Қоғам Шымкент

Тұрғындарды көшіру басталды


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында атап айтылғандай, еліміз бойынша 2029 жылға дейін тозығы жеткен 1500 тұрғын үйді бұзып, орнына көп пәтерлі жаңа тұрғын үйлер салу бағытындағы тапсырмасын орындау Шымкентте де бастау алды. Ескі үй иелеріне жаңа үйден пәтер міндетті түрде беріледі. Мегаполистегі тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы осы тапсырма негізінде өз жұмысын қарқынды түрде бастап та жіберді.

Айта кетейік, реновация дегеніміз – тозығы жеткен тұрғын үйлерді сүріп, орнына жаңа тұрғын үй салу бағдарламасы. Шымкент қаласында көп пәтерлі 2 мыңнан астам тұрғын үй бар. Соның 70 пайызынан астамы Кеңес заманында салынып, бүгінгі сәулеттік-құрлыс нормаларына кескін-келбеті сай келмейді. Тозығы жеткен үйлер де жетерлік. Қала бойынша қазір реновацияға 107 тұрғын үй ұсынылып, оның 13-і Абай ауданында, 44-і Әл-Фараби ауданында, 7-і Еңбекші ауданында және 43-і Тұран ауданында орналасқаны анықталып отыр.

Тұрғын үйді бұзбас бұрын ең әуелі тұрғындардың келісімі міндетті түрде алынуда. Келісім толық алынған жағдайда ғана тұрғын үй сүріледі. Орнына жаңасы салынады. Сала мамандары қазір тұрғындарға бұл бағдарламаның тиімділігін түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізуде. Мысалы, Еңбекші ауданындағы Безделев көшесі 72А мекенжайда орналасқан 8 пәтерлі екі қабатты ескі тұрғын үйдің орнына 7 қабатты заманауи үлгідегі 36 пәтерлі тұрғын үй салу жоспарлануда. Ескі үйдің сүрілуіне байланысты  кешегі апта аяғында 50-ге жуық тұрғынды көшу жұмыстары жүрді. Бұл жоба Шымкент ӘКК-нің қолдауымен жүргізіліп, толығымен инвестор тарапынан қаржыландырылады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *