Паразитті аурулар – адамның неғұрлым көп дамыған дертінің бірі. Дүние жүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының деректері бойынша паразитті ауруларымен әлем халықтарының тең жартысы зақымдалған. Біздің республикамыздың өзінде энтеробиоз, гименолепидоз, аскаридоз, трихоцефалез, эхинококкоз, описторхоз, тенииодоз, трихинеллез және т.б. үнемі тіркеліп отырады.
Балаларда көбінесе домалақ құрттар: бөсірлер (аскаридалар), острица және түктібастар (власоглавы) кездеседі. Бөсірлер өскен кезде 15-40 см-ге дейін жетеді және жіңішке ішекте өмір сүреді. Острицалар кішірек келеді, 3-12 мм болады. Олар жіңішке және жуан ішектерде болады. Түктібастар да жіңішке және жуан ішектерде болады, ұзындығы 35 мм-ге дейін жетеді.
Гельминтоз – тамақ және байланыс арқылы жұғатын адам мен жануарлардың паразитті инвазиясы. Мектепке дейінгі жастағы балалардың ішекқұртты жұқтыру ықтималдылығы 100% -ға тең. Себебі бұл жаста олардың гигиеналық машықтары әлі толық дамымайды, олардың көбі қоршаған ортаны тануды ауыз арқылы жүзеге асырады. Сондай-ақ, нәресте мен сәбилердің инвазияға қарсы қорғаныш механизмдері әлсіз болады (асқазандарындағы ортаның қышқылдылығы аз, иммунитеттері әлсіз). 7 жастан асқан балалардың ішекқұрт жұқтыру ықтималдылығы мектепке дейінгі жастағылардан соншалықты аз емес.
Паразитолог мамандардың бағалаулары бойынша мектепке дейінгі жастағы 10 баланың 8-і ішекқұрт жұқтырады. Оның ішінде әр үшінші балада ғана аурудың анық белгілері болады. Бұл қалған балаларда ауру жасырын түрде болатынын көрсетеді, әрине осындай себеппен олар ішекқұртқа қарсы терапияны уақтылы қабылдамайды. Жұқтыру нәжістік жолмен және ауыз арқылы және жер, құм (саяжайда, құмды жерде), лас заттар (ойыншық, киім, аяқ киім, төсек жабдықтары, еден), азық-түлік арқылы (жеміс-жидектер), жәндіктер (шыбын, тарақан, құмырсқа), жануарлармен байланыс арқылы (ит, мысық; олар ішекқұрттарды даладан үйге табандары, жүндері арқылы әкеледі) жүзеге асады.
КЛИНИКАСЫ
Гельминтоздың клиникалық белгілері ересектерге қарағанда балаларда анығырақ көрінеді. Гельминттер өздерінің дамулары үшін қоректік заттарды пайдаланады. Олар адам ағзасына келіп түскен қоректік заттардың ішекте қорытылуына, бала ағзасындағы заттек алмасуына (метоболизм) кедергі жасап, зиян келтіреді, осылайша баланың денсаулық жағдайына әсер етеді. Көңіл күйі көтеріңкі әрі белсенді бала бірден енжар тартып, қыңырлық көрсетіп, жаңғалақ күйге түседі. Тез шаршайтын болады, тәбеті төмендеп, не керісінше артып кетеді, бас ауруы пайда болады. Сонай-ақ, балалардың ақыл-ой және физикалық тұрғыда дамуы да тежеледі. Ішекқұрттар ішекте тұрақтайтындықтан ішектің дұрыс жұмыс істеу тәртібі бұзылады, ішектің дәрумендерді сіңіруге шамасы келмей қалады. Іш ауырып, іш өтіп, іш қатып, жүрек айнып, құсып, дене қызуы көтеріліп, аллергендерге сезімталдық артып, дисбактериоз пайда болады. Паразиттер ағзаның қорғаушы күшіне теріс әсер етеді, сондықтан иммунитет төмендеп, жіті респираторлы және жұқпалы аурулар жиілеп, созылыңқырап, аурудың ағымы ауырлайды. Гельминтоз кезінде балалар аурудың алу мақсатындағы екпелерге бейадекваттылық реакция көрсетеді. Сондай-ақ, нематодоздарда, әсіресе энтеробиоз бен аскаридозда көтен (анус), бұтаралық және сыртқы жыныс органдарында қан кернеуі мен тітіркену пайда болады. Қыз балалардың сыртқы жыныс органдарында вульвовагинит сияқты жұқпа (инфекция) жиі пайда болады. Ішекқұрт инвазиялары әсіресе жаз-күз айларында пайда болатын болса, бірінші пайда болған аллергияға себеп болуы мүмкін. Гельминтоз кезіндегі аллергиялық реакциялар өте тез және аллергияға қарсы дәстүрлі терапияға қарсы тұрады (резистентті) деуге болады. Жалпы талдауда эозинофилия аллергияның да, паразитті аурулардың да белгісі ретінде көрінеді, бірақ ол гельминтоз кезінде жиі көріне бермейді (3-5% ғана). Кейбір жағдайларда ішекқұрттар LgE жалпы деңгейінің неғұрлым өсуіне әкеліп соқтырады.
ЗЕРТХАНАЛЫҚ ДИАГНОСТИКА
Балаларға ішекқұртты
анықтау үшін нәжіс талдауы және энтеробиозды анықтау үшін қырынды алу жиі
тағайындалады. Нәжісті зерттеу (копрологиялық зерттеу) неғұрлым жиі таралған
талдаулар түріне жатады. Себебі ішекқұрттардың көптеген түрі адам ішегін немесе
ағзасын, олармен байланысты түтіктерді мекендейді, сондықтан нәжіс арқылы
сыртқа шығады.
Олардың жұмыртқаларын анықтау үшін паразиттер көбейген сәтті дәл табу керек. Ол
үшін үш реттік талдауға нәжіс тапсыру керек. Паразитті құрттарды немесе
олардың бөлшектерін (гельминтоскопия), ал ең бастысы гельминт жұмыртқаларын
анықтау үшін (гельминтоовоскопия) зерттеу макроскопиялық немесе
микроскопиялық түрде жүргізіледі.
Нәжісті зертханаға таза шыны ыдысқа немесе сіріңке қорабына салып әкеледі. Әр
қорапта зерттелушінің аты-жөні, жасы және мекен-жайы жазылған қағаз болу керек.
Талдауға әкелінген нәжіс бір тәуліктіктен кеш болмауы керек. Осы тәртіптер
бұзылатын болса, диагноз қою қиындық тудырады немесе тіпті мүмкін болмайды,
себебі жұмыртқалар мен құрттардың сырт қалпы бұзылады. Зерттеудің нақтылығын
арттыру үшін күн сайын бірнеше рет немесе 1-3 күн өткізіп, қайталап талдауға
нәжіс тапсыру керек.
Жабысқақ таспа әдісін энтеробиозды анықтау үшін пайдаланады. Жабысқақ мөлдір
полиэтилен таспаның 4-5 см-лік бір үзігін жабысқақ жағымен көтен арқылы көтен
айналасына қатысты (перианустық) қыртыстарға жапсырады да бірден жұлып алып,
заттық шыныға жапсырады. Осылайша алынған заттарды микроскоппен қарайды.
Ілеспелі талдаулар да гельминтозды анықтай алады, мысалы, дисбактериоз (ішектің
дұрыс таяқшаларының езілуі) бен қанның жалпы талдауы (гемоглобиннің төмен
болуы, ЭШЖ (СОЭ) мен эозинофилдар санының артуы). Гельминттердің негізгі
түрлеріне иммуноглобилинді анықтау үшін қан тапсырған дұрыс.
АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛУ
Ішекқұрттарды жұқтырудың
алдын алып, азайту үшін қарапайым ғана тазалық ережелерін сақтау керек:
• дәретханаға барып келгеннен кейін, жануарлармен немесе жер,
топырақ-құмдармен байланыстан кейін қолды сабындап жуу керек;
• ойыншықтарды сабынды сумен жуу және еденді 10-14 күн
аралығында бір рет жуу құралдарымен өңдеп отыру керек;
• балаларға тек қана жуылған жеміс-жидек беру маңызды
(негізінен жуылған жеміс-жидектің үстінен қайнаған ыстық су құйған дұрыс);
бүлдірген, құлпынай, таңқурайлардың үстінен алдын ала таза су құйып қойып,
кейін төгіп тастау керек те ағынды суға шаю керек. Ешқашан қайнатылмаған
кептірілген тәттілерді бермеңіз. Кептірілген банан, құрма, өріктерді де
жуылмаған күйінде беруге болмайды.
А. Базарбай, Шымкент қаласы Еңбекші ауданы
санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының эпидемиологиялық
бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы