Шымкент

Тұрмысты жақсарту – қаланы көркейту 

Қазақстандықтардың тұрмысы түзеле түсуі керек. Ол үшін аймақтардағы барлық деңгейдегі әкімдер жайлы орта қалыптастыруға жауапты. Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биік мінберлерден жиі айтып-ақ жүр.

       Жарық

Жақында ғана Президент өзінің халыққа арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында халықтың тұрмыстық түйіткілдері, әсіресе коммуналдық қызмет түрлерінің сапасын арттыру мәселесін қозғады. Онда су электр станцияларын дамыту мәселесі назардан тыс қалмайтынын жеткізді. «Электр қуатымен, жылумен және сумен қамтамасыз ету – технологиялық тұрғыдан алғанда тығыз байланысқан біртұтас жүйе. Оған экономиканың аса маңызды жеке саласы ретінде қараған абзал. Осы салаға қатысты қазіргі ұстаным негізінен өзектілігін жоғалтты. Енді жаңа шешімдер керек», — деді Мемлекет басшысы.

Электр энергиясына деген сұраныстың жыл өткен сайын арта түскені өз кезегінде жетіспеушілікті тудырып отырғаны рас. Аймақтарда сапалы жарыққа жарымаған ауылдар, шағынаудандар әлі де болса кездеседі. Десе де Шымкент қалалық әкімдігі тұрғындардың талап-тілегін бірінші кезекке қоя отырып, сапалы коммуналдық қызмет түрлерін ұсынуға күш салуда. Сондай игі істердің бірі жақында Абдулабад тұрғын алабында жүзеге асты. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның инвестициялық жобасы аясында екі жаңа трансформатор орнатылып, 320 абоненттің электр бағаналары мен желілері жаңартылуда. Бұл орайда Еңбекші ауданының әкімі Д.Есілбек пен Шымкент қалалық маслихатының депутаты Б.Аширбаевтың еңбегі ерек.  

Олар Қаратөбе аумағында тұратын халықпен кездескенде тұрғындар жарықтың жырын айтып күйінген еді. Көп ұзамай-ақ тұрғындардың шағымы ескеріліп, тиісті шаралар қабылданды. Сонымен қатар, Базарқақпа тұрғын алабында 3 дана,Тұрдыабад тұрғын алабында 1 дана, Бадам-1 тұрғын алабында 2 дана ескі трансформаторлар ауыстырылып, жаңасы орнатылды. Аймақ тұрғындарын сапалы электр жарығымен қамтамасыз етуге ықпал ететін бұл іске ел риза.

 Тозған үйлер жөнделуде

Тұрмысы түзелген қаланың көркі де айшықтала түсері даусыз. Қала көркі дегенде көгалдандыру, көркейту ісіне көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу, сыртын әрлеу, сәндеу ісі де жататынын ұмытпаған жөн. Тамыз айында «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында көппәтерлі 15 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Қазір бұл іс қарқын алуда. Сондай-ақ, Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының иелігіндегі коммуналдық көппәтерлі 21 тұрғын үйдің шатыры, қас беттері жөнделіп жатыр.

Көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеу бюджеттік кредит есебінен жүргізіледі. Қазір Күншығыс шағын ауданындағы №11,14,1 және Спорттық шағын ауданындағы №10, Ә.Жангельдин көшесі №16, Дулати көшесі №205, Әл-Фараби көшесі №21, А.Асқаров көшесі №32, Республика даңғылы №26, 36А мекен жайында орналасқан тұрғын үйлердің шатыры толығымен ауыстырылған. Мұндан бөлек Ғ.Ильяев көшесі №113/5, Әл-Фараби көшесі №21 тұрғын үйлерінің қасбеттері әрленіп, сырланып жатыр. Аталған тұрғын үйлердің кіреберісі, канализация және су құбырлары да жөнделеді. Жаңартылады.

Көппәтерлі тұрғын үйлердегі мұндай жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін жалғаспақ. 2022 жылы Шымкент қаласында 60 үй ағымдағы және күрделі жөндеуден өткен болатын. Модернизация бойынша күрделі жөндеу жұмыстары тұрғын үй иелерінің 70 пайыз келісімімен жергілікті атқарушы органдарына жазған  өтінішіне сәйкес қайтарымды қаржы негізінде жүргізіледі. Өз үйлерін көркейтуге құмбыл тұрғындар болса өтінішті «Тұрғын Үй Шымкент» ЖШС-іне беруі керек. Мекеме Республика даңғылы №12 «А» 3-қабатта орналасқан.

 Арық салынуда

Шымкентте көктем мен күзде болатын жауын-шашынды күндері жол бойында жүру қиындайды. Сел боп аққан су асфальтті қуалап кете баратыны бар. Осы бір олқылықты биыл болдырмау үшін сала мамандары ирригацияны жақсартуға күш салуда. Қазір Тұран ауданындағы 41 көшеге 24 шақырымды құрайтын ирригациялық арықтар жүргізу қолға алынған.

Қазірге дейін қалада Қазығұрт, Наурыз, 112 орам аумағындағы 9 көшеге жалпы ұзындығы 5,5 шақырымнан тұратын ирригация салынып, пайдалануға берілді. Қазығұрт елдімекені бойынша Жандарбеков, Төлебаев, Баянауыл, атауы жоқ көшелерде енді арық бар. 112 орамдағы Аманжолов, Нарадоволцов, Темірқазық көшелерінің де бойында арық-атыз пайда болды. Наурыз шағын ауданынан Жанкент көшесі, Түркістан шағын ауданынан Жанқожа батыр көшесіне де арық салынды. Енді жауынның суы жол бойымен емес ирригациялық жүйе ішінде ағады. Бұған қосымша тағы 25 көшеде қазір ирригация салу құрылыс жұмыстары қарқынды жалғасуда.

Сондай-ақ, 8 көшеге арық салу жобасы бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Аталған жұмыстарды биылғы жылдың қазан айында толығымен аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *