«Біз еліміздің инфрақұрылымдық
қуатын қалыптастыруымыз қажет. Сондықтан мен Ұлттық инфрақұрылым жоспарын
қабылдауды ұсынамын. Құжатта осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетілуге
тиіс. Сонымен бірге 2029 жылға дейін іске асырылатын негізгі жобалар қамтылуы
қажет». Осылай деген Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен барлық деңгейдегі қала, облыс әкімдеріне салаға
қатысты мәселені жан-жақты анықтауды тапсырып отыр.
Өткен аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Нұртас», «Асар-2» шағынаудандарының инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын тексерді. Бүгінде 18 мыңға жуық халқы бар «Нұртас» шағынауданында кәріз жүйесін тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 62,6 шақырымды алып жатқан кәріз жүйесінің құрылысы 2024 жылы толық аяқталады деп күтілуде. Құрылыс барысын қадағалаған қала басшысы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысына жергілікті әкімдікпен бірлесе абоненттеу жұмыстарын бастауды тапсырды.
Президенттің тапсырмасына сәйкес қоғамда инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет. Бұл орайда Мемлекет басшысы былай деді: «Биылғы қыстың қалай өткенін баршаңыз білесіздер. Қыстың көзі қырауда бірқатар аймақта қалалар мен елді мекендер жылусыз қалды. Әбден тозған энергетика инфрақұрылымы әрең жұмыс істеп тұр. Менің тапсырмаммен электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа үлгісі дайындалып жатыр. Сол арқылы осы салаға қосымша инвестиция тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ бұл құжат осы саланың барынша ашық болуын қамтамасыз етпек».
Айта кету керек, «Асар-2» шағынауданында инфрақұрылымға қатысты тұрғындардың айтар уәжі аз емес. Алайда, қала әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстардың кезең-кезеңімен атқарылып жатқанын, құрылыс жұмыстарының сапасы қала басшысының бақылауында екенін айтады. Бүгінде аталмыш шағынауданға 24 шақырымдық газ жүйелері тартылған. Шағынауданды табиғи газбен толық қамту сәуір айының соңына дейін аяқталады. Қазір абоненттеу жұмыстары басталды. Жоспарға сәйкес елдімекен алдағы жылы сапалы электр қуатымен, кәріз жүйесімен толық қамтылады. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыруға жергілікті билік бар күшін салуда.
Құрылыс жұмыстарын қадағалаған Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға инфрақұрылымдық жүйелерді жүргізуде тиісті талаптардың қатаң сақталуын бақылауды тапсырды. Сонымен қатар барлық жұмыстардың сапалы, уақтылы атқарылуын назарда ұстауды ескертті.