Біле жүріңіз

Атмосфералық ауаның зиянды заттармен былғануы

                        

Атмосфералық ауаның әр түрлі зиянды заттармен былғануы, адамдар органының ауруына, оның ішінде тыныс мүшелерінің ауруына әкеліп соғады. Мысалы, түрлі түсті металлургияның кәсіпорындарының ауаға жіберетін зиянды заттары жүрек – тамыр ауруларының өсуіне, жүйкенің бұзылуына, қатерлі ісік ауруларының пайда болуына әкеледі. Қара метал мен электр қуаты кәсіпорындарының ауаға шығаратын заттары өкпе ауруларына шалдықтырады. Химия өнеркәсібінің ауаға шығаратын зиянды заттары аллергияның, без және жыныс ауруларының пайда болуына әсер етеді. Атмосфераның ауасын ластайтын негізгі антропогендік көздер қатарына өнеркәсіп орындарының кейбір салалары, автокөлік, және жылу энергетикасы жатады. Қазақстан Республикасының қалаларындағы ауа бассейнін бақылау қалаларда ластану деңгейінің өте жоғары екенін көрсетіп отыр. Орташа алғанда қалалардағы шаңның, аммиактың, фенолдың, фторлық сутегінің, формальдегидтің, қорғасынның, азот диоксидінің және күкірттің жиынтығы шекті нормадан әлде қайда артық болып тұр.Бүгінгі таңда атмосфера ауасының тазалық сапасы бұрынғы кезден ауытқуда. Оның негізгі себептері – ауаға адамның антропогендік іс-әрекетінен болатын әртүрлі газдардың шығарлыуы. Оларды ауаны ластағыш заттар деп атайды.Негізінен атмосфераның адам үшін атқаратын қызметі жоғары Атмофера – бұкіл әлемді таза ауамен қамтамасыз ете отырып, тіршілікке қажетті газ элементтерімен ( оттегі, азот, көмір қышқыл газы, аргон т.б) байытады және жерді метеорит әсерлерінен, күн және ғарыштан келетін түрлі зиянды сәулелерден қорғайды, зат және энергиялық алмасуларды, ауа райының кызметін реттеп, жалпы жер шарындағы тұрақтылықты үйлестіріп отырады. Бірақ, адам баласы үшін орасан зор пайдалы ауа бассейіні соңғы жылдары күрделі өзгерістерге ұшырап отыр. Ең басты себеп ауаның ластануы. Атмосфера ауасының сапалық күйінің көршеткіштері оның ластану дәрежесі болып саналады. Егер атмосфера ауасында ластағыш заттардың шекті мөлшерлі концентрациясы ШМК қалыпты құрамынан асып кетіп сай келмесе, онда ауаны ластанған деп саналады. Атмосфера құрамындағы оттегі мен көмірқышқыл газының тұрақты болуы жалпы ауа бассейінің тепе-теңдігіне әсер етеді. Мысалы, оттегі тірі организімдер үшін тыныс алуды қамтамасыз ете отырып, топырақ пен судағы бүкіл химиялық реакцияға қатысады. Оттегі жетіспеген жағдайда жануарлар мен адамдар тұншыға бастайды. Ірі қалаларда азот тотықтарының ауаға түсетін шығарындылардың көлеміне автокөліктің қосатын үлесі өте үлкен болғандықтан, ауадағы азот қос тотығының концентрациясы орташа тәуліктік ШРЕК-тен 2-3 есе артық болады. Азот тотықтары күшті тотықтырғыш болып табылады, сондықтан, олар тыныс жолдарының шырышты қабықтарына және өкпе тініне тікелей әсер етіп, ринит, фарингит, бронхит, пневмосклероз, өкпе эмфиземасының дамуына әкеп соғады. Ауаны ластайтын заттардың арасында тұрғындардың денсаулығына айқын әсер ететін жетекші орындарының бірін қорғасын алады. Оның көздері автокөлік, түсті металлургия, машина жасау, аккумулятор жасайтын, құрамында қорғасын бар бояулар өндіретін кәсіпорындар. Ірі қалалардың көбінде байқалатын ауаның қорғасынмен жоғары деңгейде ластануы жағдайында тұрғындарда қорғасыннан созылмалы уланудың әр түрлі белгілері анықталуы мүмкін. Мысалы, гипохромдыанемияның, астено-вегетативтік бұзылыстардың дамуы, балалардың ой өрісінің, мінез-құлық реакцияларының және оқуға қабілеттілігінің төмендеуі, бауыр мен бүйректің, асқазан-ішек жолдарының уланудан зақымданулары, жүктілік және босану барысының бұзылулары байқалады. Гипертония ауруының және миокард инфарктарының, энцефало- және полинейропатиялардың даму қаупі едәуір жоғарылайды. Ауадағы қорғасынның жоғары концентрациясы, оның ана сүті мен сүйектерде жиналуына әкеп соғады. Қазіргі адамдардың сүйегінің құрамындағы қорғасынның мөлшері, бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген адамдарға қарағанда, 700-1200 есе жоғары екендігі көрсетілген. Сүйектердегі қорғасынның қоры улануды үзбей жалғастырып отыратын фактор болып табылады және бұдан басқа, ол сүйектерде қорғасынның өзіне тән өзгерістері дамуына ықпал етеді. Қорғасынның ана сүтімен шығарылуы рұқсат етілген деңгейден ондаған есе жоғары болуы мүмкін, бұл емшектегі балалардың психомоторлық дамуының тежелуіне және басқа да уланудан болатын көріністердің дамуына әкеп соғады. Өте шаңданған ауамен тыныс алу, тұрғындарда жоғарғы тыныс алу жүйелерінің әр түрлі қабыну-дистрофиялық аурулардың, бронхиттер, бронх демікпе, өкпенің қатерлі ісігі, әр түрлі аллергиялық реакциялардың дамуының қауіп-қатер факторы болып табылады. Мысалы, асбестпен кәсіби қатынаста болмаған, бірақ құрамында асбесті бар ауамен тыныс алған адамдарда, өкпенің қатерлі ісігі, өкпе қабының мезотелиомасы дамуы мүмкін. Ауа жоғары деңгейде күлмен ластанғанда, өкпеде силикоз алдындағы өзгерістер байқалады. Сонымен қатар, ауаның шаңдылығы күн радиациясының ультракүлгін бөлігінің сіңірілуіне, жалпы жарықтығының төмендеуіне және тұмандардың пайда болуына әкеледі.Ауасы өте жоғары деңгейде шаңмен ластанған қалада тұратын әрбір адам, орта есеппен алғанда, 4 жылға жуық өмірін жоғалтатыны анықталды.Қазақстанның көптеген өнеркәсіп орталықтары мен ірі қалаларының ауасы шаңмен, күкірт және азоттың қос тотықтарымен, көміртегі тотығымен, бенз-а-пирен, қорғасын, формальдегид, фенол, көмірсутектермен жоғары деңгейде ластануымен ерекшеленеді. Атмосфералық ауа жабық бөлмелерді де биологиялық ластаушы көзі болуы мүмкін.                                            

Ж. Ілесова, Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық санитариялық-гигиеналық қадағалау бөлімінің жетекші маманы.

                                                                                       

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *