«Судың да сұрауы бар» деген халық даналығын жадымызда ұстану қажет болып тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғанын айта келе, халыққа арнаған Жолдауында ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналған түйткілді мәселеде су көздерін қорғау, оны пайдалануда бей-берекетсіздікке жол бермеуді тапсырған болатын.
Мемлекет басшысы «Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған» деді. Осынау олқылықтың орнын толтыру, келеңсіздікке жол бермеу бағытында қазір Шымкент қаласында бірнеше су арналарын жөндеу, жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы бас болып, қала аумағындағы Көксу, Чумчак, Төменгі сай су арналарын күрделі жөндеуден өткізіп жатыр. Кешегі аптада қала әкімі Мұрат Әйтенов аталған каналдарда болып, жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Бастапқы жоба бойынша 13, 5 шақырымды құрайтын Көксу арнасының ішіне 210 метрлік бетондалған трапеция пішінді, 3,3 шақырым Г тәрізді блок, 10 лоток орнатылуда. Сондай-ақ су жіберу нысандары, көлік, жаяу жүргінші өткелдерін жөндеу де қарастырылып отыр. Қазіргі күнге дейін бетондалған трапеция толығымен және Г тәрізді блоктың 2,5 шақырымы орнатылған. Қалған жұмыстар кестеге сәйкес ырғақты жүруде.
Күрделі жөндеуден өтіп жатқан тағы бір су арнасы – Чумчак каналы. Оның жалпы ұзындығы 5,3 шықырымды құрайды. Жоба бойынша су шығару нысандары ғана емес көлік және жаяу жүргіншілер өткелдерін де жөндеу жоспарланған. Дәл осы күндері мұнда жер қазу, көлік өткелі, бетондау, су шығару нысанын орнату жұмыстары толығымен аяқталғаны баяндалды. Канал арнасы суға толып, тұрғындарға қажетті су мөлшері жіберілуде екен. Десе де аталған су арнасының құрылыс жұмыстарынің әзірге 95 пайызы аяқталды.
Ал, Төменгі сай су арнасында күрделі жөндеу жұмыстары әлі де жалғасады. Жобада арнаның жалпы ұзындығы 8,2 шақырым деп көрсетілген. Оның ішінде 504 метрлік блок, 10 лотогын ауыстыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, су жіберу және тоспалаушы нысандарды жөндеу де қарастырылып отыр. Әзірге лотоктар мен блок орнатылған. Таспалаушы нысан жөнделіп бітті.
Су арналарындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысқан қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы мамандарға құрылыстың сапасына мән беруді ескертті. Барлық жұмыс өндірістік кестеге сай жүргізіліп, жоспарланған мерзімінде пайдалануға берілуі қажеттігін де атап өтті.