Шымкентте
биылғы көктем айларындағы жауын-шашыннан тұрғындарға қауіп төндірген, су
жиналатын аймақ ретінде санаққа алынған 58 орын бар.
Мамандар күзгі жауын-шашында тағы да зардап шекпес үшін ала жаздай сол орындарды
жөндеу, қауіпті сейілту жұмыстарын жүргізді. Қазір 24 орынға ирригациялық
арықтар орнатылуда. Сонымен қатар, қала аумағынан
ағып өтетін жалпы ұзындығы 339 шақырымды құрайтын 2 өзен мен 34 каналдың
жай-күйіне зерделеу жүргізіліп, арналар қоқыстан тазартылуда.
Кешегі аптада ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында дәл осы су орындарының тұрғындарға қауіп төндірмеуі жолында атқарылған, атқарылатын жұмыстар сарапқа салынды. Алдағы уақытта су тасқыны болуы мүмкін деген елді мекендерді селден қорғау бойынша не шаралар атқарылғаны ортаға салынды.
Үкімет басшысы биылғы көктем оңай болмағанын, сондықтан су басу қаупінің алдын алу үшін екі апта ішінде халықты су тасқынынан қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын дайындауды және тасқынға дайындық барысын бақылау қажеттігін айтты.
Шымкентте мамандар алдағы уақытта су басу қаупі бар қалған көшелер мен аумақтар да арнайы техникалармен жабдықталып, тұрғындардың қолайлы жүріп-тұруына жағдай жасауын жалғастыратын болады. Мәселен, «Ақжар» су қоймасының күрделі жөндеу жұмыстарына биыл жобалық сметалық құжат әзірленіп, 2024 жылы құрылыс жұмыстары атқарылады деп күтілуде. «2021-2023 жылдардағы су тасқынына қарсы іс-шаралар» жол картасы бойынша қала аумағындағы су шаю қаупі бар 6 елді мекен: Жыланбұзған, Маятас, Тоғыс, Қызылжар, Игілік, Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабынан ағып өтетін «Бадам» өзенінің арнасын бекіту және нығайту мақсатында жұмыстар жүргізілуде.
Шымкенттік мамандар су көздерін тиімді пайдалану мәселесін де ұмыт қалдырған емес. Бұл орайда қаладағы су арналарының 8-іне биыл күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Оның үшеуі бойынша құрылыс жұмыстары аяқталып, бесеуі әлі жөнделіп жатыр. Соның бірі — «Сасық-1» су арнасының күрделі жөндеу жұмыстары бойынша қала әкімі Мұрат Әйтенов құрылыстың барысымен өзі танысып қайтты. Құрылысқа жауапты басқарма мен мердігер мекеме қызметкерлерімен кездесті.
Аталған су арнасының күрделі жөндеу жұмыстары талқыланып, алдағы жоспарларға шолу жасалды. Каналдың жалпы ұзындығы 14,1 шақырымды құрайды. Су арнасының жұмыстарына жауапты мердігер мекемеден 17 техника және елуге жуық жұмысшы тартылды. Қазіргі таңда бетон блоктары орнатылып, демонтаж жұмыстары толығымен аяқталған. Арнайы өлшем жүргізіліп, жерді құрылыс жұмыстарына дайындап, бетондалған арық жүйесі орнатылуда. Жалпы жұмыстың қазіргі таңда 40 пайызы аяқталуға жақын. Жоспар бойынша биылғы жылдың қазан айында құрылысы толық аяқталып, пайдалануға беру белгіленген. Қала әкімі мердігер мекеме басшылығына су арнасын пайдаланатын шаруалармен де кездесіп, құрылыс жұмыстарын тұрғындарға тиімді етіп ұсынуды тапсырды.