Мәселе

Созақта мектептер тозып барады

Немесе Жалтақтық жарға жығады…

Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам БОЛАТХАНҰЛЫНЫҢ назарына!

Басқарманың аты әлі ресми түрде ауыспағандықтан бұрынғы қалпында жазуды жөн санадым. Сонымен…

«AMANAT» партиясының Созақ аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау кеңесінің мүшелері аудандағы білім ұяларының жазғы демалыстағы ағымдағы жөндеу жұмыстарын көріп, мектептердің материалдық техникалық ахуалымен танысып шықты. Арнайы құрылған жұмысшы топтар аудан көлеміндегі барлық мектептерде болып келді. Жағдай мәз емес. Көптеген мектептерде ағымдағы жөндеу жұмыстары, яғни әктеп, сырлап, жуып тазалау жұмыстары күні бүгінге дейін әлі басталмаған да. Себебі, мектепке қажетті әк, водоэмульция, сырлар т. б. осы күнге дейін жеткізілмеген. Сынық сылтау селт еткізбестен селдей есіліп тұр ( ұсыныс берілген, конкурс жарияланды, болып қалады әйтеуір тағы басқасы….). Мейлі. Әк те, сыр да беріледі. Десек те, қандай мөлшерде? Мектепке толықтай жете ме? Мәселе осында болып тұр. Жетпейтіні белгілі. Әні міне дегенше жаңа оқу жылы да кеп қалары анық. Бірқатар мектептерде мұғалімдер өз кабинеттерін өз қаражаттарына әктеп, сырлап,  тазалатып қойған. Әрине түсінікті. Өздері жыл бойы сол кабинетте жұмыс істейтін болғандықтан сапасы мен мөлшері күмәнді әк пен сырды күтпей ақ, өз әрекеттерін жасаған.

 Алайда, бұл дұрыс емес қой. Тіпті заңға да қайшы. Десек те қалыптасқан, жыл сайын оңалмайтын жағдай осы. Бірқатар мектептердің жылыту қазандықтары ауысуы қажет. Бірақ, қаржының жоқтығынан бұл мәселе тоқтап тұр. Тіпті конкурс жарияланбаған. Бұл әжеутеуір алаңдататын жағдай. Теріскейдің ауа райы белгілі. Қара күзде бетқаратпайтын, сүйектен өтетін суық күндер бірден сап ете қалады.

Менің айтпағым, ауданымыздағы мектептер типтік үлгіде, заманауй талапқа сай салынған. Аудан басшыларының ұсыныс, тілектерімен демеушілер тарапынан да көптеген материалдық техникалық жабдықтар, заманауй кабинеттер берілген. Алайда, мемлекеттің тиесілі қаржысы қайда кетіп жатыр. Ауданның білім саласының бюджеті облысқа қарағалы білім ұяларының жағдайы күрт төмендеді. Сын көтермейді. Тәп-тәуір ғимараттар тозып тұр. Онысы анық тайға таңба басқандай көрініп тұр. Ағымдағы жөндеу былай тұрсын, көптеген мектептер күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Барлық мәселе қаржыға келіп тіреледі. Облыстан ауданға білім ұяларын ұстап тұруға, талапқа сай материалдық техникалық қажеттіліктерді уақытылы жаңартып тұрмаған соң мектептер тозбағанда не болады?!

Бұл мәселені осымен үшінші жыл көтеріп отырмын. Облыстық білім басқармасының басшысына тікелей сауал жолдап, арнайы материал да бердім. Тіпті осы мектептердің қаржысын облыстан аудандардың өзіне қайтарып беру жөнінде білім министріне дейін, облыс басшыларына арнайы ұсыныс та тастадым. Алайда, бас аяғы жоқ құрғақ, мардымсыз жауапты облыстық білім басқармасының орынбасарынан алдым. Жауапқа қанағаттанбадым. Тек ұсыныспен шектеліп, облыстағы басшысының ығынан шыға алмайтын, сегіз жылдан бері жоғарыдағылардың нұсқауымен отырған аудандық білім бөлімінің басшысынан не сұрайсың….

  Біздің Созақ ауданы мемлекеттен бір тиын дотация алмайтын, өзін өзі қаржыландыра алатын аудан. Аудандағы барлық мектептердің типтік үлгіде болуы, материалдық техникалық базасының талапқа сай болуы да ауданның өз үлесі. Аудан басшыларының іскерлігімен, талап, ұсыныстарымен демеуші тартса да, әрекетпен мектептеріміз түрлі тығырықтардан шығып жүр. Тіпті облысқа ауданның бюджетінен жылсайын 12—13 млр қаржы ортақ, облыстық қазынаға түсіп тұрады. Өзіміздің ауданға тиесілі қаржыны өз мектептерімізге, балабақшаларымызға реттеп бөліп бере алмағаны облыстық білім басқармасының сын көтермейтін немқұрайлылығы деп білемін. Қит етсе «демеуші тауып, өз күніңді өзің көр» дейтін жалаң нұсқауды доғару керек.

Нақтысы орталықтандырылған қаржы деген дұрыс әдіс, тәсіл емес. Аудандардың қаржысын өздеріне беру керек. Дұрыс игере алмаса тиісті жауапқа тарту керек. Үлкен тірліктер былай тұрсын, майда шүйде қажеттіліктің өзі шаш етектен. Тағы бір айтарым аудандық білім бөлімінің басшысы нақты қажеттіліктерді облыс басшылығының алдында дұрыстап, сауатты түрде жеткізіп, әр ұсынысын қорғай алса аудан мектептері бейшара халге түспес па еді…Жалтақтық жарға жығады.

Құрметті, Дінислам мырза! Ауданымызға тиесілі қаржыны заңды бөлдіріп,  мектептерімізден қажеттіліктерге сәйкес түскен ұсыныстарды назарға алып дұрыс шешім қабылдауыңызды сұраймын.

Нұржамал МАЙУСОВА, журналист

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *