Қоғам Шымкент

Тұрмыс түзелсе, тұрғындар тыныш


Халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, жайлы мекен орнату — жергілікті әкімдерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы. Әсіресе, ескірген инфрақұрылымдарды жаңарту, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықтағы жұмыстарды жүйелеу, ақпараттық технологиялар заманына лайықты ету басты бақылаудағы міндеттер.

Суы, жолы, жарығы жоқ елді мекендер болмауы керек. Тұрғындардың тұрмыстық түйткілдері дер кезінде ескерілуіне мән берілуде. Шымкентте бұл орайда әсіресе, қала орталығынан шалғай елді мекендердің инфрақұрылымын салу ісіне күш салынуда. Мысалы, Қаратау ауданына қарасты «Асар -2» тұрғын алабының тұрғындары енді табиғи газдан таршылық көрмейді. Мердігер мекеме арқылы ұзындығы 24 шақырымды газ құбыры тартылып, нәтижесінде 1 046 абонент табиғи газ желісіне қосылуға мүмкіндік алды. Өткен аптада тұрғын үйлерге газ берілді. Енді тұрғындар «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамымен техникалық шарт жасасуы керек. Соның негізінде тұтынушы тұлға анықталып, үйлеріне газ қосылады.

Шымкенттіктерді бұған дейін жиі мазалайтын қоқыс мәселесі де шешімін тауып келеді. Қазір қаладағы шағын аудандардың барлығына дерлік жаңа қоқыс контейнерлері қойылған. Тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған жәшіктер заманауи үлгіге сай. Мысалы, көпқабатты үйлері көп, сәйкесінше халқы тығыз орналасқан Әл-Фараби ауданында күнделікті шығатын тұрмыстық қалдықтың көлемі үлкен. Содан да болар аталған ауданда қоқыс тазалау, қоқыс жәшіктерін орнату ісіне көп мән беріледі. Қазір аудан аумағы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған 214 контейнер алаңшасы мен 1037 қоқыс контейнер бар. Аудан аумағындағы тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын қоқыс алаңшасындағы, басты және ішкі орам көшелердегі қоқыстарды тасымалдаумен айналысатын 2 мекеме — «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС және «Арнаулыавтокөлік» ЖШС жұмыс істейді. Қазір «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС қоқыс алаңшаларында санитарлық талаптарды сақтау мақсатында арнайы химиямен жуу, хлорлау, дезинфекция жұмыстарын жүргізуде.

Абай ауданының тұрғындарын көбіне жол мәселесі толғандыратын. Әсіресе, «Самал-3» шағын ауданына қарасты көшелердің шаңы шығып жатушы еді. Бұл ауданда 27 мыңнан аса адам тұрады. Шағын аудан аумағында 6 801 жеке секторлы үй, 2 мектеп, 3 балабақша және 3 спорт алаңшасы бар. Біртіндеп жолы жөнделіп келе жатқан «Самал-3» шағын ауданындағы 63 көшенің қазір 30-ы асфальтталған. 30-ына шағал тас төселген болса, үшеуі топырақ жол. Мамандар «2025 жылға қарай шағын аудандағы асфальт төселген көшелер санын 100 пайызға жеткіземіз» дейді. Себебі, былтыр Б.Момышұлы көшесінің жалғасы 1,2,3,4, Құрманғазы, Қайсенов, Өскенбай, Ерубаев, Аманжолов, Баршын көшелері жөндеу көрген болса, биыл 15 көше жөнделеді екен. Сала мамандары 2024 жылы 8, 2025 жылы 10 көше ретке келтіретіндерін айтты. Сонымен қатар, биыл Яссауи көшесі жарықтандырылады екен. Ал, 2024 жылы Сыздықов, Б.Момышұлы, 2025 жылы Б.Әлменов, Б.Саттарханов, Ж.Серікбаев, Ә.Тәжібаев көшесі жарықтандырылмақ. Жалпы, «Самал-3» шағын ауданы 100 пайыз ауыз су, электр жарығы, табиғи газ, талшықты интернетпен қамтылған.

Осындай игі істер Ақниет шағын ауданында да жүргізіледі. Мұнда қазір 3 140 адам тұрады. Шағын ауданның аумағында 721 жеке секторлы үй, 3 балабақша, 1 спорт алаңшасы бар. Сондай-ақ, 1 талшықты интернет орнатылған. Аталған аймақ толығымен ауыз су, электр желісі және табиғи газбен қамтылған. Ақниет шағын ауданындағы 21 көшенің қазір 16-сы асфальтталған болса, 5 көшеге шағал тас төселген. Аталған шағын аудан көшелерін 2024 жылға дейін толық жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Мәселен, келесі жылы Ақеділ, Наркескен, Ақкөгершін, Сарқырама көшелері және атауы жоқ 1 көше асфальтталады деп жоспарланған. Ал 21 көшенің қазір екеуі ғана жарықтандырылғандықтан, 2024 жылы Сырғалы және Мейірімді, ал 2025 жылы Рауғаш, Асқартау, Сардар, Шағала, Ақбиік көшелеріне жарық жүргізіледі деп күтілуде.

Абай ауданына әлеуметтік маңызы бар нысандар да қажет. Онда әзірге 18 емдеу мекемесі жұмыс істейді. Олардың 11-і жеке меншік, қалғаны мемлекеттік нысандар. Бұл тұрғындар үшін әлі де аздық етуде. 2023-2024 жылдары жеке инвесторлар Ынтымақ шағынауданының №14 емдеу орталығы филиалын салып бермекші. Сондай-ақ, Қайнарбұлақ саяжайы мен Қайнарбұлақ тұрғын алабына емхана салып беруге келісім жасалған.  

Емханадан бөлек мұнда алдағы уақытта мәдени 3 нысанның құрылысы басталмақ. Қазір  ауданға қарасты 6 мәдени нысан бар. Ал жаңадан салынатын мәдениет үйлері Көкбұлақ, Қайнарбұлақ тұрғын алабтарында бой көтеретін болады. Мектеп тапшылығын жою мақсатында Абай ауданы аумағында 2023-2025 жылдары аралығында «Жайлы мектеп Ұлттық жобасы» аясында 7 мектеп салу жоспарлануда. Олардың 6-уы 2023-2024 жылдары Нұршуақта (Достық пен Ынтымақ аумағына жақын), Жаңатұрлан, Бозарық шағын ауданындарынан салынады екен. 2024-2025 жылдары жоспарға сай Асар-2, Шымкент Сити, Достық шағынаудандарында 4 мектеп бой көтеретін болады.

Тұрандықтар үшін тұрлаулы мәселелердің бірі балалардың ойын алаңшалары еді. Қазіргі уақытта аудандағы Жарқынбеков №17, Бәйдібек би №246, Мангельдин 40, Отырар №52 көп қабатты тұрғын үй аулаларында және Құрсай елді мекеніндегі Құлантөбе, Ұзынағаш көшелерінде, Ақтас және Арғымақ елді мекендерінде құрылыс жұмысы қарқын алды. Бекітілген жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстары шілде айының соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілетін болады. Қазіргі уақытта аудан бойынша 366 ойын алаңшасы бар. 2023 жылдың қорытындысымен, Тұран ауданында барлығы 10 балалар ойын алаңшасының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *