Листериоз-жануарларда орталық жүйке жүйесі мен жыныс мүшелерінің қабынуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Листериозға қой, ешкі, ірі қара мал, доңыз, жылқы, үй қояны, тауық, қаз, үйрек, күркетауық, т.б. жануарларының төлдері мен буаз аналықтары өте бейім. Ауру қоздырушы ауырған мал мен кеміргіштер арқылы тарайды.
Қоздырушы сүт, сүрлемде сақталып қана қоймай, өсіп-өнеді.
Аурудың сыртқы белгілері. Ағзаға азықпен, сумен енген листерийлер орталық жүйке жүйесі қызметін бұзып, ауырған малдың жүрісінде ауытқулар (теңселіп немесе айналып жүру, мойны қисаю) дамиды. Көздің кілегей қабығы зақымдануынан конъюнктивит дамып, ауыз қуысының кілегей қабығы өліеттенеді. Буаз аналықтарда іш тастау, шуы түспеу және желінсау түрінде байқалып, ауру әдетте сауығумен аяқталады. Төлдерде негізінен іш өту, дене температурасының көтерілуі, кейде еліру (торайда) белгілерімен өтеді. Құс листериозында (тауық және оның балапандарында) конъюнктивит, тыныстану жиілеу, әлсіздену, дене қалшылдауы және салдануы әдетте құстың өлімімен аяқталады.
Емі.Ауыру малды бөлектеп тетрациклин, хлортетрациклин, окситетрациклин, дибиомицин, биомицин антибиотиктерінің көмегімен малдың әр 1 кг тірі салмағына 25 мг дозада бұлшық етке енгізу арқылы емдейді.
Дауалау және күрес шаралары.Шаруашылық я болмаса жекеменшік мал арасында ауру болдырмау мақсатында, ең алдымен ұдайы жемшөптің, әсіресе сүрлемнің сапасын тексеру, сырттан аурудан ада мекендерден мал сатып алу, мал қораларын залалсыздандыру, кеміргіштерді үнемі дератизациялау арқылы жою шаралары қамтылады. Ауруды дауалау ретінде А, АУФ штамды вакциналар қолданылады. Ауру пайда болған ошақта ауру малды жоғарыдағыдай тәртіпте емдеу, тұрған орындарын күйдіргіш натрий, ксилонафт, хлорды әктің 3%-дық ерітіндісі қолдана залалсыздандыру қарастырылады. Лажсыз сойылған мал етін 2кг-нан аспайтындай бөлшектеп, пісірген соң ғана тамаққа қолданады.
Д.Калкабаева, Шымкент қаласы Еңбекші ауданы СЭББ жетекші маманы.