Әлеумет Шымкент

Баспана мәселесі басты назарда 


Кешегі аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде  ел тұрғындарының басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе болып отырғанын атап айтты. «Маған азаматтардан күн сайын жүздеген өтініш келеді. Оның ішінде қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді сұраған хаттар өте көп. Бұл түйткіл мемлекет тарапынан мүмкіндігінше шешіліп жатыр. Тағы да қайталап айтамын, мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді. Тұрғын үй саясаты нарықтағы ахуалға тығыз байланысты. Сондықтан біз осы саладағы саясатымызды қайта қарап, оның мейлінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз етуіміз керек», — деген Мемлекет басшысы Үкіметке бұл мәселеге жіті назар аударуды тапсырды.

Бұл орайда әсіресе, халқы қарқынды түрде көбейіп келе жатқан респуликалық маңыздағы Алматы, Астана, Шымкент сынды қалалар мен облыс орталықтарында баспана мәселесі басыбайлы шешімін тапқаны жөн. Ол үшін халықтың тұрғын үйге мұқтаж бөлігін анықтап, олардың қолжетімді баспанамен қамтылуына баса назар аудару керек. Шын мұқтаждарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесінде Шымкент қаласында тілге тиек етер жобалар аз емес. Жыл өткен сайын бұл бағытта көпқабатты тұрғын үйлер саны көбейіп, жаңа шағынаудандар бой көтеруде. Жақында130 тұрғын қайтарымсыз сертификат арқылы баспаналы болды. Оның ішінде көпбалалы отбасылар саны — 51, ерекше бала асыраушы отбасылар – 64, толық емес отбасылар саны — 11, бюджеттік ұйым қызметкерлері — 4. Қазіргі таңда тұрғын үй сертификатына өтінімдер қабылдау жалғасуда. Бұл жеңілдікке азаматтар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20 Шаңырақ» бағыттары шеңберінде тұрғын үй сатып алу барысында банк мақұлдауын алғаннан кейін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін өтінім жолдай алады.

Тұрғын үй сертификатының талаптарына сәйкес қайтарымсыз 1 млн. теңге әлеуметтік көмек ретінде өтініш берушінің және отбасы мүшелерінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен соңғы 6 ай ішінде орташа табысы 125 757 теңгеден аспаған жағдайда беріледі. Зейнетақы аударымдары, жеке табыс салығы және өзге де міндетті аударымдар есептелмейді. Азаматтар өтінішті www.kezekte.kz интернет ресурсы арқылы жолдаған.

Шымкентте баспанаға мұқтаж азаматтарды пәтермен қамтамасыз ету мәселесі жалғасын табатыны талассыз. Соның дәлелі болар, кешегі аптада қала әкімі Мұрат Әйтенов Бозарық шағынауданында болып, елдімекеннің даму жоспарына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді. Қаланың егжей-тегжейлі жобалау жоспарында шағынауданнан көпқабатты 183 тұрғын үйдің құрылысы қаралған. Олардың 65-і мемлекеттік бюджет есебінен салынады екен. Қазір шағынауданда 16 тұрғын үй бой көтерген, бұл нысандар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қалған 49 үйдің құрылысы келесі жылы басталады. Сонымен қатар шағынауданда алдағы уақытта мектеп, емхана салынады. Мұрат Дүйсенбекұлы «Бозарық-3» шағынауданында бой көтеріп келе жатқан спорт кешенінің ғимаратымен де танысты. Спорт мектебі ауыр атлетикадан олимпиадалық резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің теңгеріміндегі бос жерде салынуда. 100 оқушыға лайықталған ғимаратта ауыр атлетикаға арналған платформалар қарастырылған. Нысан келесі жылы мамыр айында қолданысқа берілмек.

Қала басшысы жауаптыларға шағынауданда салынып жатқан барлық құрылыс нысандарының сапасын қатаң бақылап, жұмыстардың өндірістік кестеге сай орындалуын қадағалауды тапсырды. Бұл ретте техникалық қадағалаушылардың жауапкершілігін арттырып, сапасыздықты алдын алу бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *