Қоғам Шымкент

БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ОРТАЛЫҚТАР 

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өскелең ұрпақты қолжетімді және сапалы біліммен қамтамасыз ету мәселесін Үкімет әрдайым басты назарда ұстау керектігін тапсыруда. Бұл орайда Президенттің 2022 жылғы қарашада бекітілген «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында да білім саласына басымдық берген.

Іс-қимыл жоспарында Мемлекет басшысы балаларға арналған 50 сауықтыру лагерін ашу, балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін кемінде 100 жаңа ірі объекті салу жөнінде жергілікті басқару органдарына тапсырма берген-ді. Оның ішінде оқушылар сарайы, жас техниктер станциясы, балалар технопаркі, музыка және көркемсурет мектептері сынды нысандарды салу мәселесі көтерілген. Президенттің осынау тапсырмасына қатысты Шымкентте бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі оқушылар сарайы мен шығармашылық орталықтың құрылысы биыл толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

2025 жылы тағы бір оқушылар сарайының құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Қазір Шымкентте 2 оқушылар сарайының құрылысы қарқын алған. «Нұрсәт» шағын ауданынан бой көтеріп жатқан, жалпы құны 8,3 млрд. теңгені құрайтын оқушылар сарайының құрылысы сәтін салса, осы жылдың алғашқы жартысында аяқталып, пайдалануға берілмек. Сонымен бірге, «Тұран» шағын ауданындағы оқушылар сарайының да құрылысы жандана түскен. Бұл нысан пайдалануға келесі жылы беріледі деп күтілуде. Нысанның жалпы құны 9,4 млрд. теңгені құрайды. Биыл бұл объектінің  құрылысына жергілікті бюджеттен 936,6 млн. теңге қарастырылып отыр.

Бұдан бөлек, Шымкентте жалпы құны 1,2 млрд. теңгені құрайтын №4 балалар шығармашылық орталығының құрылысы да жүріп жатқаны белгілі. Сондай-ақ, бүгінгі таңда мегаполисте 2 лагерь құрылысына бос жер анықталып, республикалық бюджеттен қаражат қаралған. Құрылыс жүргізуге қатысты құжаттары дайындалып жатыр. Тиісті талаптардан өткен соң бұл нысандардың да құрылысы қарқын алатыны сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *