Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау аласындағы мемлекеттік қызмет көрсетулер
Соңғы жылдары мемлекеттік қызмет көрсету саласына үлкен өзгерістер енгізілді. Халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік маңызы бар нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Осы әлеуметтік маңызы бар нормативтік құқықтық актілер негізінде қазіргі таңда Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және оның аудандық басқармаларымен төмендегі мемлекеттік қызметтер көрсетіледі:
— эпидемиялық мәні жоғары объектінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беру (қызмет көрсету мерзімі – 13 жұмыс күні);
— қоршаған ортаға зиянды заттар мен физикалық факторлардың жол берілетін шекті шығарындылары мен жол берілетін шекті төгінділері, санитариялық қорғау аймақтары мен санитариялық-қорғаныш аймақтары бойынша нормативтік құжаттама жобаларына, шикізат пен өнімнің жаңа түрлерінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беру (қызмет көрсету мерзімі – 10 жұмыс күні);
— халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылауға және қадағалауға жататын тамақ өнімдерін өндіру объектілеріне есептік нөмірлер беру және олардың тізілімін жүргізу (қызмет көрсету мерзімі – 5 жұмыс күні);
— патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсатты және оған қосымшаны беру (қызмет көрсету мерзімі – 13 жұмыс күні);
— халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы маман сертификатын беру (қызмет көрсету мерзімі – 10 жұмыс күні).
Сонымен қатар, 1 мемлекеттік қызмет НҚА күшіне енгеннен кейін көрсетілетін болады:
— денсаулық сақтау саласында дезинфекция, дезинсекция, дератизация бойынша қызметтер көрсетуге лицензия беру («Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық Кодексі) өзгерістер мен толықтырулар қолданысқа енгізілген күннен кейін алты ай өткен соң күшіне енеді).
Барлық мемлекеттік қызметтер «электронды үкімет» (www.egov.kz, www.elicense.kz) веб-порталы арқылы көрсетіледі.
Қызметке тапсырыс беру үшін алдын ала ЭЦҚ болуы қажет және қажетті құжаттар топтамасымен танысу қажет.
Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға мыналар негіз болады:
— көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігін анықтауы;
— ұсынылған объектінің санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласындағы нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі.
Мемлекеттік қызметтерді көрсетілетін қызметті беруші жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерінен басқа, дүйсенбіден бастап жұманы қоса алғанда, сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен, сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін, ал порталда тәулік бойы (жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда) тегін көрсетеді. Көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес өтініштерді қабылдау және қызмет көрсету нәтижелерін беру келесі жұмыс күнінен жүзеге асырылады.
Бүгінгі күнде мемлекеттік қызметтерді алу барысы барынша ашық және қолжетімді.
Ә. Төлебаев, Шымкент қаласының СЭБД басшысы.