қол жетімді ету бағдарламасына, сол кездегі партия және медицина саласындағы майталман мамандармен бірге жүзеге асты. Денсаулық сақтау басқармасында облыстың бас хирургы ретінде аудан — аудандарды аралап, науқастарға хирургиялық ота жасады. Кеңес дәуірі мен тоқырау заманында облыстық ауруханадағы басшылық қызметі кезінде, ересектерге арналған 47 арнайы бөлімдерді ашты. Күнделікті аурухананының жұмысынан бөлек, Дерібсалы ағамыз өзінің кәсіби біліктілігін ғылыммен де жалғастырып отырды. Академик ол күндерді еске алғанда «Тек көз жанарына ғана ота жасамаппын» — дейді. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясына госпиталды хирургия курсын ашып, онда жас дәрігерлерге дәріс оқып, хирургиялық өмірге баулыды. Қазіргі күнмен салыстырғанда, мұндай жұмыс нәтижесіне жету үшін, үлкен күш – қайрат керек. Сол уақытта ашылған бөлімшелер, әлі күнге науқастарға облыс бойынша толық медицицналық қызметті көрсетіп келеді. Қарап отырсаңыз, әрбір бөлімде құтқарылған қаншама өмір бар десеңізші?! Жұмыс істеуге жан-жақтан көптеген мамандар шақырылып, сол заманнан бүгінге дейін облыстық аурухананың дәрежесі күннен – күнге асқақтай берді. Бүгінде күннен — күнге дамып келе жатқан 850 орынды аурухана: 8 корпустан тұрады, оның ішінде 28 клиникалық бөлім, емхана, клинико — диагностикалық зерттеу бөлімдері, қайта қалпына келтіру бөлімдері жұмыс істеуде. Соңғы медициналық құрылғылармен жабдықталған ауруханада заманауи түрлі хирургиялық оталар жасалынады. Дерібсалы Сексенбайұлының басшылығымен 184 медицина ғылымдарының кандидаты, 12 медицина ғылымдарының докторын дайындалды. Алыс — жақын шет ел ғалымдарымен бірлескен, 12 ғылыми монография, елімізде студент, резиденттерге, аспиранттар мен дәрігерлерге 6 оқулық дайындап шығарды.
«Жас келсе – іске» дегендей, облысымызға жас маман болып келген дәрігер хирург, өз кәсібилігімен облыстық ауруханада жетпіс жылға жуық қызмет атқарып, қазіргі күні ғалым, ұстаз, академик дәрежесінде болса да, жас буын студенттерге дәріс беріп, тәрбиелеп келеді. Алғаш рет облысымызға заманауи лапароскопиялық хирургияны алғаш ендірді. Дәрігер хирург ретінде көптеген қиын жағдайда келген науқастарға өз көмегін беріп, көптеген өмірге араша болды. «Маған академик ота жасасыншы» деп келетін науқастың санында шек болмады.
Мысалы, менің де отбасымда кенеттен жасы 81 — ге келген атам науқастанып, өзім дәрігер болған соң, тез арада диагностика жасап, бауырдың оң жақ бөлігінде ісік бар екені анықталды. Ота жасауға үлкен қауіп төніп тұрса да, ұстазым белді бекем буып ота жасауға шешім қабылдады. Отаны бірге жасадық. Сәтті шықты. Отадан соң атамыз тез сауығып кетті. Атам болса да аса ауыр ота жасауды жауапкершілік алу мен үшін ауыр болғанын жасырмаймын. Жәрігер маман үшін жауапкершілік еселенетінінін былайғы жұрт біле бермейді.
Өз басым талай рет Дерібсалы Сексенбайұлы Сексенбаевтың айтқан ақылы мен берген білімі тығырықтан алып шыққанына куәмін. Ұстазымның арқасында қазіргі күні білікті маман атандым, әлі талай оқу, тәжірие бар екенін білемін. Ұстаз ретінде өзіме үлгі тұтқан белгілі дәрігерлер: Биғалиев М.Х., Егізбаев М.К., Абсеитова С.Р., Сұлтанов Е.Е. және де көптеген басқа дәрігерлермен бірге қызмет атқардым.
«Ұстаздан шәкірт озсын» деп тілейтін қазақтың ұрпағымыз ғой, Дерібсалы ағамыздың шәкірттері еліміздің медицинасына да өз қолтаңбаларын қалдырып, тек қана өз елімізде ғана емес, мұхит асып шет елдерде қызмет етіп жүр.
Кеңес дәуірінде депутат болса да бір күнін хирургиялық отасыз өткізбеген ұлағатты ұстазым туралы «Ұстаз ұстаз емес өз шәкірті үшін күймесе, шәкірт шәкірт емес өз ұстазын сүймесе» деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, менің ұстаздарымнан үйренетінім әлі алда — өте көп. Өмірлік кәсіби ұстазым келесі жылы 85 жасқа толады. Алдыңдағы ұстазыңның жасаған жақсылығын көре – тұра, оны айтпау мен үшін қателік болатынын білемін. Қазір міне, Махамбет бабамыздың туған жерінде қызмет жасап жүрген мен үшін, батыр Махамбет Өтемісұлының қанатты өлең жолдарымен айтар болсам:
Еліңде қария болмаса,
Жастарың болар диуана.
Бір сынаған жаманды,
Екінші қайтара сынама.
Тірлікте сыйсыз ағайын,
Құм құйылсын көзіңе,
Өлгенде бекер жылама!
Осы бір терең мағыналы сөз есіме оралған сайын ұстазыма деген құрметім арта түседі. Кәсіби мереке қарсаңында арамызда жүрген ел ағасы Дерібсалы Сексенбайұлына Сексенбаевқа өзі ұзақ жылдар бойы атқарған еңбегін ескере отырып, Қазақстан Республикасының «Еңбек ері» атағы мен Оңтүстік Қазақстан облыстық ауруханасына ұлағатты есімі берілсе екен ұсынысым бар. Менің бұл ұсынысымды ол кісіден тәлім алған, әріптес болған медицина саласының барша майталмандары қолдайтынына сенімдімін.
Алтай Қарсақбаев,
дәрігер хирург, академик Д.С. Сексенбаевтың шәкірті.