Біле жүріңіз

Ұнды фортификациялау дегеніміз не?

Фортификация — өнімді адам денсаулығы үшін қажетті дәрумендермен және минералдармен байыту процесі.

ДДСҰ деректеріне сәйкес денсаулық сақтау бойынша іс-шаралардың 15% — ы ғана Денсаулық сақтау жүйесі шеңберінде жүзеге асырылуы мүмкін. Ұлт денсаулығы 70% — ға өмір салтына, бірінші кезекте тиімді тамақтануға байланысты.

Қаназдық (анемия), рационда фолий қышқылы мен дәрумендердің жетіспеушілігі жүрек-қан тамырлары ауруларына, ана мен бала өліміне, мүгедектікке себеп болады, бұл өз тарапынан жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде Қазақстан рейтингісінің төмендеуіне әсер етеді. Темір тапшылығы анемиясы — ағзада темірдің азық-түлікпен жеткіліксіз қабылдануы мен сіңірілуінен, асқазан-ішек жолының, несеп-жыныс жүйесінің және қан жүйесінің кейбір созылмалы ауруларында темір шығынының көбеюінен, темірге қажеттіліктің артуынан туындаған ағзаның патологиялық процесі.

            Витаминдер мен минералдар қоректік заттар жетіспеушілігінің, оның ішінде темір тапшылығы анемиясының, бірқатар аурулар мен туа біткен кемістіктердің алдын алуға ықпал етеді. Оларды қалпына келтірудің ең тиімді тәсілі – тамақты, оның ішінде ұнды витаминдермен және микроэлементтермен байыту болып табылады. Ұн — бұл фортификация үшін өте ыңғайлы өнім, өйткені ол жаппай тамақ өнімдерінің қатарына кіреді және ұннан жасалған өнімдерді емес нақты ұнды фортификациялау тұтынушылар шеңберін кеңейтуге мүмкіндік береді.

            «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 111-бабына сәйкес темір тапшылығы жағдайларының алдын алу бойынша талаптар регламенттеледі, онда белгілі бір сұрыпты ұнды микроэлементтермен және витаминдермен міндетті түрде байыту көзделген:

            Қазақстан Республикасының аумағында сатылатын жоғары және бірінші сұрыпты бидай ұны құрамында темірі бар витаминдермен, минералдармен және басқа да заттармен міндетті түрде байытылуға (фортификациялануға) жатады.

            Жоғарыда баяндалғанның негізінде Қазақстан Республикасының аумағында астықты қайта өңдеу кәсіпорындары ұнды фортификациялауды жүргізеді. Ұнның таралуы, әмбебаптығы және күнделікті тұтынылуына байланысты ол адамды темір, фолий қышқылы және дәрумендер сияқты маңызды микроэлементтермен қамтамасыз етудің ең тиімді құралы болып табылады. Табиғи күйінде, яғни бидай дәні B1 (тиамин), B2 (рибофлавин), ниацин, B6 (пиродоксин) дәрумендерінің, сондай-ақ темір мен мырыштың көзі болып табылады. Бірақ бұл микроэлементтердің барлығы астықтың сыртқы қабатында болғандықтан, олардың көпшілігі өңдеу кезінде жойылып кетеді.

            Сондықтан осы микроэлементтерді соңғы өнімге, яғни ұнға қосудың қажеттілігі туындайды. Ұнды фортификациялау процесінде астықты технологиялық өңдеу нәтижесінде жоғалған витаминдер мен минералдар қалпына келеді. Қазақстанда ұнды фортификациялау үшін халықтың қажеттілігін, климаттық, географиялық және басқа да факторларды ескере отырып, Қазақ тағамтану академиясымен арнайы әзірленген және сыналған дәрумендер мен минералдардың қоспасы (премикс) пайдаланылады. Ұн тарту кәсіпорындарында жоғары және бірінші сұрыптағы ұнды өндірудің соңғы кезеңінде дозатордың көмегімен бір тоннаға 150 грамм есебінен премикс қосылады. Содан кейін арнайы құрылғы дайын болған өнімнің біркелкілігін қамтамасыз ету үшін барлық дәрумендерді мұқият араластырады. Темірмен байытылған ұнды тұтыну организмдегі темірдің мөлшерден тыс артып кетуіне әкелмейді. Керісінше, мұндай ұнды қолданудың әсері бірден байқала қоймайды. Гемоглобин деңгейі қалпына келуі үшін байытылған ұн мен нанды үнемі тұтыну қажет. Фортификация халықтың денсаулық деңгейін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.

Зухра Исабекова, Еңбекші ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *