Лагерь мен бассейн қандай болуы керек? Демалу орындары мен жазғы шомылу бассейндеріне қойылатын қандай талаптар бар?
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі жазғы кезеңде қала аумағында орналасқан, оның ішінде шомылуға және демалуға арналған орындардағы жүзу бассейндері мен ашық су қоймалары суының сапасына және орталықтанған су құбырынан алынатын жүзу бассейндерінен зертханалық зерттеулерге сынама алумен мониторинг жүргізеді.
Дегенмен, демалу орындарының әкімшілігі тарапынан өндірістік зертханалық бақылауды қамтамасыз ету бойынша қажетті жұмыстар жүргізілуі тиістігін ескертеміз. Өндірістік зертханалық бақылау тәртібі бойынша жүргізілген талдау нәтижелері қанағаттанарлықсыз болған жағдайда, ақпарат 24 сағат ішінде міндетті түрде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне жіберіледі. Бұл жағдайда бассейн жабылады, бассейннің қалыбы шайылып, дезинфекцияланады, күрделі жинау, қажет болған жағдайда қосымша микробиологиялық және паразитологиялық зерттеулер жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 26 шілдедегі № ҚР ДСМ-67 бұйрығымен бекітілген «Коммуналдық мақсаттағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары туралы бұйрығы негізінде қадағаланады, осы қойылған талаптарға сәйкес, маусымдық бассейндерді су құбырынан келетін су болмаған жағдайда, жер үсті немесе жер асты көздерінен келетін сумен толтыруға болатыны көрсетілген.
Бассейндерде ерлер мен әйелдерге арналған шешіну-киіну орындары, себезгі бөлмелері, санитариялық тораптар, ваннасы бар зал, персоналға арналған тұрмыстық үй-жайлар, спорт мүкәммалын сақтауға арналған қоймалар, жинау мүкәммалын, жуу және дезинфекциялау құралдарын сақтауға арналған қоймалар, әкімшілік үй-жайлар, медициналық персоналға арналған кабинет болуы тиіс.
Бассейннің жүретін жолдары, бассейннің түбі су өтпейтін материалдардан және ылғалға, тазалауға қолданылатын химиялық реагенттер мен дезинфекциялау құралдарының әсеріне төзімді болуы қажет.
Бассейндерде рециркуляциялық немесе су ауыстырудың ағынды жүйесі қолданылады немесе бір мезетте бассейнді дезинфекциялай отырып, судың қажеттілігіне қарай және өндірістік бақылау көрсеткіштері бойынша судың толық ауыстырылуы қамтамасыз етіледі.
Спорттық-сауықтыру бассейндерінде суды алмастырудың рециркуляциялық жүйесі қолданылады.
Шомылудан кейін жағымсыз салдардың алдын алу үшін қарапайым жеке гигиена ережелерін сақтау керек, яғни бассейнге түскенге дейін және кейін душ қабылдау керек.
Маусымдық шомылу кезеңі басталуына байланысты, қаладағы саябақтардың ішіндегі субұрқақтарға балалар шомылуда. Бұл субұрқақтарда судың рециркуляцияланбауынан, судың ауыстырылмауынан, дезинфекцияланбауынан әртүрлі инфекциялық аурулардың (тырысқақ, менингит, паразиттік аурулардың) таралуы мүмкіндігі бар екенін ескертеді.
Сонымен қатар, әртүрлі жарақат алу қаупі бар.
Сондай-ақ, су айдындарында шомылуға тыйым салатын арнайы ақпараттық белгілерге мұқият назар аудару керек!
Шомылу және демалу үшін арнайы шомылу орындарын таңдаңыз, өйткені олардағы су мониторинг арқылы бақыланып отырады. Бұл, әртүрлі ауруларды (тырысқақ, менингит, паразиттік аурулар, т.б.) жұқтырудың алдын алады және денсаулығыңыз туралы алаңдамай демалуға кепілдік береді.
Ә. Төлебаев,
Шымкент қ. СЭБД басшысы.