Мәселе

Төлебиде депутаттар сапасыз құрылысқа жол бермеуде


Ұзынарық ауылы Төлеби ауданының шалғайдағы ауылдарының бірі. Мұнда 1300-ден астам халық тұрады. Биыл осы ауылға су құбыры тартылып жатыр. Оған қазынадан 361 812 720 теңге бөлінген. Мұны аудандық мәслихаттың баспасөз қызметі хабарлап отыр. Әйтсе де, құрылыс жұмыстары ауыл тұрғындарының көңілінен шықпай отыр.

Қоғалы ауылдық округі, Ұзынарық елді мекенінің ақсақалдары Мұратәлі Жарасов, Еркінбай Айтбаев және ауыл биі Мұрат Пірназаров ауыл болып көптен күткен ауыз су құбыры құрылысы нысанын қоршау жұмыстарының сапасыздығына шағымдануда. Тұрғындар өз арыз-шағымын, уәжін арқалап Төлеби аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлан Қойбағаровқа барған.  

Күз-көктемде жауын-шашыны, қыста қары көп ауылдың сайы да көп. Құрылыс сондай бір сайдың жанымен жүргізілуде екен. Тұрғындардың айтауынша құрылыс нысанының қоршауын салуда бірқатар техникалық олқылықтар орын алған. «Қоршаудың сыртындағы жерді тегістеу кезінде тығыздау жұмыстары жүргізілмеген. Құрылыс нысанының тұсындағы сайға жаңбырлы күндері және қар еріген кезде жиналатын су, ерте ме кеш пе, тығыздалмаған топырақтан өтіп, қыруар ақшаға тұрғызылған қоршауды бұзып, су нысанына зақым келуі мүмкін, сапасыз құрылыстың зардабын тартпасақ болғаны» дейді Ұзынарық ауылының белсенділері.

Мәслихат төрағасы мәселенің мән-жайын анықтап, кемшіліктерді көріп қайту үшін Төлеби аудандық мәслихаттың депутаттары Ербол Жабаев, Жанғали Мәуленов және Мұхтар Бастықовқа Қоғалы ауылдық округіндегі аталған құрылыс нысанына баруды тапсырған. Депутаттар Ұзынарыққа барып, ауыл тұрғындарымен кездесті.

Құрылыс нысанының басына Қоғалы ауылдық округі әкімдігінің мамандары мен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және жолдары бөлімінің бас маманы Бағдәулет Абдурахман келіп, мән-жайды түсіндірді.

Ауыл ақсақалдарымен бірге нысанды аралап, жоғарыда айтылған мәселенің жай-жапсарына көз жеткізген халық қалаулылары құрылыс басында жүрген мердігер мекеменің уәкіліне орын алған кемшіліктерді жою бойынша бірқатар ұсыныстар айтты. Құрылыстың сапасына аса назар бөлуді талап етті. Сонымен қатар, депутаттар ауданнан келген жауапты маман мен ауылдық округтің мамандарына құрылыстың жүргізілуін қатаң бақылауға алу керектігін түсіндірді.

Жалпы Ұзынарық елді мекеніндегі ауыз су құбырының құрылысы 2024 жылға өтпелі жоба. Мердігер мекеме – «СтройЖолСервисKZ» ЖШС. Сыйымдылығы 300 м3 екі дана су қоймасына бүгінгі таңда су қую жұмыстары жүргізілуде. Резервуар орналасатын алаңша тегістеліп, қарауылхана, бактерицидтік ғимаратының құрылысы аяқталған. Елді мекеннің ішкі су жүйесі бойынша Жерұйық көшесіне 1500 метр диаметрі 160 мм-лік құбыр және 200 метрге диаметрі 63 мм-лік құбыр тартылып, 15 су құдықтары орнатылды.

Осы округке қарасты Алшалы елді мекенінде де 2024 жылға ауыспалы ауыз су құбыры құрылысы жүргізілуде. Мәслихат депутаттары Алшалы ауылына да атбасын бұрып, құрылыс жұмыстарымен танысты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *